Саясат

МАҢЫЗЫ ЗОР ТАРИХИ НАУҚАН

МАҢЫЗЫ ЗОР ТАРИХИ НАУҚАН

Елімізде болып жатқан саяси өзгерістер Ата Заңның кейбір баптарын қайта қарап, толықтырулар мен өзгертулер енгізудің қажеттігін көрсетуде. Мемлекет үшін аса маңызды құжатқа енетін өзгеріс бұрынғыдай тек Парламент қабырғасында қаралмай, бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы қабылданатыны еліміздің демократиялық жүйеге қадам басқанының, билік пен халық арасында диалог орнай бастағандығының айғағы. Мұндай қадам еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Ал біздің облыста бүкілхалықтық референдум өткізуге дайындық қандай?

Бұл мәселе облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған саяси маңызы зор іс-шарада пысықталды. Онда 5 маусым күні өтетін республикалық референдумның жүргізілу барысы, оны облыс аумағында жүйелі ұйымдастыру мен өткізу шаралары түбегейлі екшелді. Аудан әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысқан жиында ең әуелі сөз алған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов баяндама жасап, референдум өткізудің әр кезеңін егжей-тегжейлі түсіндірді. – Облыс бойынша 492 референдум учаскесі құрылған, оның 361-і мектептерде орналасқан. Сондықтан мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары референдум өткізілетін айда уақытша тоқтатыла тұруы керек. ҚР «Республикалық референдум туралы» Заңның 8-бабының 1-тармақшасына сәйкес, референдум әзірлеу мен өткізуге қажетті шығын тек қана республикалық бюджет есебінен жұмсалады. Жалпы, заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік және жергілікті органдар референдум учаскелерін телефон, интернет байланыстарымен электр энергиясының қосымша көздерімен, сумен, компютерлік техникамен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігіне жол бермей, санитарлық нормаларды сақталуын қадағалап, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және олардың дауыс беруге арналған үй-жайға кедергісіз кіруіне, дауыс беруіне жағдай жасауы тиіс. Референдум өтетін мекенжайларда пандустар, тактильді жолақтар орнатылуы тиіс. Сол сияқты қала, аудан орталықтарындағы call-орталықтардың жұмысын ұйымдастыру қажет, – деді аумақтық комиссия төрағасы. Отырыста конституциялық түзетулер жобасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандыру, насихаттау, сайлау науқанында санитарлық талаптарды қадағалау, азаматтарды толық қамту сынды мәселелер де кеңінен талқыланды. Елімізде үшінші мәрте өткізілетін референдумның маңызы зор. Ата Заңымызға бүгінгі қоғамның талабына сай өзгерістер енгізілген. Сондықтан референдум хақындағы, Конституциядағы өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жетілдіру халықтың біліктілігін арттырып, сенімді қадам жасауына септігін тигізері сөзсіз.