Ауыл шаруашылығы

«АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» АЖАРЛАНҒАН АУЫЛ

«АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» АЖАРЛАНҒАН АУЫЛ

Ауыл – алтын бесік. Алтын бесігімізді сақтау, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданып, жүзеге асып жатқаны белгілі. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Былтыр біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасымен он ауыл қамтылса, биыл 26 ауыл шапағатын көреді деп жоспарланған. Олардың арасында Талас ауданындағы Ойық ауылдық округі де бар. Жуырда БАҚ өкілдері Ойық ауылына арнайы барып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Агротехқызмет» құрылымының мамандары БАҚ өкілдерімен бірге барды. БАҚ өкілдерін аталған ауылға «Агротехқызмет» құрылымының эксперті Ұлан Қасқабасов бастап барды. Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбаевтың айтуынша, округте 2 900-ге жуық тұрғын, 432 аула бар. Осы күнге дейін 111 адам «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несиелерін алып, түрлі бағытта ойға алған шаруаларын жүзеге асырып жатыр. Несие алған ауыл тұрғындары «Ойық ата» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрған. Өндірістік кооператив төрағалығына белсенді азамат Батыр Бидайбеков сайланған. Батыр да істің адамы болып шықты. Кооперативті техникамен жабдықтау бағыты бойынша 53 миллион 720 мың теңгеге 4 трактор алынған. Мұнан бөлек кооператив төрағасы өз қаражатына 3 қосымша тіркеме сатып алыпты. Бұл жаңа тракторлар үшін мемлекеттен 50 пайыз субсидия төленеді. Қалған 50 пайызын бірнеше жылда өтейді. Былайша айтқанда, 4 трактордың екеуін Үкімет тегін беріп отыр деген сөз. Осы кооператив құрылып, жұмыс істей бастағаны үшін аудан тарапынан 85 гектар суармалы жер берілген. Оған кооператив мүшелерінің үлесін қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, кооператив 400 гектарға жуық алқаптан қысқы мал азығын дайындауға мүмкіндік алды. Оның 300 гектары пішен болса, 100 гектары уақ малға арналған қараот. Қазіргі таңда судай жаңа 4 трактор шабындықта шөп дайындап жатыр. Осы кезге дейін 8 мың түк пішен дайындалса, алдағы уақытта тағы 8 мың түк шөп әзірлеуге мүмкіндік бар. Кооператив бүгінгі таңда жағдайы төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға 50-60 түк шөпті тегін түсіріп берсе, кооператив мүшелеріне түгін 500 теңгеден ұсынып жатыр. Ал бір түк шөптің нарықтағы бағасы 750 теңге көлемінде. Сонда әр түктен 250 теңге жеңілдік бар. Бұл – үлкен қолдау. Осындай жеңілдікпен 150 түк шөп алған Жарқынбек Бекқошқаров: «Бұл – кооперативтің үлкен көмегі. Бірлік пен ынтымақтың белгісі. Осы кооперативтің жұмысы жандана беретініне сенемін», десе, 2-топ мүгедегі Қалдан Бектасов: «Маған екі рет 30 түктен тегін пішен шөп түсіріп берді. Ол үшін ауылдық округ әкімдігіне, кооперативке алғыстан басқа айтарым жоқ», дейді. Ойық ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасының малшаруашылығын дамыту бойынша несие алғандар көп. Жалпы 546 миллион 540 мың теңгеге 370 мүйізді ірі қара, 27 бұқа, 531 жылқы, 3700 ұсақ мал алынған. Одан бөлек малдың қысқы азығын дайындауға 12 миллион 890 мың теңге бөлініп отыр. Мұның барлығы ауыл экономикасының дамуына деген қолдау. Біз «Ауыл аманаты» жобасымен алған несиесін мақсатты пайдаланып жатқан біраз азаматтың жұмысын көзімізбен көрдік. Мәселен, Фахредин Рахаев деген азамат үйінің жанынан көлік жөндейтін және көлік жуатын орын ашқан. Фахредин Төленұлы 3 миллион 950 мың теңге несие алып, көлікті көтеретін қондырғы, көлікті жууға арналған құралдар сатып алған. Ал көлік тұратын және жууға лайықталған жабық ғимаратты өз қаржысына салып алыпты. Бұл белсенділігінен жеке кәсіпкердің жұмысы алға басатынына көзіміз жетті. «Бұрыннан көлік жөндеуге бейімім бар еді. Осы кезге дейін өз ауламда, кейде күннің астында көлік жөндеп келдім. Енді төбесі жабылған ыңғайлы цехта жұмыс істеймін. Бұл – қуаныш. Одан бөлек өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығым жұмыс істемекші. Мұндай қызмет түрі бұрын біздің ауылда болмаған. Бұйыртса, сәтті болады деген сенімдемін. Келешекте екі адамды жұмыспен қамтымақшымын», дейді. Мұнан соң біз Тілеу Төлжановтың шаңырағына бардық. Тілеу Жақсылықұлы жылқы өсірумен біраз жылдан бері айналысады. Бұрыннан 11 жылқысы бар. Енді «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7,5 миллион теңге несие алып, 19 жылқы сатып алған. Қазір бас-аяғы 30 биесі бар Тілеу оның жуасыған 8-9 биесін сауып, қымыз дайындап отыр. Тәулігіне 25-30 литр қымыз өндіріп, литрін 700-800 теңгеден сатып жатыр. «Қымыз өндіру жұмысын енді кеңейтіп жатырмыз. «Ауыл аманаты» жобасымен алған қаражатым да маған көп қолдау болды. Енді жылқы өсірумен мықтап шұғылданамын. Жанымда 19 жасар балам – Тілек Жақсылық көмек беріп жүр. Алдағы уақытта жылқы басын едәуір молайтып, біраз адамды жұмыспен қамтысам деп отырмын», дейді жеке кәсіпкер Тілеу Төлжанов. Біз келесі сәтте өз ауласын бау-бақшаға айналдырып отырған Тұрмахан Таңжарықовтың үйінде болдық. Асыл жары Майра Жылқыбекова екеуі 50 сотық жерге қияр, қызанақ, бұршақ, қарбыз, қауын және жоңышқа сеуіп, мол өнімге қол жеткізіп отыр. «Біздің ауылда арықпен келетін су жоқ. Төрт жерден бұрғы арқылы жерасты суын қазып, сол суды лаждап пайдаланып отырмыз. Бұрынғы көл-көсір судың дәурені өтті. Су мәселесі болмаса мұнан да үлкен көлемге бақша егетін едік. Дегенмен алдағы уақытта да бақша өнімін, жоңышқалықты ұлғайтуды көздеп отырмыз», дейді отағасы Тұрмахан Таңжарықов. Мұнан соң кооператив төрағасы Батыр Бидайбековпен бірге жаңа тракторлар шөп дайындап жатқан «Майлыкөл» алқабына бардық. Мұнда су жаңа төрт трактор жұмысты өндіріп жатыр. Тәулігіне 300 түк пішен дайындалуда. Ол дегеніңіз – ел ырысы. Механизаторлар тыным таппай еңбек етуде. Атап айтқанда, орақ тіркеген тракторшы Бердіхан Сәттеров, тырмалаушы механизатор Бауыржан Жамбыл, шөп тайлағыш механизатор Бекнұр Рыскелді еңбек көркін қыздыруда. Күзетші Бәйте Олжабекұлының да жұмысы жеңіл емес. Кооператив төрағасы Батыр Бидайбеков: «Бұл шөп дайындау науқанының басталғанына 45 тәулік болды. 8 мың түк пішен дайындалды. Әлі 45 тәулікке жететін жұмыс бар. Тағы 8 мың түк шөп дайындау жоспарда тұр. Бұл дегеніңіз жаңа техниканың күші. Кооперативтің, елдің біріккен ауызбірлігінің арқасы. Бұлай бірігу болса жұмыс жемісті боларына көзіміз жетіп отыр» дейді. Ойық ауылдық округіндегі жұмысты қорытындылап, Ұлан Қасқабасов БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берді. «Біздің келгендегі мақсатымыз – «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылып жатқанын қадағалау. Бұл округте жемісті жұмыс жүріп жатқанына көзіміз жетті. Осы жұмысты облыстағы өзге ауылдарға үлгі ету мақсатында баспасөз турын өткіздік. Алдағы жылдарда бұл ауылдық округтің даму көрсеткіші жақсара түсеріне көзіміз жетті. Ауылдың белсенді азаматтарына мол сенім артамыз. Өзге ауылдармен де осылай белсенді жұмысты жалғастырамыз», деді. Есет ДОСАЛЫ, Талас ауданы