ІШКІ ІСТЕР саласын ЦИФРЛАНДЫРУДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР
ІШКІ ІСТЕР саласын ЦИФРЛАНДЫРУДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР
2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, цифрландыру үрдісін қоғамның барлық саласына енгізу ісі қолға алынғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында цифрландыру саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеуде. Мәселен, Президент 2021 жылғы Жолдауында цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы дамыту емес екеніне тоқталып, ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына әсер етуі тиіс екенін жеткізді. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволарға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертіп, цифрландыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін атап өтті. Озық инновациялық технологияларды енгізуді жандандыру, стартап-жобаларды дамыту, әсіресе ауылдық жерлерде сапалы интернеттің болмауы мәселелері де назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасына сәйкес цифрландыру жұмыстары қоғамның барлық саласында қарқынды жүргізілуде. Осы орайда бүгін біз ішкі істер органдарын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын зерделеп көрген едік. Бірнеше ай бұрын Астана қаласында ҚР Ішкі істер министрлігі мен «Sergek Group» компаниясының ұйымдастыруымен «Жол қауіпсіздігі саласындағы цифрландыру және жаңа технологиялар» тақырыбында форум өтті. Форумның ашылу салтанатында министрдің орынбасары Игорь Лепеха: «Өздеріңізге белгілі, біз полиция қызметкерлеріне көліктерді себепсіз тоқтатуға тыйым салдық. Қазіргі уақытта тек жол жүрісі қағидалары бұзылған жағдайда ғана тоқтатамыз. Сондықтан да жол жүрісі қағидаларын сақтауды бақылауда цифрландырудың маңызы зор деп ойлаймын. Бүгінде Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардағы өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында заманауи цифрлық шешімдерді, автоматты стационарлық және мобильді камераларды пайдалану бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде», деп оң нәтижелерге тоқталды. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 11 пайызға, жарақат алғандардың саны 7 пайызға, ал қаза тапқан жаяу жүргіншілердің саны 24 пайызға азайған. «Сондай-ақ көлік жүргізушілер тарапынан жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу, қауіпті жүргізушілер мен жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтау бойынша енгізілген «Қорғау» жүйесі де өз жемісін көрсетуде. Министрдің тапсырмасына сәйкес «Қорғау» жүйесін Шымкент қаласында іске қостық. Қосымша стационарлық камералар арқылы қауіпті жүргізушілерді анықтап, патрульдік полиция қызметкерінің қызметтік планшетіне жіберіп отырады. Осының негізінде жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану арқылы жауапкершіліктен жалтарып жүрген жүргізушілерді де анықтадық. Цифрлық технологиялар полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», деді сонда ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. Ал маусым айының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында Президентке полиция қызметінде қолданылатын цифрлық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Ішкі істер органдарында кибер қылмыс және есірткі қылмыстарына қарсы күрес, дактилоскопиялық тіркеу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа профилактикалық бақылау жүргізу, көліктерді заңдастыру және жол-көлік апатының материалдарын сақтандыру компанияларына онлайн беру секілді маңызды міндеттердің орындалуын оңтайландыруға бағытталған цифрлық технологиялар енгізіліп жатқаны баяндалды. Мемлекет басшысы сонда ішкі істер органдарын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, әрмен қарай жандандыру керектігін айтты. Осылайша Президенттің тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдарын цифрландыру мақсатында елімізде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Түрлі жобалар қолға алынып, аз уақытта-ақ тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов саланы цифрландыру қызмет сапасын арттыратынын айтады. Бауыржан Арынұлының айтуынша, бүгінде полиция қызметкерлері 2 534 радиостансамен жабдықталған. Жарақтандыру көрсеткіші – 68,2 пайыз. Сондай-ақ қызметкерлер 142 автомобильдік бейнетіркегішпен қамтамасыз етілген. Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы да нығайып, барлық керек-жарақтармен қамтылған. – Ішкі істер органдарын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы іс-шараларын іске асыру барысында 2023 жылы жергілікті полиция қызметі 116 компьютерлік техникамен жарақтандырылады. Департаментімізде Әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) жүйесіне арналған 932 мобильді планшет мен термопринтерлер бар. Биыл осындай тағы 104 құрылғы алынады. Сонда барлық қызметкеріміз толық көлемде қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін полиция департаментінің жедел басқару орталығына орталықтандырылған 210 бейнебақылау камерасы және танып-талдау функциясы бар қосымша 100 камера орнатылған. Камералар толық жұмыс істеуде. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторларының жұмыс орнын жарақтандыру мақсатында қосымша 10 автоматтандырылған жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Тараз қаласы бойынша 180 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 140-ның кіреберісіне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында 2 280 бейнебақылау камерасы орнатылып, жедел басқару орталығына орталықтандырылды. Сонымен қатар «Кілемдік жабын» бағдарламасын іске асыру бойынша облысымыздағы 573 мектепке дейінгі (балабақшалар) мекеме 7 456 бейнебақылау камерасымен, 507 жалпы білім беретін мектеп 11 160 бейнекамерамен, 44 орта оқу орны 1 385 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Бүгінде жедел басқару орталығына орталықтандыру үшін байланыс арналарын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіз қала, жол қозғалысын талдау мен қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесі» жобасы бойынша қала аумағында 1 250 бейнебақылау камерасы және қала аумағында автоқұралдардың мемлекеттік нөмірлерін танып және фотосуретке бекітетін 48 бекет орнатылған. Қосымша талдау функциясы бар 300 бейнебақылау камерасы және серверлік құрылғылары қосалқы бөліктерімен сатып алынып, қазіргі таңда орнату бойынша жұмыстар атқарылуда. Себебі көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтардың шамамен 70 пайызы сыртқы бақылау камераларының көмегімен ашылады. Мұның бәрі жергілікті халықтың қауіпсіздігі мақсатында полиция қызметкерлерінің қойылған міндеттерді тиімді атқаруына ықпал етеді. Сол себепті осындай оңтайлы жағдайларды жасап отыруды естен шығармауымыз қажет, – дейді Б.Арынұлы. Яғни созбалаңға салмай, қысқа қайырып айтқанда, ішкі істер органдарын цифрландыруда бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. Ал еліміздегі ірі ведомствоның көптеген қызметтері электронды форматқа көшіріліп, цифрландырылуы полиция мен халық арасындағы байланысты, министрлік пен өзге мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыра түсуде.