Шырайы кірген Шақпақата
Шырайы кірген Шақпақата
Округ тұрғындары 99,8 пайыз газбен қамтылған. Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов қалған 2 үйге 2023 жылдың жылыту маусымы басталғанға дейін газ кіргізіп беру жоспарланып отырғанын айтады. Ауызсу мәселесі де шешілген. Тек 25 ауладан тұратын шағын Амансай ауылын 2024-2025 жылдары модульдік су қондырғысын қою арқылы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Затыбек Ержанұлының айтуынша, округте биыл бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Тәттібай Дүйсебай ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесі жөнделуде. Көшенің ұзындығы – 1,837 шақырым. Аталған көшені мердігер «СК.Лемма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 25 миллион 890 мың теңгеге жөндеуде. Аталған серіктестік Шақпақата ауылындағы Ж.Оразбаев көшесінің жөндеу жұмыстарын да жүргізуде. 2 көшеге де қазіргі таңда мердігер шағалтас төсеп, ауыр техникамен тегістеп, таптап, асфальт төсеуге негіздемесін дайындап қойған. Енді тек асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қалған. Биыл атқарылатын жоспарлы жұмыстың бірі – Амансай ауылындағы Б.Көпбайұлы көшесінің екінші жартысы, яғни 0,589 шақырымды жөндеу. Мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен бірге Ынтымақ ауылында 2,73 шақырым жол орта жөндеуден өтеді. Ынтымақ ауылының тұрғындары үшін тағы бір қуанышты жаңалық – 2024-2025 жылдары жаңа мектеп бой көтермек. Жалпы Шақпақата ауылдық округінде 2 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 1 өнер мектебі, 1 бокс залы, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік- акушерлік пункт, 1 фельдшерлік пункт, 2 кітапхана мен 2 ауылдық клуб, 1 пошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетуде. Ауылдық мәдениет үйінің маманы мен кітапханашы уақытша өнер мектебінің ғимаратында жұмыс істеуде. Қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Шақпақата ауылындағы мәдениет үйінің ескі ғимараты жекенің қолынан сатып алынып, құжаттары ғимаратқа өзгерістер енгізу үшін қайта жасалған. Осылайша келесі жылдың күз мезгіліне дейін күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Бұл ауылдықтар, әсіресе жастар көптен күткен игі іс. Сондықтан мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары сапалы жүзеге асып, халыққа қызмет етуін тілейміз. Ауылдық округте жалпы 18 көше бар. Оның 5-еуі 2024-2025 жылдары жөнделеді деп жоспарланған. 18 көшенің 9-ы жарықтандырылған. 9-ы енді жарықтандырылады. Шақпақ ауылының кіреберісі мен шығаберісіне тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Алда ауыл ішіне де орнату жоспарда бар. Себебі бейнебақылау камераларының қылмыстың алдын алуда, қылмысты ашуда тигізер көмегі көп. 2023 жылы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының аркасы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге ауылдағы футбол алаңы қоршалып, сырланып, орындықтар орнатылды. Сондай-ақ ауылға аялдама орнатылған. Электр жарығының сапасы үшін аталған ауылдағы трансформатор жаңаланып, ескірген 4 қарағай ауыстырылған. Ауылдық округ тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі – жайылым жер мәселесі. Бұл мәселе бойынша заң аясында жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі таңда округте 6 340 гектар жайылым жер бар. Затыбек Ержанұлы биыл тұрғындарда жайылым жерден мәселе болмағанын, оның үстіне жылдағыдай ауылға сырттан мал әкелінбегенін, алда шаруалар арпа-бидайын орып алғаннан кейін малдардың өрісі бұдан да кеңейетінін жеткізді. Келесі жылы ауылдық округ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енеді деп жоспарлануда. Бүгінде ауылдық округ тұрғындары үйлерінің құжаттарын дайындауда. Әзірге ауылдық округте «Болашақ Агро Амангелді» өндірістік кооперативі құрылды. Шақпақ ауылдық округінде кәсіпкерлік сала жылдан-жылға әртараптандырылып келеді. Мәселен, Шақпақ ауылдында 1 сүт өңдеу цехы, 1 кептірілген нан шығаратын цех және ағаш тілетін цех жұмыс істеуде. Сонымен бірге 1 жанар-жағармай бекеті, 8 дүкен жұмыс істейді. Ал Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында 2023 жылы «Шаңырақ» тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды. Одан бөлек ауылда 2 дүкен бар. 100 бас малды бордақылауға арналған алаң соғылған. Биыл қайтарымсыз грантқа қол жеткізген 1 азамат ауылдан жылыжай салуда. Әрине, мұның барлығы ауылдағы іскер, жаңашыл кәсіпкерлердің игі істері. Алдағы уақытта ауылдағы ағайын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойынан сервистік орталық ашуды жоспарлауда. Ауыл тұрғындары қайырымдылық шараларына да өте белсенді атсалысады. Бір-біріне қарайласып, көп болып жұмылып, көптеген сауапты іске ұйытқы болуда. Соның бірі «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынғалы ауылда 3 үй күрделі жөндеуден өтікізіліп, мұқтаж 3 отбасыға берілсе, 2023 жылы көмекке мұқтаж 1 отбасыға ауыл тұрғындарының демеушілігімен жаңа үй салынуда. Сондай-ақ биыл жастарды қолдау мақсатында 5 жас отбасыға үй салуға жер беріліпті. Жас отбасылар бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын бастауда. – Жалпы ауылдан көшіп жатқан отбасылар жоқ. Ауылдағы ағайын адал еңбек етіп, мүмкіндігінше тұрмыстарын көтеріп, үйлерін жаңалауда. Түрлі кәсіпті игеріп, ауылымыз жылдан-жылға дамып келеді. Біздің мақсатымыз – ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, уақытылы, дұрыс жоспарлап, бөлінген қаржыны тиімді игеру, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, – дейді ауылдық округ әкімі. Бақ пен береке қашаннан ынтымағы жарасқан елге қонады. Сондықтан құтты мекен Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарының тек ынтымағы мен ырысы арта берсін деп тілейміз! Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы