Жолдың жайы басты назарда
Жолдың жайы басты назарда
– Биыл бөлінген қаржы есебінен 3,3 шақырым жолды құрылыспен, 11,4 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған. Осы жылдың алты айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 317 автокөлік құралы тексерілген. Сондай-ақ 444 әкімшілік хаттама толтырылып, 49222,1 мың теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 36010,6 мың теңге өндірілді, – дейді Д.Мырқалықов. Бұдан бөлек карьер автокөліктерін тексеру, техникалық байқау орталықтарының жұмысы, теміржол көлігіндегі бақылау бойынша да ақпараттар айтылды. Аймақ басшысы облыстық маңызы бар жолдармен жүк көліктерінің рұқсат етілген мөлшерден асыра жүк тасуы тоқтамай отырғанын, соның салдарынан тасжолдар бүлініп, бюджет қаражатына қосымша салмақ түсіп, автокөлік жүргізушілерінің наразылығы туып отырғанын сынға алды. Бұл тұрғыда айыппұл салу көрсеткішінің көңілден шықпайтынына айрықша тоқталды. Сонымен қатар облыстық маңызы бар жолдарда көлікті бақылау бекеттерінің жұмыс жүргізбейтінін де мысалға алып, себебін сұрады. Мұнымен қатар облыстық маңызы бар автожолдарға жүргізілген талдаудың қорытындысы ойдағыдай еместігін атап өтті. Келесі кезекте «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Айжан Туғанованың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1198,5 шақырымды құрайды екен. Бүгінде ұзындығы 413 шақырым болатын автожол учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Жобалар кезең-кезеңімен аяқталып, пайдалануға берілуде. Аймақ басшысы жол жамылғыларындағы ақаулардың аз еместігін жасырмай, кейбір жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігін ескертті. – Басты талап – жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтіп, сапаның сақталуын қатаң қадағалау. Бұл тұрғыда тұрғындардың шағымы мен талабы орынды. Әрбіріміз өз міндетімізге аса жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Ауылішілік жолдардың құрылысы мен жаяу жүргіншілер жолын да назардан тыс қалдырмаңыздар. Жол жөндеу кезінде сол көшедегі жұмыстар кешенді түрде ойластырылып, атқарылуы тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары бойынша облыстық көрсеткіштің жақсы еместігін тілге тиек еткен облыс әкімі қажетті аумақтарда полиция департаментімен бірлесіп жол белгілерін орнатудың маңыздылығын жеткізді. Жиын қорытындысында аймақ басшысы облыстық маңызы бар жолдарда тиісті деңгейде көліктік бақылау шараларын жүргізу, республикалық маңызы бар автожолдардың бойына мал шығып кетуінің алдын алу үшін қоршаулар орнату жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, Сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдардың бойындағы барлық ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру, жол бойында қоқыс тазарту жұмыстарының күнделікті жүргізілуін қамтамасыз ету бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.