Саясат

ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ, НӘТИЖЕ ҚАЛАЙ?

ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ, НӘТИЖЕ ҚАЛАЙ?

Жуырда редакциямызға Талас ауданына қарасты Кеңес ауылдық округінің тұрғыны хабарласты. Негізі көп жағдайда тұрғындар қандай да бір мәселе туындап, биліктегілерге не қолы, не тілі жетпей амалы таусылғанда газетке жүгініп, журналистердің көмегіне арқа сүйеп жатады. Сондықтан қапелімде шағымданушы тұрғынның бірі шығар деп ойлағанбыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, өзін Серік Сағынбекұлы деп таныстырған ауыл тұрғыны мәселе емес, алғыс айту үшін хабарласыпты.

– Бөлтірік шешен ауылына, қателеспесем, 2021 жылдары табиғи газ беріліп, халықтың қуанышында шек болмады. Мүмкіндігі бар тұрғындар сол жылы-ақ үйлеріне газ тартып алды. Ал өзім қаржы тапшылығына байланысты үйге газ кіргізуді кейінге шегеріп жүргенмін. Сөйтіп, өткен жылы «қарызданып-қауғаланып болсын үйге газ тартып алайын» деп ойланып жүргенде «бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауылымызға жұмыс сапарымен облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы келе қалды. Аймақ басшысы округ әкімінің есебін тыңдап, тұрғындармен кездесті. Нұржан Молдиярұлымен кездесуде Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Серікұлы атқарылған жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерді де атап өтті. Ауылға газ кіргізілгенін, бірақ 20 шақты үйдің әлі де көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғанын жеткізді. Сонда облыс әкімі Кеңес ауылдық округіндегі газ кірмеген үйлердің тиісті құжаттарын рәсімдеп, ауыл тұрғындарының көгілдір отынды толық пайдалануына жағдай жасауды тапсырды. Шыны керек, сол кезде тапсырма әкім кеткен соң-ақ ұмытылады деп ойладым. Соңында сол ойымнан өзім ұялдым. Арада көп уақыт өтпей-ақ демеушілердің есебінен үйіме газ тартылып, сенер-сенбесімді білмедім. Сондықтан облыс әкімі Нұржан Молдиярұлына, аудан әкімі Нұрбол Әбдімажитұлына, Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Серікұлына алғыстан басқа айтарым жоқ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, облыс басшылығына риясыз алғысымды газет арқылы жеткізгенді жөн көрдім, – дейді Серік Бұралқиев. Ал Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Тәттібайдың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасынан кейін демеушілер есебінен жиырма шақты үйге газ тартылған. Қазіргі таңда ауылдық округ 100 пайыз газдандырылған. – Кеңес ауылдық округінде 1 741 тұрғын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті жарасымды ғұмыр кешуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ауылымыздың ажары ашылып, көркі кіріп, халықты толғандырған мәселелер оң шешімін тапты. Мәселен, биылғы жылдың өзінде бюджет есебінен екі көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қазір ауыл көшелері самаладай жарқырап тұр. Бір көшеге асфальт төселді. Биотермиялық шұңқыр салуға аудандық бюджеттен 22 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Демеушілер есебінен де тындырылған тірлік көп. Мамыр айында Бөлтірік шешен ауылында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «QazaqGaz» барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Дамыған әлем» қоғамдық қорының демеушілігімен баскетбол мен «Street workout» алаңшасы пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 1 отбасы баспаналы болды. Ағын су тапшылығын азайту мақсатында 3 ұңғыма қазылды. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Халықтың игілігі үшін қолға алынған жұмыстарымыз жалғаса бермек, – дейді Е.Тәттібай. Биыл Талас ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аймақ басшысының 9 ауылды газдандыруға байланысты берген тапсырмасына сәйкес биыл Аққөл, Қызыләуіт және Ақтөбе ауылдарына газ кіргізіледі. Қазіргі таңда 2,8 миллиард теңгеге газ құбырының құрылысы іске асырылуда. Ал Майтөбе, Қожағаппар ауылдарына 2 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қасқабұлақ, Есейхан, Қарой, Көктал ауылдарына газ тарту үшін 34,2 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұнан бөлек те Талас ауданында облыс әкімінің тұрғындармен кездесулері кезінде, жеке қабылдауларда берген тапсырмаларын орындау бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімінің бас инспекторы Дархан Акишевтің айтуынша, Нұржан Молдиярұлының қатысуымен былтыр және осы жылдың 6 айында Талас ауданының тұрғындарымен 8 кездесу өткен. Тұрғындар тарапынан 48 мәселе көтерілген. Былтырғы өткен кездесулерде барлығы 38 тапсырма берілсе, бүгінге дейін 20-сы орындалған. Ал 16 тапсырма орындалуда, 2 тапсырма орындалмаған. – Орындалған тапсырмалардың негізгілеріне тоқталсам, Үшарал ауылдық округінде жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория өткен жылы газға қосылып, нысанның құжаттары рәсімделді. Дәрігерлік амбулатория медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ауыл іргесінен 2 құдық қазылып, жердің көлемі 20 гектарға ұлғайтылды. Ақкөл ауылдық округіндегі жаңадан ашылған спорт кешеніне қажетті жиһаздар және спорттық құрал-жабдықтар алынды. Қаратау қаласындағы Қ.Қошмамбетов көшесі өткен жылы орта жөндеуден өтті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында 33 сауда орнының иесімен жалпы көлемі 945 тоннаға форвордтық келісімшарттар жасалды. Шаруа қожалық төрағаларымен бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2022 жылы 136 шаруа қожалық 750 миллион теңге субсидия алса, 2023 жылдың соңына дейін 150 шаруа қожалықты 850 миллион теңге субсидиямен қамту жоспарлануда. Талас ауданындағы индустриалды аймаққа инфрақұрылым жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаралды. Бүгінгі таңда мердігерлері анықталды. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады. Сол секілді 2023 жылы өткен кездесулерде 10 тапсырма берілген. 2 тапсырма орындалып, 6 тапсырма орындалуда, 2 тапсырма орындалмаған. Бостандық ауылдық округіндегі орталық саябақ пен ауылдық балабақшаның қоршауы жөнделіп, ретке келтірілді. Ақкөл-Талапты, Бостандық ауылдары арасындағы аудандық деңгейдегі жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деген Дархан Нұрланұлы орындалып жатқан тапсырмалардың да бірсыпырасына қысқаша тоқталып өтті. Атап өтер болсақ, тұрғындардың өтініші негізінде Қаратау қаласындағы «Бәйтерек» саяжайына ауызсу жүйесін тартуға 870,3 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, республикалық бюджетке ұсыныс берілген. Облыс әкімінің халықпен кездесулерінде ең көп көтерілген мәселе – баспанамен қамту. Қаратау қаласының тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында бүгінде құрылыс жұмыстары қамшы салдырмас екпінмен алға озған. 2023-2024 жылдары Қаратау қаласындағы бос тұрған көпқабатты 8 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы жылы 5 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, талай отбасы қоныстойын тойлайтын болады. Тамды ауылдық округіне қарасты «Дулатбай» су қоймасын қайта қалпына келтіру туралы тапсырмасына сәйкес «Жамбыл су қоймалары» мекемесі тарапынан құны 68,2 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, облыстық бюджетке ұсынылған. Негізгі тапсырма орындалған. Дегенмен ауыл тұрғындары «Дулатбай» су қоймасының жанынан жаңа су қоймасын салу жөнінде ұсыныс айтқан. Тұрғындардың ұсынысымен күз айларында белгіленген орынға ұзындығы 500 метр, биіктігі 1,5 метр дамба салынатын болды. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету бойынша аудан әкімдігі тарапынан маусым айында 982,5 мың теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілген. Облыс әкімдігі білім басқармасының теңгеріміндегі Ақкөл ауылындағы №2 жатақхананы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне өткізу жұмыстары басталып кеткен. Дархан Нұрланұлы облыс әкімінің таластық тұрғындармен кездесулерде берген тапсырмаларының барлығы аудан әкімдігі мен жауапты басқармалар, мемлекеттік мекемелер тарапынан іске асырылып жатқанын, назардан тыс, бақылаусыз қалған тапсырмалар жоқ екенін айтады. Талас ауданындағы бірнеше ауылдық округтің әкімімен, тұрғындарымен тілдескенімізде де бас инспектордың айтқандары ақиқаттан алыс емес екеніне көзіміз жете түсті. Мәселен, Талас ауданына қарасты Ойық ауылдық округінде құрылған «Ойық ата» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Батыр Бидайбеков мемлекеттің қолдауының арқасында ауыл тұрғындары «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы арқылы кәсіп ашып, табысын арттырып, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алғанын айтты. – 2020 жылы пилоттық жоба Талас ауданына қарасты Үшарал ауылдық округінде жүзеге асырыла бастағанда сырттай қызығып жүруші едік. Кейін облыс әкімімен кездесулерде тұрғындар тарапынан Ойық ауылын да жобаға енгізу жайлы ұсыныстар көп айтылды. Нәтижесінде арманымыз орындалып, жарқын жобаның шарапатын көру мүмкіндігіне ие болдық. Жыл басынан бастап тұрғындарға төмендетілген пайызбен несие беріле бастады. Қазіргі таңда тұрғындар мал санын көбейтіп, ауласындағы жерді тиімді пайдаланып, жеке кәсіптерін ашып, еңбектің көрігін қыздыруда. Сонымен қатар жуық уақытта ауылымызда заманауи үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бұқаралық спортты дамыту мәселесі облыс әкімімен кездесулерде бірнеше мәрте көтерілген болатын. Тұрғындардың талап-тілегі аяқсыз қалмай, нақты шешім қабылданғаны бәрімізді қуантты, – дейді Б.Бидайбеков. Байқағанымыздай, Талас ауданының әрбір елді мекенінде облыс әкімінің тапсырмалары шеңберінде айтып та, жазып та тауыса алмайтын жұмыстар атқарылуда. Бәрінен де ең маңыздысы – мәселелері рет-ретімен шешіліп жатқан соң халықтың көңілі шат, жүзінде қуаныш. Ертеңгі күнге деген сенімдері айқын. Талас ауданы