Ауыл шаруашылығы

Қосалқы шаруашылыққа қолдау көп

Қосалқы шаруашылыққа қолдау көп

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының іске асыру барысы қаралды.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға облыс бойынша 24 миллиард теңге бөлінуде. Бұл қаражатпен жалпы 70 мыңға жуық тұрғыны бар 10 ауданның 26 ауылдық округі қамтылады. Ауылшаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, жобаның бірінші бағыты бойынша (жеке қосалқы шаруашылықтарда жер учаскелерін тиімді пайдалану) 414,3 миллион теңге, екінші бағыт бойынша (мал шаруашылығын дамыту) 14,1 миллиард теңге көлемінде 92 мың бас мал сатып алу жоспарлануда, үшінші бағыт бойынша (ауыл сыртындағы бос жерлерді тиімді пайдалану) – 412,5 миллион теңге, төртінші бағыт бойынша (кооперативтер құру) 2,6 миллиард теңгеге 296 бірлік ауылшаруашылық техникасын сатып алу, бесінші бағыт (бизнес-жобаларды қаржыландыру) бойынша жалпы көлемі 1 миллиард теңгеге 148 жобаны іске асыру көзделуде. Ағымдағы жылдың 20 шілдесінен 4 тамызына дейін жалпы көлемі 1,9 миллиард теңгеге 321 өтінім түскен. Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысы жеке қосалқы шаруашылықтарды суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген болатын. Байзақ, Жамбыл аудандарында 199 құдық қазу, Талас ауданында ұзындығы 1 шақырым арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Т.Рысқұлов ауданында ұзындығы 12 шақырым каналдарды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаражат бөлінуде. Аудандардың ақпараты бойынша, Қордай, Сарысудағы ауылдық округтер толығымен суармалы сумен қамтамасыз етілген. Аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға бөлінген қаражатты уақытылы және сапалы игеруге, халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, ірі қара малды қолдан ұрықтандыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.