Жастар

Ассамблея жастары лагерьге жол тартты

Ассамблея жастары лагерьге жол тартты

Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс орталығына өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері үш күндік облыстық «Бірлік» жастар лагеріне жол тартты.

Іс-шараны аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл бойы еселі еңбегі мен тартымды талантымен танылған жастарына арнап «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды. Жастар форумының ашылу салтанаты аталмыш бірлестіктің мүшелері мен жетекшісінің қатысуымен және жастар шығармашылық ұжымының өнер көрсетуімен жоғары деңгейде өтті. Жастардың уақытты тиімді әрі көңілді өткізуі үшін ұйымдастырушылар арнайы жоспар құрды. Жоспар бойынша лагерьдің бірінші күнінде бірлестіктің жастары үш топқа бөлініп, топтық ойындарға белсене қатысты. Күннің екінші жартысында жастарға бүгінгі күнгі жас буын өкілдері арасындағы және қоғамдағы басты мәселелер мен тақырыптарға байланысты әлеуметтік ролик көрсетілді. Көрермен назарына ұсынылған роликтер талқыға түсіп, бірлестік мүшелері өзара талқылады. Алдағы күндерге де қойылған жоспар бойынша қызықты іс-шаралар жалғасын табатын болады. «Бірлік» облыстық жастар лагерінің екінші күні де сәтті өтті. Бұл күн таңғы сергітерлік жаттығудан басталды. Таңғы астан соң жастар қауымы «Тіл – бірлік құралы» атты коучингке қатысты. Алдымен үш топқа бөлініп берілген тақырыпқа сай шағын көрініс көрсетті. Күннің екінші жартысында топтар арасында «Этноквест» ойындары өтті. Сонымен бірге лагерь қатысушылары түрлі спорттық ойындар мен жүзу жарысына да белсене атсалысты. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі