Руханият

Тату елдің тұғыры биік

Тату елдің тұғыры биік

Сонау бір қилы заманда туған жерін тастап, қазақ даласына қоныс аударған өзге этнос өкілдерін қазақ халқы өзекке теппей, бауырына басқаны тарихтан аян. Атақонысынан жат жұртқа олар өз ықтиярынсыз, күшпен, еріксіз аяқ басты. Осыны түсінген мемлекет құрушы жергілікті халық саяси қуғынның зардабын тартқан кез келген өзге этнос өкілдерінің жанарының жасын құрғатуға, қатарға қосылып, бақытын біздің елден табуына барынша көмек қолын созды.

Талас – тұрақтылық мекені Қазақ халқы кәріс, неміс, түрік демей тағдыр талайымен жер ауып келгендерді құшағына қысса, олар да бөлініп-жарылмай, бірінің салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, тіліне, дініне бірі құрметпен қарап, араға мейірім мен ізгілікті, татулықты алтын көпір етуінің арқасында елміздің тұрақтылығы айтулы деңгейде сақталды. Татулық пен тыныштықты, еңбекқорлықты ту еткен елімізде өзге этнос өкілдері алаңсыз күн кешіп, өсіп-өніп, бүгінде олардың қатары көбейе түскен. 1928 жылы құрылған Талас ауданында бүгінде 48 987 тұрғын бар болса, оның ішінде 6 113-і өзге этнос өкілдері. Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Махмут Аябекұлының айтуынша, аудандағы орыстар саны – 2 325, күрді – 1 990, украин – 278, неміс – 245. Сонымен қатар 196 кәріс, 183 татар, 144 өзбек, 132 қырғыз, 103 грек бар. Бұдан бөлек тәжік, болгар, қарақалпақ секілді басқа да бірді-екілі өзге этностар саны 517 адамды құрайды екен. – Аудан халқының әлеуметтік жағдайы жаман емес, мұнда жұмыс күші 21 846 адамды құраса, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны – 20 845. Жұмыспен қамтылған аудан тұрғындарының 11 244-і немесе 53,9 пайызы ер азаматтар, қалғаны әйелдер. Жұмыспен қамтылған аудан тұрғындарының 15,3 пайызы ауыл, орман және балық шаруашылығында, 27,4 пайызы өнеркәсіп және құрылыс саласында, 57,3 пайызы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ауданда 1001 адам жұмыссыздар есебінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз. Талас ауданында күнкөріс деңгейінің ең төменгі мөлшері – 47 178 теңге. Талас ауданындағы өзге этнос өкілдері саяси тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталу жолында көптеген жұмыс атқарып келеді. Өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік құрылыс, елдің әлеуметтік-мәдени даму процесіне қатысу деңгейі аудан көлемінде тұрақты. Жалпы этносаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі аудан бойынша этномәдени орталықтар тиімді жұмыс жүргізуде. Олардың негізгі айналысатын шаруасы – жеке кәсіпкерлік бағыты. Мәселен, ауданында алты мың бір жүзден астам өзге этнос өкілдері тұрса, олардың ішінде еңбекке жарамдыларының барлығы қарап отырған жоқ. Жалпы өзге этнос өкілдерін жеке-жеке қарастыратын болсақ, аудандағы экономикалық белсенді орыс этносы өкілдерінің басым бөлігі жеке кәсіпкерлікпен, оның ішінде сұлулық салоны, дүкен секілді қызмет көрсету және білім, денсаулық сақтау, сантехника, слесарьлық секілді басқа да салаларда еңбек етеді. Сонымен қатар саны бойынша екінші орында тұрған күрді этносы өкілдерінің басым бөлігі үй іргесіндегі шаруалармен, яғни бау-бақша егу, мал асырау, білім және денсаулық сақтау, жеке көлігімен адам тасып, такси қызметін ұсыну секілді шаруалармен айналысады. Одан бөлек аудандағы неміс, кәріс, украин, татар сынды өзге де этнос өкілдері жеке кәсіпкерлікпен айналысса, кейбірі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Жалпы Талас ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 288 отбасыны құраса, оның 19-ы өзге этнос өкілдері. Атап айтқанда, орыс этносынан – 11, кәрістен – 5, күрдіден – 2, татардан 1 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, – деді ол. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында белсенді шараларға аудан бойынша 1 270 адам тартылса, оның ішінде өзге этнос өкілдерінің саны 88 адамды құрапты. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орындарына 11 орыс, 2 неміс, 4 кәріс, 8 күрді және бір-бір адамнан украин мен татар тартылған. Сол секілді 5 орыс, 4 күрді әлеуметтік жұмыс орнына жолданыпты. Ал тағы бір орыс пен үш күрді жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасса, ақылы қоғамдық жұмыс орындары бойынша орыс, күрді, кәріс, грек, қарақалпақ, украин ұлтынан барлығы 42 адам жұмысқа жіберілген. «Күміс жас» жобасына екі-екіден төрт орыс пен қырғыз, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 1 орыс қатысса, тағы бір этникалық орыс 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. – Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің ең негізгі құндылығы – қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігі. Әлемге қауіпсіз аймақ ретінде танылуымызға мемлекетіміз ұстанған саясатың ешкімді ұлтына қарап алаламай, кез келген азаматтың тең дәрежеде өмір сүруіне мүмкіндік жасауы себеп болып отыр. Бұл қазақ елінің іргесі сөгілмеуіне, мемлекетіміздің мығым, ұлтымыздың тұтас болуына ықпалын тигізіп отырғаны анық. Аудан орталығы – Қаратау қаласынан бөлек, мұнда 13 ауылдық округте 24 елді мекен бар болса, оның ішінде кейбір ауылды тұтастай өзге этнос өкілдері мекендейді. Соның бірі – Қасқабұлақ ауылдық округі, – дейді Махмут Аябекұлы. Қасқабұлақтықтардың қарымды тірлігі Талас ауданында өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Жардис Усейнов округ аумағы 69 929 гектарды құрайтынын айтады. Оның ішінде жайылым 22 мың 55 гектар болса, егіс алқабы – 1 700 гектар. Қаратау қаласынан 20 шақырым қашықта орналасқан Қасқабұлақта 1 160 адам тұрады. – Ауылда 143 түтін бар. Жасы 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындар саны – 272. Мұнда 1 149 күрді, 10 қазақ, 1 неміс тұрады. Ауыл халқының негізгі табыс көзі – 1 орта мектеп, 1 жекеменшік балабақша, 1 фельдшерлік-акушерлік тірек пен екі жекеменшік дүкен және шаруа қожалықтар. Мектепке дейінгі тәрбиеленіп отырған балалардың саны – 92. 1-6 жас аралығында – 92, 3 пен 6 жас аралығында 42 бүлдіршін бар. Ауылдық округтегі экономикалық белсенді тұрғындар саны 567 адамды құраса, жұмыс істейтіндері – 78, өз-өзін жұмыспен қамтығандар – 155, жалдамалы жұмысшылар – 14. Мұнда жұмыссыздар, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққандар және қылмыстық атқару жүйесі есебінде тұрғандар атымен жоқ, – дейді Жардис Исмайлович. Ауылда ерекше қажеттілігі бар 32 адам болса, үшеуі І топ, 20-сы ІІ топ, 7-еуі ІІІ топ санатындағылар. Оның ішінде екеуі балалар. Мүгедектігі бар адамдардың өзгелермен тең дәрежеде өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. – Тұрғындар бір-бірімен қарым-қатынаста ана тілін, яғни күрд тілін қолданады. Жергілікті тұрғындардың дені мемлекеттік тілде сөйлей алады, «сөйлей алмайды» дегендері түсінеді. Қасқабұлақтағы көшелерге Астана, Тәуелсіздік, Бәйтерек секілді тағы да басқа қазақ тілінде атау беріліп, ауылдық округ әкімшілігі, мектеп, клуб, медициналық пункт те қазақша атауға ие болған. Жұмыс кестесі де қазақ тілінде жазылған. Мекемелерге мемлекеттік тілде маңдайша орнатылған. Ауыл арасындағы ақпараттық көрнекіліктер де мемлекеттік тілде. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңының талаптарына сәйкес, ауылдық округ бойынша 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ. Жасы үлкен қариялар үшін бір мешіт қолданыста болса, онда жастарды тура жолдан адаспауға шақыратын, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасына сай жамағатты ізгі амал жасап, қайырымды, мейірімді болуға үндейтін уағыз айтылады. Сонымен қоса елді бірлікте болуға шақырып, ынтымақтастыққа ұйыстыратын «Күрді» этномәдени орталығы жұмыс істеп тұр, – дейді Жардис Усейнов. Ауылдық округте 14 шаруа қожалығы бірқатар тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр, оның алтауы егіншаруашылығы бағытында болса, қалғаны мал өсіріп, бордақылап сатумен айналысады. Оның ішінде екеуінің ұстанған бағыты – асылтұқымды мал санын көбейту. Мәселен, ауылдағы «Мишир» шаруа қожалығы 1352,14 гектар жайылым жерге иелік етсе, одан бөлек 31,2 гектар шабындығы бар. 17 гектарға жылда күздік бидай егеді. 800-ден астам қожалықтағы уақ малға мал азығын осы жерден дайындайды. 3 783 гектар жайылымы бар, уақ мал өсірумен айналысатын «Князь» шаруа қожалығы 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. – Егін алқабыма жылда бидай егемін. Егістік көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұрнағы жылы 800 гектарға жуық алқапқа бидай ексек, былтыр оның көлемін 1 050 гектарға, биыл 1 200 гектарға жеткіздік. Егіс даласына, малшаруашылығына бір «К-700», екі «МТЗ-80» тракторын пайдаланамын. Одан бөлек орақ, тырма, тіркеме, шөп тайлағыш секілді соқа-сайманым сақадай сай. Биыл «Қазагроқаржы» ұйымы арқылы бір «МТЗ-80» тракторы мен шөп тайлағыш, тіркеме, тырма секілді соқа-сайманымен қоса 36 миллион теңгеге өтінім тастадық. Науқан уақытында механизаторлар айына 300 мың теңгеге дейін табыс табады. Сонымен қатар 500-ге жуық уақ малым бар. Шопан, диқан, механизаторды қосқанда 21 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді «Қасқабұлақ» шаруа қожалығының төрағасы Абдал Асанов. Қасқабұлақтықтар шетінен еңбекқор. Мұнда жұмыссыз жүргендер шынында да некен-саяқ. Ауылдағы 10 үй қазақ пен бір неміс тату-тәтті тұрмыс кешуде. Мұндағы күрді этнос өкілдерінің жасы үлкендері өздерін кезінде бақытын қазақ даласынан тапқандардың ұрпағы екенін сезінуі, түсінуі көңілге медет. Жалпы еліміздің басты саясаты – ұлт пен ұлысты ортақ мүддеге жұмылдыра отырып, бейбітсүйгіштік арқылы биіктерді бағындыру. Осындай ұлы мақсаттарға қол жеткізуге Қасқабұлақ ауылының тұрғындары айтарлықтай үлес қосып отырғаны ақиқат.