Жаңалықтар

ӘСКЕР – ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

ӘСКЕР – ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Әскер өмірі қашанда темірдей тәртіп пен талапты қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. Отан алдындағы борышын өтеп келгендердің пікірінше, әскер – азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, еліне, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі.

Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінде бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде. Мұнда әскери тәртіптің лебі байқалады. Оларға жүктелген міндет жеңіл емес екенін де аңғаруға болады. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат. Жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Мұнда тәртіп арқылы жас сарбаздар шыдамдылық пен төзімділікке үйренеді. Сондай-ақ әскер жастардың сана-сезімінің қалыптасуына, жинақылыққа, тазалыққа баулиды. Әскери бөлімдегі үлгілі тәртібі мен белсенділігі жоғары сарбаздың бірі – Мағжан Жағыпар. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданы Шалкөде ауылында дүниеге келген. Әкесі Ербол Райымбек ауданында мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істесе, анасы Гүлзира мұғалім. Шалкөде атындағы орта мектептің 9-сыныбын бітіріп, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне оқуға түседі. Оқу орнын жер және байланыс мамандығы бойынша тәмамдап, еңбекке де араласады. Ару қала Алматыда қарапайым жұмысшы болып жұмыс істеп, отбасына қолғабыс етеді. Мағжанның жаны поэзияға жақын. Өнерлі жас әскери өмірде де бос уақытында үнемі қолынан кітабын тастамайды екен. Ол Отан алдындағы борышын аман-есен өтеп шығуды, ата-ана үмітін ақтауды, әскери өмірді жалғастыруды алдына мақсат етіп қойып отыр. – Мен үйдің кенжесімін. Алдымда бой түзер ағаларым бар. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әскерге келуіме әкемнің ықпалы болды. Әкем «Ұлым ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек. Жігіт әскери өмірді көруі қажет. Қиындыққа шыдамдылықпен төзіп, Антыңа адал болуың қажет» деген секілді ақыл-кеңестерін берді. Сөйтіп еліміздің басына күн туған шақта ер азамат елін, жерін қорғай білуі тиіс деген ой қалыптасты. Бұрын әскери өмірді қиын деп ойлайтынбыз. Бірақ ойымыз қате болып шықты. Алғаш келгенде қару-жарақтың атын да білмейміз. Қолымызға да ұстай алмайтынбыз. Уақыт өте келе тәртіп пен талапқа бойымыз үйреніп, өз-өзімізді спорттық тұрғыда шыңдай бастадық. Еліміздің Қарулы Күштері туралы білімімізді толықтырып, машықтанып келеміз. Демалыс күндері белгіленген режиммен демаламыз. Жауынгер достарымызбен шахмат, дойбы ойнап, теледидар көреміз. Барлығымыз бір-бірімізбен әзіліміз жарасып, күнімізді жақсы өткіземіз. Үй-ішімізбен сөйлесуге де мүмкіндік беріледі. Уақтылы құнарлы тамақ ішіп, тазалыққа көп көңіл бөлеміз. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп әскери өмірдегі темірдей талапты өсиет етіп кеткен батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туып-өскен топырақта борышымды өтеп жатқаныма қуаныштымын. Бұл біз үшін мақтаныш. Қасиетті Жуалы жерінің топырағынан нәр алып, бойымызды батырлыққа, адалдыққа, шыдамдылыққа, мақсатқа жете білуге үйретіп жүрміз, – дейді қатардағы жауынгер Мағжан. Мағжан әскери бөлімдегі лейтенант Мейірбек Елубаевты, аға сержант Байдәулет Тұрғыновты үлгі тұтады. Олардың жас сарбазға деген жанашырлығы мен адамгершілігін жоғары бағалайды. Ал жауынгер достары Азамат, Тілек, Нұрбек және Әли оның сырлас, әрі қиын сәттерде көмек қолын соза білетін қымбат жандары. * * * Мағжанның жауынгер досы Асан Азамат та Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылынан. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жерінен батыр Баукеңнің еліне Отан алдындағы борышын өтеуге келген қатардағы жауынгер. Асанның мамандығы – аспаз. Алматы инновациялық-технологиялық колледжін бітірген соң бірден әскер қатарына шақырылған. Қарапайым отбасында дүниеге келген Азамат бес ағайынды. Әкесі Қуатбек күзетші болса, анасы Шолпан үй шаруасымен айналысады. – Әскери борышымды өтегеніме алты ай болды. Аз уақыт болғанымен біз үшін әскери өмірден үйренеріміз көп болды. Күніміз белгіленген тәртіптегі дене шынықтырудан басталады. Әскери өмірге ағзаны бейімдеу үшін спорттың алар орны ерекше. Сондықтан көп уақытымызды дене шынықтырумен, білек күшін шыңдаумен өткіземіз. Әскерге тек білек күші емес, сондай-ақ жүректің мықтылығы қажет. Тазалықты, тәртіпті, өзіңнің іс-әрекетіңе жауап беруді үйренесің. Әскердегі жауынгер достарым қымбат. Олар әрдайым қолдау көрсетіп, сырласатын достарым. Менің ең жақын жауынгер досым – Мағжан. Ол әрі жерлесім, әрі қандай жағдай болса да қасымнан табылатын адам. Біз достарымызбен уақытты жақсы өткіземіз. Демалыс күндері кітап оқып, әңгімелесеміз. Жігіттер қолына қару алып, елін қорғай білуі керек. Менің ағаларым да әскери борышын өтеп келген. Оларға қарап мен де әскер қатарына шақырған соң, ағаларымның ақыл-кеңестеріне жүгіндім. Әскери бөлімдегі сержант Омаровты үлгі тұтамын. Ол жауынгердің бойындағы қажетті қасиеттерді, әскери өмірді үйретті. Менің қазіргі ең басты мақсатым – Отан алдындағы борышымды аман-есен өтеу, ата-анамның жанына оралу. Өйткені үйден жырақтап шыққан сәттен бастап ата-ананың қадірін, бауырларыңның қолдауын жақсы түсінеді екенсің, – дейді Азамат. Иә, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеу әр сарбаздың арманы. Ендеше, 91678 әскери бөлімдегі қатардағы жауынгерлердің батылдық пен шыдамдылыққа шыңдалып, борышын аман-есен өтеуіне біз де тілектеспіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы