Биылдан бастап БЖЗҚ-дағы қаржыны туыстардың еміне де жұмсауға болады
Биылдан бастап БЖЗҚ-дағы қаржыны туыстардың еміне де жұмсауға болады
Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, бұдан былай азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржысын баспана жағдайын жақсартудан бөлек, жақын туыстарының еміне де жұмсай алады, деп хабарлады 31 арна. Ал ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар кәсіптік зейнетақы жарнасын бір реттік төлем кезінде қолдана алмайды. Бұл өзгерістер жаңадан енгізілген әлеуметтік кодексте қарастырылған. 1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс өз күшіне енді. Осыған сәйкес азаматтардың зейнетақы қорынан ақша алу ережелеріне де өзгерістер енгізілген. Мәселен, ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер бұған дейін міндетті зейнетақы жарнасы мен кәсіптік зейнетақы жарнасын баспана алуға немесе емдеуге жұмсай алатын. Енді бұдан былай біржолғы зейнетақы төлемін алар кезде олардың кәсіптік зейнетақы жарнасы есептелмейді. Демек азаматтар жарнаның бұл түрін үй алуға немесе емге жұмсай алмайды. Есесіне сенімгерлік басқаруға берерде еш кедергі болмайды.
Сонымен қатар азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдерін жақын туыстарының еміне немесе баспана жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Жақын туыс санатына ата-ана, туған немесе асырап алған балалар, асырап алушылар, ата-әже және немерелер кіреді. Экономист Меруерт Махмұтова бұл, әсіресе, жалақысы төмен азаматтарға тиімді дейді.
Сондай-ақ сарапшы әу баста зейнетақы қорындағы қаражатты баспана алуға немесе емдеуге жұмсау туралы шешім дұрыс емес дейді. Себебі аз жалақыға күн көретін қарапайым халық зейнетке шыққан кезде табыссыз қалу қаупі бар. Сәйкесінше бұл жоғары жалақы алатын лауазымды тұлғалар мен биліктегі басшылық қызметте жұмыс істейтіндерге ғана тиімді екенін түсіну керек.