Әлеумет

Баспанамен қамту сәтті жүзеге асуда

Баспанамен қамту сәтті жүзеге асуда

Баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Облыс орталықтарында баспана мәселесі басыбайлы шешімін табуы үшін аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде құны 13,2 миллиард теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Абдыбеков айтты.

Брифингте тұрғын үй құрылысы жұмыстары бойынша осы жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар баяндалды. Спикердің айтуынша, есепті кезеңде Тараз қаласында құнды қағаз есебінен 3 073 пәтерлі 59 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланған. Оның ішінде «Ұлы дала» (15) ықшамауданында – 2 353 пәтерлі 43 үй, «Асқаров» тұрғын алқабында 720 пәтерлі 16 тұрғын үй бой көтереді. Сондай-ақ пилоттық жоба арқылы 60 пәтерлі 1 үй, 240 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үй берілмек. Аудандарда да құрылыс саласы қарқын алған. Байзақ ауданында 60 пәтерлі 4 арендалық үйдің, Қордай ауданында 60 пәтерлі 2 үйдің, Жуалы ауданында 18 пәтерлі 1 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 44 пәтерлі 2 тұрғын үйге, Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы 90 пәтерлі 1 тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. – Жыл қорытындысымен 2 564 пәтерлі 45 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Тарқатып айтсақ, 1 948 пәтерлі 34 кредиттік үй, 556 пәтерлі 10 арендалық үй және 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба негізінде берілмек. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында биыл 797 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ 3 бөлмелі пәтерді 12,6 миллион теңгеге сатып алу үшін облыстық бюджеттен қосымша 50 пәтерге 150 миллион теңге қаржы қарастырылды. Нақтылап айтсақ, Тараз қаласында 2,7 миллиард теңгеге 280 пәтер, Таласта 1,8 миллиард теңгеге 186 пәтер, Сарысуда 1,5 миллиард теңгеге 161 пәтерлі үй салынады деп жоспарлануда. Қордайға 50 пәтерлі үйдің құрылысына 0,48 миллиард теңге, Меркіге 60 пәтерлі үйдің құрылысына 0,576 миллиард теңге, Шу ауданына 60 пәтерлі үйдің құрылысына 0,576 миллиард теңге қаражат бөлінді, – дейді Данияр Темірбекұлы. Бұдан бөлек жекеменшік инвестиция есебінен жалпы ауданы 40,6 мың шаршы метрді құрайтын 435 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен жалпы 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті тұр. Осы жылдың 1-жартыжылдығында бюджет қаражаты есебінен 280 пәтерлі 4 кредиттік тұрғын үйдің және жекеменшік инвестиция есебінен 324 пәтерлі 7 үйдің құрылысы аяқталған. Жалпы бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 304,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,8 пайызға асыра орындалды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша бюджет қаражаты есебінен 9,7 миллиард теңгеге 77 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізілуде. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2 жаңа алқапта Жамбыл ауданының Аса ауылында 811 жер телімі және Сарысу ауданының «Құрылысшы» алқабында 58 жер телімі (жалпы 869 жер телімі) таратуға дайындалады. Мұнымен қоса басқарма басшысы 20 инфрақұрылым (14 алқапқа) жобаның құрылысын жүргізіп, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2 жаңа алқаптан 869 жер телімін таратуға дайындау ойда бар екендігін жеткізді. Сонымен қатар 3 индустриалды аймақты дамыту, 8 алқапта кеңейту жұмыстары, 46 көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық желілерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда екен. Облыс аумағында тәрбиелік мәні бар «Асарлатып үй салу» жобасы басталған болатын. Бұл игі істің мақсаты – әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту. «Асарлатып үй салу» жобасы басталғалы 338 отбасы баспанамен қамтылыпты. Тарқатып айтсақ, 2020 жылы – 99 үй, 2021 жылы – 134 үй, 2022 жылы 105 үй халық игілігіне берілген. Спикер өз сөзінде биыл осы бастама бойынша 105 отбасыны баспанамен қамту жоспарланғанын жеткізді. Бүгінгі күнге тұрғындарға 11 үйдің кілті тапсырылған. Қалған 94 үйді жоспарға сәйкес жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Айта кетсек, «Асар» жобасы бойынша көмек көрсетілетін мұқтаж жандар тізімі ауылдық округ әкімдігі және ауылда төрағалық ететін ақсақалдар кеңесі арқылы анықталады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ