Жаңалықтар

ТАРАЗДЫҚ АРАЙЛЫМ СОВЕТОВА – ОБЛЫСТЫҢ ҮЗДІК МЕЙІРГЕРІ

ТАРАЗДЫҚ АРАЙЛЫМ СОВЕТОВА – ОБЛЫСТЫҢ ҮЗДІК МЕЙІРГЕРІ

«Халықаралық медбике күніне» арналған орта медициналық білімі бар мамандар арасында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің базасында «Стационарлық қызметтің үздік мейіргері – 2022» атты облыстық кәсіби байқау өтті. Оны «Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігі» қоғамдық бірлестігі облыста мейіргер қызметін ұйымдастырудың жаңа моделін енгізу және іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының орындалу тапсырмасы аясында ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – мейірбике мамандығының кəсіби біліктілігі мен мəртебесін көтеру, халыққа мейірбикелік қызмет көрсету сапасын арттыру, еліміздің орнықты əлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту. Сондай-ақ байқаудың негізгі міндеттері – маңызды мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асыру үшін орта медициналық мамандардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету, дарынды жəне шығармашыл мейірбикелік іс мамандарын анықтау жəне марапаттау, мейірбикелердің кəсіби дайындықтарының деңгейін анықтау, кəсіби қызмет шеңберінде туындаған мəселелерді өз бетінше жəне тиімді шешу біліктіліктерін қалыптастыру . Облыстық кәсіби байқаудың комиссия құрамында төраға ретінде облыстың бас дәрігері – облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің өзі болды. Сонымен қатар байқау комиссиясының мүшесі ретінде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлердің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова (комиссия төрағасының орынбасары), Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жамиля Сарыбекова және де басқарманың бірқатар бөлім басшылары мен емхана өкілдері қазылық етті. Үміткерлер 2 тур, 4 кезеңнен тұрған байқаудың «біссімілләсін» (1-кезең) сəлемдесу сайысымен бастады. Ал 2-кезеңде қазылар олардың теориялық білім деңгейін бағалады. 3-кезең «Медициналық тақырыптағы атаулы күндер», «Медициналық терминология» тақырыптарында блиц-турнир түрінде өтті. 4-кезеңде тəжірибелік дағдыларын көрсетіп, Аймақтық симуляциялық орталықтың клиникалық стансаларында симуляциондық құралдарды қолдану арқылы (манекендер, симуляторлар, фантомдар, муляждар) біліктіліктерін сынады. Жалпы облыстық кəсіби байқауға облыстық, қалалық жəне аудандық 14 медициналық ұйымның мейірбикелері қатысты. Байқау соңында комиссия мүшелерінің, сарапшылар мен əділ-қазылардың қорытындысы бойынша облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикесі Арайлым Советова І орын иегері атанды. ІІ орын Меркі аудандық орталық ауруханасы оңалту орталығының мейіргері Айнұр Имашеваға бұйырды. ІІІ орынды Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімше мейіргері Насихат Тілеуқорова мен қалалық көпбейінді ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің мейіргері Балнұр Көпбосынова өзара бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлер «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлердің салалық кəсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалы жəне «Жамбыл облысы Мейіргер ісі мамандарының кəсіби бірлестігі» ҚБ-ның дипломы жəне бағалы сыйлықтармен марапатталды.

А.ЖАҢАБАЙ