Өзгелер қайтарымсыз қаржыны қалай алып жүр?
Өзгелер қайтарымсыз қаржыны қалай алып жүр?
– Биыл «Бастау Бизнес» жобасы үшін ауданда қанша қаржы бөлінді? Мұны сұрауымның себебі мен де мемлекеттік грант алудан үміттімін. Дегенмен біздің аудандағы осы істің басы-қасында жүргендерге салса, маған қайтарымсыз қаржы тұрмақ, оның құлағын да ұстатпайтын түрі бар. Барлығын басынан бастасам, былтыр өз ауламнан қора салып, қоян бағуды қолға алдым. Қазақ қоянды мал деп есептемесе де, әлеуметтік желіден оны асыраудың қыр-сырын меңгеріп, бағып көруге бел байлағанмын. Бұл шешімім дұрыс болған екен. Шүкір, өсірген қояндарым пайда әкеліп, әжептәуір табысқа да кенелдім. Қоян асырап та табысқа кенелуге болатынына көзім жетті. Менің отбасым көпбалалы отбасы санатына жатады, өйткені төрт балам бар. Ал көпбалалы отбасылар мемлекетке алақан жаймай, кәсіппен айналысса, бұдан артық не керек? Дегенмен өз кәсібімді «Бастау Бизнес» арқылы дамытсам, мұның да тигізер көмегі көп болар еді. Бірақ ол грантты алуда бірқатар қиындықтар туып отыр. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барғанымда олар «Жұмыспен қамту орталығына» қарай жөн сілтеді. Ол орталық маған жергілікті әкімшілікке баруым керектігін айтты. Ал әкімшіліктегілер «бұл мәселеге біз жауапты емеспіз» дегенді алға тартты. Аталған мекемедегі мамандардың «Саған бұл қаржыны алуға болады, не болмайды» деп біреуі айтпады. Мен құжаттарымды сонда қай мекемеге өткіземін? Өзгелер қайтарымсыз қаржыны қалай алып жүр? Оны алудың жолы қандай? Осы сұрақтарға жауап алғым келеді. Мақсат БЕГІЛДА, Құмжота ауылының тұрғыны, Байзақ ауданы – Осы жылдың ақпан айындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес қайтарымсыз грантқа https://business.enbek.kz/crtr/ сайты арқылы өтінім беруге болады. Кез келген азамат халықты жұмыспен қамту орталығына келмей-ақ, интернет желісіне қосылатын (смартфон, ұялы телефон, компьютер, ауылдық округіңізге қарасты өзін-өзіне қызмет көрсету бұрышы және тағы басқа) құрылғы арқылы өтініш бере алады. Тұрғындар «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсынан өту үшін https://business.enbek.kz/crtr/ порталына тіркеліп және сол портал арқылы оқуға өтінім береді. Жалпы осы жылы Байзақ ауданы бойынша 363 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Оның ішінде 261-і 29 жасқа дейінгі жастар және осал топтағы (аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар – көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы алатын отбасы мүшелері және оның жұбайы, оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасымен қоныс аударушылар, қандас куәлігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар) 102 азаматқа грант беру жоспарланған. Қайтарымсыз грантқа өтініш білдірген азаматтардың өтініштерін аудан деңгейінде құрылған комиссия қарайды. Өтініш білдірген үміткерлерге комиссия отырысы болатын мекенжайы және уақыты портал арқылы жіберіледі. Үміркерлер өздерінің бизнес жоспарын комиссия мүшелеріне таныстырады. Комиссия отырысында аудио және видео түсірілімі жүргізіліп, хаттамамен рәсімделеді. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда қайтарымсыз грант беріледі. Дидар САНСЫЗБАЕВ, Байзақ ауданы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы