Жаңалықтар

ЖЫЛУЫ МОЛ ЖАНҰЯЛАР ЖҰРТҚА ҮЛГІ

ЖЫЛУЫ МОЛ ЖАНҰЯЛАР ЖҰРТҚА ҮЛГІ

«Анаға тағзым» орталығында «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов қатысып, конкурс жеңімпаздарын құттықтады.

– Отбасы сүйіспеншілік пен махаббаттың, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Кез келген зиялы қоғамның басты тірегі. Әрбір отбасының амандығы кез келген елдің дамуы мен келешегінің кепілі. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысында «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады» деп айтқан болатын. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Әрі бір елдің іргесінің мықтылығы сол елде өмір сүріп жатқан адамдардың сауаты мен мәдениетіне тікелей қатысты. Сондықтан да отбасыны әрқашан біз қоғамның бір керегесін ұстап тұрған маңызды күш ретінде бағалаймыз. Бүгінгі конкурстың да басты мақсаты ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, үлгілі отбасыларды көрсету. Әрі бұл байқауға қатысып, жеңімпаз атанып отырған отбасылар шынымен де өмірде береке-бірлігі жарасқан, ата-анасын ардақтаған балалар мен баласына дұрыс тәрбие берген ата-аналардан құралған. Сіздердің отбасындағы өнегелі үлгілеріңіз жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жастардың жарасымды жанұя құруына да өз әсерін береді деген сенімдеміз. Расында, тату-тәтті әр отбасы марапатқа лайықты, – деді облыс әкімі. Аталған конкурс биыл 8 рет өткізіліп отыр. Байқаудың аудандық, қалалық кезеңі 15 мамыр мен 1 шілде аралығында өткізілген болатын. Нәтижесінде арнайы комиссия құрамының саралап, сараптауымен облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алды. Сонымен, байқаудың бас жүлдесін Шу ауданының өкілдері, бүгінде 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген, осы күнге дейін 3 отбасыға демеушілік көрсетіп, тұрғын үй алып берген меценаттар – Мадалиевтер отбасы жеңіп алды. Отағасы ретінде Нұрмаханбет Мадалиев ұйытқысы болған бұл отбасы қайырымдылықпен айналысады. Ұлдары Құрманғазы Мадалиев – ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Ақ жүрек» номинациясының иегері, Қанат Мадалиев – «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері болса, Сағадат Мадалиев облыс бойынша «Жомарт жүрек» номинациясының иегері. Сондай-ақ бұл отбасы «Қалқа» шаруа қожалығы арқылы ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып отыр. Ал І орын 5 ұл, 6 қыз дүниеге әкеліп, 28 немере, 44 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған Мойынқұм ауданының тұрғыны Әмреқұл Исабековтер отбасына бұйырды. ІІ орынды спортшылар әулеті аталып кеткен – тараздық Сметовтер мен зияткер жанұя – Өтеповтер отбасы өзара бөлісті. Айта кету керек, Сметовтер – спорт саласындағы 3 буынды отбасы. Отағасы Бақытбай Сметов 2-разрядтағы еркін күрестен спорт шебері болса, үлкен ұлы Бақберген Сметов өнер көкпары бойынша «Әулие-ата» командасының капитаны, «Жамбыл» триосының баянист-әншісі. Ортаншы ұлы Жандос Сметов кәсіпқой дзюдошы, спорт шебері, аға жаттықтырушы. Ал кіші ұлы Елдос Сметов Рио де Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, Жапонияның Токио қаласында өткен Олимпиада ойындарының қола медаль иегері, әлем чемпионы. ІІІ орын жуалылық Қанатбек Сұрымбаевтың еңбеккер отбасына және Талас ауданынан келген өнерлі отбасы Иманбаевтар (отағасы Шыңғысайтмат Иманбаев) әулетіне бұйырды. Айта кету керек, бас жүлде алған Мадалиевтер отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық марапаттау рәсіміне қатысатын болады.

Шапағат ӘБДІР