ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАЙМАҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАЙМАҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
2017 жылы ҚМДБ-ның «Халал даму» ЖШС сертификатын алған кәсіпорынның атауы да ерекше. Қазақта асату деп жолы үлкен адамның жасы кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыруын айтады. Яғни асатудың астарында үлкен құрмет жатыр. Бүгінде жайманың түр-түрін өндіріп, отандық нарықты жаулап үлгерген кәсіпорынның тіршілігі қызу. Сыпатай батыр көшесінде орналасқан кәсіпорында макарон өнімдері, жайма ғана емес, бұқтырылған ет, соус, кеспе де шығарылады. – Кеспе мен жаймамыз Қазақстан бойынша танымал. Бағасы салмағына байланысты 410 теңгеден басталады. Сауда маркамыздың атауы – «Асату». Ең өтімді тауар – «Бір асым етке» жаймасы. Бұрын аналарымыз қамырды қолдан жайып салатын. Ал қазір келіншектер жұмысбасты. Ет асқанда қонақ келіп қалса, біздің жайманы сала салу өте оңай. Езілмейді. Тез піседі. 2000 жылдың басында жаңа сауда белгісін енгізу мақсатымен өз жұмысымызды бастадық. Біздің өнімдер премиюм сападағы өнімдер. Ол – бренд. Бағасы қолайлы. Құрамында жасанды компоненттер жоқ. Ең бастысы сапасына мән береміз, – деген компания басшысы Болат Жетпісбаев кәсіпорын «Сала көшбасшысы», «Алтын жұлдыз» сынды түрлі сыйлықтармен марапатталғанын жеткізді. Компания жылына жалпы 500 тонна жайма өндіреді. Мұнда 60-70 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының өз міндеті бар. Еңбекақылары 150-160 мың көлемінде. – Біз үшін ең бастысы – сапа. Кейбір өндірушілерге өнімнің неғұрлым мол шығарылып, жан-жаққа тынымсыз таралып жатқаны ұтымды. Ал бізде көлем қуалау жоқ. Аз шығарсақ та тап-тұйнақтай, барлық талапқа сай болуы тиіс. Сынған, майысқан қамырды ешқашан оратпаймын. Компания жұмысшылары да өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарамайды. Өйткені басты талаптан хабардар, – дейді компанияның бас технологі Азамат Сәндібай. Бүгінде «Асату» маркалы өнімдері шетелдерге де шығарылуда. Еліміздің де кез келген дүкенінің сөресінен таба аласыз. Э.Тілеубердіқызы