Қоғам

516 әлеуметтік нысан толық бейімделді

516 әлеуметтік нысан толық бейімделді

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында облыста 577 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді, оның ішінде 516-сы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «AMANAT» партиясының Жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4 400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 277 нысан бейімделді. Облыста 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1 295 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 577-сінде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 577 нысанның 516-сының толық бейімделгені расталды. Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына 167 мемлекеттік мекеме (113 әкімдік, 50 мемлекеттік мекеме, 4 сот); 78 денсаулық сақтау нысаны (16 емхана, 23 аурухана, 4 медициналық орталық, 21 дәрігерлік амбулатория, 3 клиника, 1 түзету кабинеті, 2 медициналық пункт, 1 стоматология, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 5 дәріхана); 164 білім беру нысаны (138 мектеп, 2 университет, 12 колледж, 6 гимназия, 1 институт, 5 оқу орталығы); 107 әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де нысандары (10 банк филиалы, 2 пошта бөлімшесі, 35 мәдениет үйі, 5 әлеуметтік оңалту орталығы, 6 әкімшілік, 2 сауда үйі, 1 қонақүй, 1 автовокзал, 16 стадион, спорт кешені және т. б.) қолжетімді. 61 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 346 бұзушылық анықталды. Аталған бұзушылықтар осы жылдың соңына дейін толығымен жойылады, объектілердің меншік иелерімен бейімделу жөніндегі іс-шараларды аяқтау үшін түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тағы 199 нысанды бейімдеу жоспарлануда. Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде аталған департамент мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және тағы басқа салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 30 тексеру жүргізді. Оның ішінде 5-еуі – нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау шеңберінде 25 тексеру. Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 21 ұйғарым беріліп, 966 мың теңгеге 4 әкімшілік айыппұл салынды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі