«АҢСАҒАН СӘБИ»: ҚАЗАҚСТАНДА 4 500-ДЕН АСА НӘРЕСТЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
«АҢСАҒАН СӘБИ»: ҚАЗАҚСТАНДА 4 500-ДЕН АСА НӘРЕСТЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», деді. Президенттің тапсырмасын сапалы іске асыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің жетекші бейінді мамандары қатарынан жұмыс тобын құрып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бекітті. «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге аса бастағалы бері 2022-2023 жылдары ЭКҰ 19 000-нан аса әйелге жүргізілген. 7 000-нан аса әйел жүкті болып, 3 800 отбасында 4 500-ден аса нәресте дүниеге келген. 2 500 жүкті әйел бала босануды күтуде. Ал 2023 жылға өңірлер бөлінісінде барлығы 7 000 квота бөлінген. Сондай-ақ бағдарлама аясында 2021 жылы облысымызда 202 әйел жүкті болып, 161-і дүниеге сәби алып келіпті. 2022 жылы облысымызға 431 квота бөлініп, 139 әйел жүкті болып, 92 әйел аман-есен ана атанған. Биылғы жылға 401 квота бөлініпті. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» бағдарламасының іс-шаралары «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі тұжырымдаманың жобасында көзделген. Мұның бәрі МӘМС жүйесінде 2030 жылға дейін жыл сайын дайындалған ЭКҰ пациенттерінің барынша көп санын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы экстракорпоральді ұрықтандыру тәсілі 1978 жылы ең алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. Содан бергі 40 жылдан астам уақытта әлем бойынша 8 миллионнан аса нәресте осы әдіспен жарық дүниеге келген көрінеді.
«AR-AI»-ақпарат