Қордайда халыққа қызмет көрсету аясы кеңейе түсті
Қордайда халыққа қызмет көрсету аясы кеңейе түсті
Айта кетейік, 2007 жылы ашылған бұрынғы орталық біршама тар болып, кейінгі кездері тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыра алмаған. Соған сәйкес өткен жылы құрылысы басталған орталықтың жаңа ғимараты жақында ғана пайдалануға берілген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдин мекеменің жұмысын баяндап, бөлімдерімен таныстырып, облыс басшылығына жан-жақты қолдауы үшін ризашылығын жеткізді. Жаңа әрі кең ғимарат 5 қызмет көрсету секторына, атап айтқанда, жылдамдық, әлеуметтік қызмет, жайлылық, байланыс және өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына бөлінген. Барлық сектор қажетті жабдықтармен қамтылған. Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін тиісті жағдайлар жасалған. Жаңа цифрлық кеңсе күніне 1500-ге дейін адам қабылдай алады. Облыс әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету, жалпы тұрғындар тілегіне құлақ асу, лайықты жағдай жасау – басты міндет екендігін атап өтіп, ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы ендігі кезекте бөлім қызметкерлері де тұрғындарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге барынша күш салуы тиіс екендігін баса айтты.