Жаңалықтар

Ыстықкөл жағасында...

Ыстықкөл жағасында...

Қазіргідей Ыстықкөл маусымы қызып тұрған кезде бүгінде жасамыс тартып ортамызда жүрген екі ағамыздың басынан өткен бір хикая есіме түсіп, жымиып қоямын. Оны өздері айтып беріп еді.

Ондаған жыл бұрын дәл қазіргідей жаз ортасы болса керек-ті. Жұрт жаппай еңбек демалысына шығып, ондай «бақытқа» ие бола алмағандар сенбі, жексенбі күндердің өзін құр жібермей, аяқ жетер жердегі өзен-көлдерді жағалап бой жазғандарына мәз. Осындай күндердің бірінде Әкен жолдасы Жекен (аттары өзгертіп алынды) екеуі отбасымен Ыстықкөл жағасында суға шомылып, құмға қыздырынып дегендей демалып қайтуға уағдаласады. Айтылды бітті, олар сенбі күні ертелетіп тау арасындағы айтулы көлге де жетеді. Жағажайдан қиыстау бір тұсқа жеңіл шатырды керіп жіберіп, ә дегенше суға сүңгіп, құмға аунап та алады. Сосын бірі от жағып, бірі су әкеліп, бірі тамақ жасап дастарқан мәзіріне кіріседі. Тәбет те мұндай ашылар ма, далада ішкен астан тәтті не бар. Бір-екі шөлмекті де босатып тастайды. Рақат бір дүние: кіршіксіз көк аспан, басын қар шалған тау шыңдары, толқындары жағасын шайып жатқан айдын көл, жұпар ауа, күннің шипалы сәулесі... Осы кезде бұларға таяу жерден сүңгуір киімін киген біреу өте берді. Оны көріп қалған Жекен әңгімесін қоя сала соған тұра жүгіреді. Сүңгуірші жағажайда кұтқарушы болып істейді екен, Жекеніміз әлгіге жата кеп жабыссын. Сүңгуір киімін бере тұруын өтінеді: «Көлдің түбін бір көрейін деп едім, бір минутқа ғана», деп қояр емес. Өзі қарайлас жігіттің көңілін қимады ма, сүңгуірші икемге келгендей болды. Шешініп, Жекеннің киінуіне жәрдемдесті. Тетіктерді қалай пайдалану керектігін үсті-үстіне түсіндіріп жатыр. – Он минутқа ғана жетерлік оттегі қалды, абай бол! Әлдеқалай болса, мына арқанды тартып белгі бер, – деп пысықтап қояды. Жекеннің құлағына оның бірі кіріп, бірі кірмейді. – Ой, қорықпа, мен «морфлотта» қызмет еткенмін, – деп езеуреп болмайды. Ақыры мұздай болып киініп те алды. Сүңгуірші оған тағы да әлденені ымдап түсіндірді де, арқасына су түбіне батуын жеңілдететін арнайы ауыр салмақты іліп суға итерді де жіберді. Сонымен «сүңгуірші Жекен» толқын астына сіңіп жоқ болды. Жіңішке арқан біраз жерге дейін тарқатылып барды да тоқтап қалды. Бір минут, екі минут өтті... Бес минут өтті. Бірақ арқан не одан әрі тарқатылмады, не Жекен тартып белгі бермеді. Жүрек бір жайсыздықты сезгендей. – Оның «морфлот» дегені өтірік, сүңгуді білмейді, – деп шырылдады әйелі. – Ойбай тартыңдар, өліп қалмасын, – деп безек қақты Әкеннің де келіншегі. Бұл сөз басқалардың үрейін одан сайын ұшырды. Сүңгуірші мен Әкен сөзге келмей екеулеп арқанды тарта бастады. Бір уақытта өлген балықша сүйретіліп Жекен де көрініпті. Қимыл жоқ, тіршіліктің белгісі сезілмейді. Жалма-жан сүңгуір киімін шешіп жіберіп караса, суға түсер алдында жадырап тұрған Жекен жоқ – жүзі қағаздан аппақ, кірпігі әзер қимылдайды, саусақтарының ұшы тырнағына дейін қызарып кеткен. Сосын белгілі болды: киімді алғаш киген кезде оның ішіндегі ауа үш минутқа ғана жетеді екен. Сондықтан суға сүңгігеннен кейін көп ұзамай арнайы тетігін бұрап, оттегі баллонын іске қосу керек болатын. Мана сүңгуіршінің оған қайта-қайта түсіндіріп жатқаны осы екен. Бірақ Жекен мұны әлде аңғармады, алде қатты қорыққаннан тетікті бұрай да алмаған. Қолдан демалдырып, бетіне су бүркіп жатып әзер «тірілтіп» алады. Ол көзін ашқан соң көл жаққа қарап, жер таянып орнынан тұрады да, ойламаған жерден тауға қарай тұра қашады. Бір биіктеу жерге көтеріліп алып ұзақ отырыпты. Сол күні есін әзер жиып, ертеңіне көл суына аяғын да малмай, үйіне қайтқанша асығыпты сабазың. Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданы