Антыңа адал бол, жауынгер!
Антыңа адал бол, жауынгер!
Сарбаз болып сап түзеп, Отан алдында серт берген өрендерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әміреев бастаған қонақтар құттықтап, ел тыныштығын күзету абыройлы іс екенін жеткізді. – Отан үшін аянбай еңбек ету жолында Қарулы Күштеріміздің қатарын толықтыру – патриоттық іс. Әрбір азаматтың қастерлі борышы сол болса керек. Азаматтық борыш тек қана қанды қырғын, шабуыл-шайқаспен ғана өтелмейді. Бүгінгі таңда ер-азаматтың берген антына деген адалдығымен өлшенетіні анық. Сіздердің жас шақтарыңызда ант қабылдау бала өмірден ересек өмірге қадам басу болып саналады. Әрбір азамат өз бойына екі есе жауапкершілік жүктелгенін сезінуі қажет. Кез келген уақытта, қай жерде болсаңыздар да ұлттың қауіпсіздігіне жауапты екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Сіздер ел және заң алдындағы жауапкершілікті жіті сезініңіздер, – деді Т.Әміреев. Сарбаздардың ата-ана, жақын-достары олардың әскери форма кигенін, автомат ұстап, сап түзеп өткенін сүйсіне тамашалады. Осы сәтте біз де жан-жақтан келген ата-аналармен тілдестік. – Ұлым бүгін әскери ант қабылдап, өміріндегі маңызды оқиғаны басынан өткізді. Отан алдындағы борышын Тараз қаласында өтейтініне қуаныштымыз. Ұлымның кішкентай кезінен әскерге баруға құлшынысы жоғары болды. Әке ретінде ұлымның шешімін құптап, ақыл-кеңесімді айттым. Жақсы әдет қалыптастыру, бір режимге дағдылану әскерден басталады, – дейді ата-ана Тілеумұрат Балқаш. Ата-аналардың атынан сөз сөйлеген жас сарбаз Олжас Сейдуалының әкесі Орал Бұзаубаев сарбаздарға анттарына адал болуға, әскери қызметтің қиындықтарына мойымай, табандылықпен төтеп беруге шақырып, үйге, ата-аналарына аман-есен оралуларына тілектестігін білдірді. Ал жас сарбаз Виктор Ганеевтің анасы сарбаздарға арнаған өлеңін оқып берді. Сонымен қатар сарбаз Ережеп Құрбановтың әжесі Анар Ибрагимова немересінің Ұлттық Ұлан қатарында әскери борышын өтейтінін мақтан тұтатынын айтып, қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ Алматы қаласынан келген ана Лейла Саябаева да көзіне жас алып, көпшілікке ақ тілегін арнады. – Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге Алматы қаласынан арнайы келдік. Әскердегі жаға ұстатарлық жайттарды естіп-біліп жүрген соң уайымдағаным рас. Бірақ бүгін қобалжыған көңілім орнына түсті. Шүкір, ұлымның жағдайы жақсы екен. Ешқандай шағымы жоқ. Күні кеше қасымызда еркелеп жүрген бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып тұрғанын көріп төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұр. Командирлерінің қамқорлығына алғыс айтамын. Антына адал болып, ортамызға абыроймен оралады деп сенемін, – деді Л.Саябаева. Ант қабылдау рәсімінде әр сарбаз өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Отанға адал қызмет етуге серт берген жас жауынгерлердің жауапкершіліктің салмағын анық сезінгені саптық жүрісінен, әскери мәдениеті мен темірдей тәртібінен айрықша байқалып тұрды. – Сарбаз болып әскерге келу – әр азаматтың Отан алдындағы борышы. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін әскери өмірге алғаш қадам жасаған сәтте ата-анамыздың артқан үміті бізді алға жетеледі. Алдағы уақытта әскери бөлімнің абыройын түсірмеуге, берген сертте тұруға ант етеміз, – деген Абай облысынан келген қатардағы сарбаз Рауан Тымбаев өз қуанышымен бөлісті. Осы орайда статистикаға сүйенсек, бүгінде жастар арасында әскерге өз еркімен баратындардың саны аз екен. Ал дәрігерлердің дерегінше, әскерге шақырылған жастардың басым көпшілігінің денсаулығында кінәрат бар. Бұрын майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері белең алса, қазір көбінің көру қабілеті нашарлаған. – Биыл 2003-2004 жылы туғандарды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Мұның барлығы компьютер мен телефонға көп телміргеннің салдары. Мұнан бөлек те жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар көп кездеседі. Бел-омыртқа жарығы, остеохондроз, сондай-ақ семіздік көбейіп барады. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Одан кейін асқазан-ішек жолы ауруларын атар едім. Жігіттердің шамамен 20-25 пайызы әскерге жарамсыз, – дейді әскерге шақыру медициналық комиссиясының дәрігері Гүлжан Мырзашева. Расында, қазір болмашыны сылтауратып, әскерге баруға ықылас танытпай, қашып жүретін жастар көп. Сондықтан 2023 жылдан бастап әскерге барғандарға қарастырылатын жеңілдіктер көп екенін айрықша атап өткіміз келеді. Соның бірі – әскерден келген жастар университетте тегін оқи алады. Яғни сарбаздарға тегін грант бөлінбек. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскердегі борышын өтеген кез келген азамат еліміздің жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз ақылы бөліміне түсе алады. Ал әскер қатарындағы үздіктер тегін оқи алады. Оларды Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ұлттық Ұлан өз критерийлеріне сай анықтайтын болады. Бүгінде Қорғаныс министрлігі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Тұран Астана» университеті, Қазақ технология және бизнес университеті сынды 42 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасаған. Олар мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 100 пайыз жеңілдікпен 3 мыңдай орын ұсынады. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің тағы бір бастамасы – әскерде борышын өтеп жүргендерге кредиттік демалыс беру. Яғни 13 айға дейін несиесін төлеуді тоқтата тұру. Бұл бастама да азаматтардың әскерге баруға құлшынысын оятады деген үміт бар. Қалай болғанда да жастарды сарбаз болуға ынталандыру қажет. Бұл бастамалар жастар көңілінен шығып, әскерге баруға ынтасын арттыра түседі деп сенейік.