Білім

«Әлі де мүмкіндік бар»: Асхат Аймағамбетов грантқа ілікпей қалған талапкерлерге кеңес берді

«Әлі де мүмкіндік бар»: Асхат Аймағамбетов грантқа ілікпей қалған талапкерлерге кеңес берді

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов грантқа ілікпей қалған талапкерлерге әлі де мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл туралы қазіргі депутат Instagram-дағы ресми парақшасында жазды.

Асхат Аймағамбетов грант бойынша парақшасындағы пікірлер арасында, жеке шығып та көп сұрақ қойылып жатқанын атап өтті. «Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар. Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады», - деп жазды экс-министр. Сонымен қатар ол университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болатынын айтты. Бұдан бөлек «gap year» алып бір жыл дайындалып қайтадан ҰБТ тапсырып грантты жеңіп алуға болады. «Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім. Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, біраздан кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады», - деп кеңес берді ол.