Әлеумет

400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады

400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасымен, мектепке қажет керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге материалдық көмекпен қамтылатын болады.

Биыл әр білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Барлық ақша аударымдары ата-аналардың карточкалық шоттары арқылы жүзеге асырылады. – Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқкиім, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, – дейді Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан. Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100 пайыз қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. «Жалпыға бірдей оқыту» қоры атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады. Оның ішінде Абай облысындағы апаттан қаза тапқан орманшылардың балалары бар. Ал биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 48 671 балаға 40 567 теңгеден 1 миллиард 974 миллион 436 мың теңге қаржы қарастырылды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаеваның мәлімдеуінше, қаражат Тараз қаласындағы ата-аналардың жеке шоттарына жіберіліп жатыр. Ал аудандарда 10 тамызға дейін аударылады. Өткен жылы осы акцияның аясында демеушілер есебінен 7 656 балаға 108 миллион 308 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген болатын. Айта кетейік, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу үшін жыл сайын жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Биыл дәстүрлі қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен өткізіледі.