Әлеумет

БАЛА БАҚЫТЫ БӘРІНЕН БИІК

БАЛА БАҚЫТЫ БӘРІНЕН БИІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түбі бір түркі жұртының түпқазығы, рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе екендігіне тоқталып, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса назар аудару керектігін атап өтті.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес облысымызда түрлі бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жуырда «Жамбыл облысы бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі» Ассоциациясының басшысы Айнұр Зәуірбекованың ұйымдастыруымен, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Рауан» балалар-сауықтыру лагерінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік акция өтті. Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр балалардың дамуына қолдау көрсетуді, эстетикалық талғамдарын дамыту, жаңа есімдер мен таланттарды анықтау, спортқа, өнерге деген құштарлықтарын арттыруды, шеберліктерін шыңдауды мақсат еткен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік акцияға орай лагерьге арнайы келген 25 белсенді ардагерді балдырғандар салтанатпен қарсы алып, түрлі іс-шаралар басталып кетті. Ең әуелі, батагөй қария Сауранбек Жамалбеков балаларға арнап ақ батасын берді. Одан кейін Тараз қаласындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің лагерьде демалып жатқан тәрбиеленушілері мен ардагерлер арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. «Отаным – бақыт мекені» тақырыбындағы сурет салудан және қолөнерден жарыс та тартысқа толы болды. Бір айта кетерлігі, түрлі сайыстар барысында спортқа, өнерге құштарлығы жоғары талантты балалардың көптігі көңілге қуаныш ұялатты. Мерекелік жиында алғашқы сөзді алған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова аға ұрпақтың тәрбиесі мен даналығы жас ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі екенін айтты. Спорттың 5 түрінен өткен сайысты және асфальтқа сурет салу, қолөнер жарысын қорытындылай келе, Күләш Әмедияқызы жеңімпаз командаға ауыспалы кубок пен диплом табыстап, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығының лагерьде демалып жатқан 59 тәрбиеленушісінің барлығына сый-сияпат жасалды. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков, кеңес жанындағы Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова еліміздің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптасуы маңызды екендігіне тоқталды. Ал «Рауан» балалар-сауықтыру лагерінің директоры Рахат Нұрпайызов пен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» директоры Айжан Мейірханова ардагерлерге алғысын білдірді. Акция соңы мерекелік концертке ұласты. Алдаберді МАҚАШЕВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі