Ұлттық қолөнердің жанашыры
Ұлттық қолөнердің жанашыры
Жасыратыны жоқ, деніміз сау бола тұра кейбір шаруаға шамамыз келмей жатады. Қол қусырып, екі қолға күрек таппай отырған еңгезердей ерлер де қаншама. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің жігері, ерлігі дәл өзі секілді және он екі мүшесі сау адамдарға да үміт сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттырып жүр. Ол – тумысынан ерекше Анар Бексұлтанова. Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар жайлы баспасөзде жиі жазылып та жүр. Анардың екі аяғы екі қолы іспеттес. Шаң сүртіп, үй жинайды, қоңырау шалсаңыз көтереді, аяғымен жіпті өткізіп, көрпені де қабып, көктейді. Құдайдың құдіретімен ерекше осындай қабілеті бар. Өмірдің сан соқпағынан өткен Анар Бексұлтанова бүгінде кәсіпкерлікпен айналысады. Нақтырақ айтсақ, қыз жасауын жасап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол ең алғаш «Janome» тігін машинасымен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге осымен жұмыс істейді. Алғашында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында грант ұтып алуға болатынын құрбыларынан естіпті. Өзіне қолайлысы осы-ау деген оймен қыз жасауын тігуді дұрыс көрген. Осылайша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырған байқауына қатысып, 3 миллион теңге көлеміндегі грант жеңіп алған. Осылайша үйінен шағын тігін цех ашып, кәсібіне бар ынтамен кіріскен. – 2013 жылдан бері ісмерлікпен айналысамын. Таныстарымнан қарыз ақша алып, тігін машинасы мен керек-жарағын сатып алдым. Көйлек пішіп, кесте тігуге әуелден-ақ икемім бар. Аяғыммен қайшы ұстап, матаны қиямын, оюды да бастырамын. Бұл ісіме екі әпкем көмектеседі. Көрпеге мақта салып, көктейтін солар. «Шеше көрген тон пішер» демекші, кішкентай қыздарым Сұлуайым иен Әдемі де әпкелерінің қимылын қалт жібермейді. Бүгінде өздері де тіге береді, – дейді кейіпкеріміз. Арманы асқақ Анар Бексұлтанова өзі секілді жандарға көрпе көктеуді, тігін тігудің қыр-сырын үйретіп жүр. Облыстардан, аудандардан арнайы іздеп келетіндер көп. Ешкімге алақан жаймаған, мүгедекпін деп өзін мүсіркемеген ол шектеу тек мида ғана дейді. Оның көктеген көрпелерін көрсеңіз көздің жауын алады. Шындығында, ол тігін тігу, құрақ пішу, сурет салу, үй жұмысын істеу сияқты жұмыстарды еш қиындықсыз еркін атқарады. Жасаған дүниелерін көрмелерге қояды. «Көрпе FEST-2022» мегафестивалі аясында Жаңаөзен қаласына барып, қыз-келіншектерге шеберлік сағатын өткізіп қайтыпты. Шеберлік сабағы нәзікжандыларды ұлттық ою-өрнектерінің түрлерімен таныстыруға және оларды тігуді үйретуге бағытталған. – Істей алмаймын, қолымнан келмейді деген сөзді мен жалқаулық деп санаймын. Менің аяғыммен істеп отырған жұмысты аяқ-қолы сау кез келген қыз-келіншек жасай алады. Бастысы ниет керек. Жұмыстан қорықпау керек. Талпыныс бар жерде жеңіс болады, – дейді Анар Бексұлтанова. Кәсіпкер бүгінде көпке мәлім «Махаббат» көрпелерін де тіге береді. Жұмысқа қажетті маталарды Шымкент пен Бішкек қалаларынан сатып әкеледі екен. Ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету – Анардың алға қойған мақсаттарының бірі. Көрпе тігуде ең алдымен матаның түріне, сапасына және әдемілігіне мән береді екен. Көрпенің сапалы матадан дайындалуы маңызды. Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп, жалғаса түседі деуге болады. Қазақ халқында ісмерлік ұшы-қиыры жоқ өнер. Сол өнерді дамытып жатқан Анар Бексұлтанова да кәсіпкерлігін шыңдай түсері анық.