Әкімшілік әділет әлсіз тараптың құқығын қорғайды
Әкімшілік әділет әлсіз тараптың құқығын қорғайды
«Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс», деп атап өтті Президент. Сот жүйесіндегі тарихи әрі маңызды өзгеріс билік пен қоғамның алшақтығын жойып, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты бір жүйеге келтіруге негізделген еді. Бұл реформа шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыты ретінде ұсынылды. Әкімшілік әділеттің аясында 2023 жылдың 6 айында 712 әкімшілік іс түсіп, оның 526-сы қаралды. Өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда талаптар санының 143-ке (20,1 пайыз) өскені байқалады. Оның ішінде жер даулары, сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдар, салық, мемлекеттік сатып алу саласындағы келіспеушіліктер, тағы да басқа істер жетерлік. Есепті кезеңде шешім шығарумен 180 (34,2 пайыз) әкімшілік іс қаралды, оның 100-і (55,5 пайыз) талап қоюшылардың, яғни азаматтар мен бизнес субъектілерінің пайдасына шешілді. Жыл басынан апелляциялық тәртіппен 165 (31,5 пайыз) іс бойынша шағым келтірілген. 11 шешімнің күші жойылды, бұл 6,1 пайызды құрайды. Ал 7 шешім өзгертілсе, 52 шешім өзгеріссіз қалды. Соттар шенеуніктерді тәртіпке келтіруге, оларды адамдардың өтініштеріне мұқият болуға мүмкіндік беретін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілген тетіктерді белсенді қолданады. Шенеуніктердің қателіктері олардың басшысына немесе бағыну тәртібімен жоғары тұрған орган назарына жеткізіледі. Бүгінде соттар тарапынан істерді қарау нәтижелері бойынша әкімшілік орган мен лауазымды тұлғалар атына 40 жеке ұйғарым шығарылды. Тағы бір айта кетерлігі, Әкімшілік рәсімдік процестік кодекс нормаларында сот талаптарын орындамағаны, дәлелді себептерсіз сотқа келмегені, сот отырысын созбалаңға салғаны, тараптардың іс жүргізу міндеттерін орындамағаны, сот шешімдерін немесе татуласу туралы келісімді бекіту туралы ұйғарымдарын орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Биылғы алғашқы алты айда барлығы 1 345 500 теңгеге 11 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды. Бүгінде барлық ақшалай өндіріп алулар орындалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған сот реформасы әділетті қоғам қалыптастыруға негізделген. Бұл тұрғыда кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы орайда мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шаралары да жандана түсуде. Есепті кезеңде әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы мен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьялары «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізді. Басқосу барысында мемлекеттік және әкімшілік органдардың жауапты қызметкерлеріне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормалары түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік және әкімшілік органдарға әкімшілік істерді қараудағы сот тәжірибесі, барлық дәрежедегі шенеуніктер жіберетін қателіктер туралы тұрақты негізде хабарланады. Ақпараттық сипаттағы осындай жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, теледидар арқылы да жүргізіледі. Динара НҰРЛЫБАЕВА, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы