ӨЗІН-ӨЗІ ДАМЫТҚАН ОЗДАМИРОВ
ӨЗІН-ӨЗІ ДАМЫТҚАН ОЗДАМИРОВ
Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуында «СМТС» ЖШС маңызды рөл атқарады. Себебі кәсіпкер өндіретін сүт өнімдері, өсімдік майы және алкогольсыз сусындар республиканың әр тарапына таралады. Компания былтыр ауыл шаруашылығы басқармасының көмегімен сары майды сақтауға арналған контейнер, вакуумниктер, ең басты қымбат құрал – салқындатқыш сатып алды. Айта кету керек, кәсіпкердің өндірістік базасы бұрыннан бар болатын. Ол бұрынғы аудандық тұтынушылар Одағынан қалған ғимараттар еді. Оның аумағы мен цехтарын ретке келтіріп, жұмыс істей бастады. Жоғарыда аталған өнімдерді шығаратын «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы құрылған. Он сегіз жылдың ішінде бұл серіктестік сүт өнімдерінің сапалы әрі дәмді түрін дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушыларын қуантып келеді. – 2004 жылы біз жалаң құлшыныспен жұмыс істей бастадық. Жабдықты өзіміз жинадық. Тапсырушылармен байланыс орнаттық. Бүгінгі таңда біз қатты ірімшіктердің, чечилдің, фета ірімшігін, майдың бірнеше түрін шығарамыз. Тауарымыздың барлығы да табиғи өнім. Шикізатқа немесе тауарды өткеру ісінде ешқандай мәселе жоқ. Сүт өнімдеріне мемлекеттік субсидия аламыз. Әуеліде 200 литрден бастаған болсақ, бүгінгі таңда тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей аламыз. Ал біздің «Ozdamirov produkt» сауда белгісімен шығарылған өніміміз қазір тек ауданда ғана емес, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында да сұранысқа ие. Біз тек экологиялық таза табиғи өнімдерді ұсынамыз. Сондықтан сүт өнімдерін өндіру нарығында өз тәжірибемізді қалыптастырдық. Қандай да бір жәрмеңкелерге, көрмелерге қатысып, қайырымдылық көрсетумен де белсенді айналысамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлеміз. Орта есеппен 200-300 ауладан үш-төрт тонна сүт жиналады. Сүтін бізге өткізгісі келген шаруашылықтар мен тұрғындардың қатары көбеюі есебінен ауданда ірі қара мал мен сүт өндірісі артты. Сондықтан біздің кәсіпорын жалпы ауданның мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып отыр деуге толық негіз бар, – дейді Лечи Геланиевич. Лечи Оздамиров өзінің іскерлігі мен өндірген өнімін мақтан тұтады. «СМТС» ЖШС-ның өнім желісі өте мобильді. Серіктестік сатушылармен тығыз байланыс орнатқан және дүкендердің берген тапсырысына сай өнімді нақ сол берілген мөлшерде, қажетті сұрыпына дейін дайындап береді. Сонымен қатар әр жаз сайын «СТМС» ЖШС алкогольсыз сусындардың сегіз түрін шығарады. Кеңес Одағы кезінде көптің есінде қалған лимонадтар мен квастың ескі рецептерін жандандыруға қол жеткізді. – Ауданымыздың экологиясының тазалығын ескеріп, біздің өнімдердің де сондай таза екенін сезінуге болады. Өнімдерді тапсырысқа сай, кезегімен дайындап отырамыз. Мәселен, бүгін ірімшік дайындасақ, ертең сүзбе ірімшігін, одан кейінгі күні сары май дайындаймыз. Барлық тауарлар мемлекеттік стандартқа сай сертификатталған. Санитарлық норманың да сай болуы әр квартал сайын жүргізіліп тұрады, – дейді кәсіпкер. Ол ірімшік өндірісінде Бурненский ірімшік зауытында жұмыс істеген технологтар сақтаған дәстүрлі рецепт қолданылады дейді. Тараз базарларында «Ozdamirov produkt» сауда белгісімен шығарылған ірімшікті кездестіру мүмкін емес. Кейде сатушылар ірімшіктерді аталған компания өнімінің логосын қолданып, сатылымға шығарады екен. Бірақ оның Жуалы өніміне ешқандай қатысы жоқ. Жергілікті халықтан таза сүтті қабылдап, одан сары май, ірімшіктің бірнеше түрін өндіретін, және алкогольсыз «Дюшес», «Буратино», «Квас» сынды сусындарды шығаратын бұл мекемеде 15 жұмысшы қызмет етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 35 мың теңге. Сондай-ақ «Табиғат байлығы» сауда орталығының басшысы, білікті кәсіпкер Лечи Геданиевич Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасының өкілдерімен бірлесіп, өзінің сауда нүктесінен жұмыртқа, тауық еті секілді құс өнімдеріне арналған сауда қатарын дайындаған отыр. Фабрика қызметкерлері сауда орнына өздерінің құрал-жабдықтарын, мұздатқыштарын әкеліп орнатып, екі жұмыс орнын ашқан. Кәсіпкердің мұндағы мақсаты – жаңа жұмыс орындарын аша отырып, жерлестерді экологиялық таза, сапалы және халал құс өнімдерімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және құс етінің 23 түрін ұсыну. Мұнда «бройлер балапан», «цыплята табака», мұздатылған филе, қанаттар, жамбас, сан еті, окорочка, бауыр, жүрек, мойын еті, рагу, фарш, тауықтың жарты еті, толық балапан секілді өнім түрін сатып ала алуға болады. Енді жуалылықтар Таразға, Шымкентке бармай-ақ өнімді тікелей фабриканың өзінің бағасымен сол жерден сатып ала алады. Жергілікті тұрғындар құс етіне деген таңдау жасауға мүмкіндік туғанына және оның нарықтағы бағасы жүйелі болғанына қуанып отыр. Кейбір сауда орталықтарынан өнім бағасы әлдеқайда төмен. – Маған дүкендегі құс етінің ассортименті ұнады, өйткені оның көптеген түрі бар екен. Бағасы да төмен. Мұздатылған және балғын етті қалауыңша таңдап алуға мол мүмкіндік бар. Мен тек осы фирмалық дүкеннен құс етін сатып аламын, – деді Көлбастау ауылының тұрғыны Валентина Околотина. Жуалылықтар ауданға осындай жағдай жасап таза, сапалы өнімдерімен қуантып, қанша жанды жұмыспен қамтып отырған Лечи Оздамировқа алғыстарын айтудан танған емес.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ, Жуалы ауданы