ШЕКАРАМЫЗДЫҢ ШЕБІ БЕРІК
ШЕКАРАМЫЗДЫҢ ШЕБІ БЕРІК
Кез келген мемлекеттің егемендігінің қорғаны – шекарасы. Сондықтан қазақ ежелден-ақ жер дауы мен жесір дауын бітпейтін дау деп бағалаған. Шүкір, біз тәуелсіздігімізді алып, тарихи шекарамызды шегендеп алған халықпыз. Шекаралық аймақтарды күзету қазақ сарбаздарының мойнындағы ең ауыр да абыройлы міндет екені даусыз. Біз жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Жасөркен» шекара заставасына барып, әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Заставада биыл көктемгі шақырылым науқанында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар қызмет етеді. Негізі шекара бөлімшесі 2012 жылы құрылып, мемлекеттік шекараны қорғауға кіріскен. Содан бері жыл сайын әскерге шақырылған жас сарбаздарды тәрбиелеумен және Отанның шекара тұтастығын қорғаумен айналысып келеді. – «Жасөркен» шекара бөлімшесі Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Жасөркен елді мекенінен 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Шекара бөлімшесінде күзетуге, қорғауға арналған барлық жағдай жасалған. Иттер, аттар, көліктер мен мотоциклдер, түнде көру құралдары, басқа да керек-жарағымыз сақадай сай. Сондай-ақ шекара бөлімшесінде кейбір әскери қызметкерлердің отбасымен тұруына барлық жағдай жасалған. Балаларына арналып ойын алаңшасы да салынған. Сонымен қатар шекара бөлімшесінің аумағы толықтай жарықтандырылған. Әскери күзетшілердің киетін киімдері, қолданатын қару-жарақтары толықтай талаптарға сай келеді. Әрі мұндағы су, жылу, электр энергиясы ауданға, қалаға бағынышты емес. Мысалы, кейде белгілі себептермен қала, ауыл тұрғындары сусыз, жарықсыз отыратын болса, бөлімшеде ешқашан ондай мәселе туындамайды, – дейді Шекара бөлімшесіндегі сарбаздар қыстық-жаздық киімдермен, 4 мезгіл нәрлі де қуатты ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ сарбаздардың бос уақытында шығармашылықпен, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Ең бастысы мұнда сарбаздар арасында әскери әлімжеттік секілді жағымсыз қылықтар атымен жоқ екендігіне де көзіміз жетті. Өйткені, біріншіден, барлығы бейнебақылау камералары арқылы бақылауда. Екіншіден, сарбаздарға тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, барынша бауырмалдыққа баулу жолға қойылған. Сонымен қатар сарбаздар тек ел аумағын күзетумен айналыспайды. Шекаралас аумақтардағы тұрғындарға көмек көрсетіп, қажет кезде қастарынан табылады. – Қыстыгүні бұл аумаққа қар қалың түседі. Сондай кездерде жолдар күреледі, тұрғындардың жол жүру жағдайлары қадағаланады. Сондай-ақ тәрбие жұмыстарымен де айналысамыз. Қасымыздағы Жасөркен ауылындағы мектепке барып, жиі-жиі кездесулер өткізіп, оқушыларды «Жас шекарашы» атты ұжымға мүше ретінде қабылдап, оларға ант қабылдатамыз. Мұнан бөлек «Шекарашылардың бір күні» деген тақырыппен іс-шаралар өткізіп, ертеңгі ел қорғандарына өзіміздің жұмысты таныстырамыз. Сонымен қатар біз шекараға жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындармен өте тығыз байланыстамыз. Олардың арасында ерікті болып жұмыс істейтін шекарашыларымыз да бар. Ақсақалдардың араласуымен түрлі туындаған мәселелерді бірлесе шешеміз, – дейді Қамбар Кенжебекұлы. Шекара қызметінің күн тәртібі бойынша, сарбаздар таңғы сағат 05:00-де тұрып, спорттық жаттығу жасауға кіріседі. Одан кейін таңғы асқа дайындалады. Тамақтанып болған соң жоспар бойынша әркім өзінің жұмысына кіріседі. Ал бос уақыттарында түрлі жаттығулар мен із кесу сабақтары және рухани тәрбие сағаттары өткізіледі. «Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым» деген «Тоныкөк» дастанында айтылғандай, бабаларымыздың аманатына адал қызмет атқарып, бүгінде кірпік ілмей мемлекеттік шекарамызды күзетіп отырған сарбаздарымыз нағыз ұлттың мақтанышы болуға лайық. Шапағат ӘБДІР