ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев полигондардың жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, облысымыздағы 163 полигонда жыл басынан бергі 6 айда 25,1 мың тонна қалдық жинақталған. 2,4 мың тонна қалдық бөлек жиналып, сұрыпталған. Яғни сұрыпталғаны жиналған қалдықтың тек 10 пайызын құрайды. Басқарманың жоспарына сәйкес 6 айда сұрыпталған қалдықтың үлесі 13 пайызды, жыл қорытындысы бойынша 19 пайызды құрауы тиіс болған екен. Осы орайда Олжас Елебекұлы Тараз қаласында, Жуалы, Сарысу, Талас және Қордай аудандарында қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату үлесі төмен орындалып жатқандықтан жылдық индикаторлық көрсеткішке қол жеткізбеу қаупі бар екенін ашық айтты. Келесі кезекте басқарма басшысы бірқатар мәселелерді жіпке тізіп, шешу жолдарын ұсынды. – Облысымыздағы коммуналдық меншіктегі 158 полигонның барлығы қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсаты рәсімделіп, экология департаментінен рұқсат қағаз алынған. Санитариялық талаптарға сай. Дегенмен өткен жылы зерделеу барысында қосымша 8 полигонның қоршауларын қалпына келтіру қажет екендігі анықталды. Басқарма тарапынан қоршауларды қалпына келтіру бойынша бірнеше рет ұсыныс берілген болатын. Сонымен қатар қалдықтарды тасымалдау қызметі тек Тараз қаласында және аудан орталықтарында жүргізіледі. Айта кетерлігі, Қордай және Мойынқұм аудандарында қалдықтарды тасымалдау қызметімен айналысатын мекемелер жоқ. Талас, Сарысу және Шу аудандарында тек аудан орталығынан ғана қалдық тасымалданады. 2018 жылы басқарма мен аудан әкімдерімен келісілген іс-шара жоспарына сәйкес әр аудан орталығында орналасқан полигондарға сұрыптау кешенін және қалдықтарды престеуге арналған жабдық орнату қажет болатын. Бүгінгі таңда Жамбыл және Меркі аудандары сұрыптау кешенін орнатты. Нығыздау жабдығын орнатуды 6 аудан ұйымдастырды (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу). Тараз қаласы және Шу, Мойынқұм, Талас, Қордай аудандарында тиісті жұмыстар атқарылмаған. 2023 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесі бойынша облыс аумағында 190 кездейсоқ қоқыс орны анықталды. Облыс бойынша 101 кездейсоқ қоқыс орнын жою қажет, – деген Олжас Елебекұлы мұнан кейін тариф және айыппұл мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда тек Мойынқұм және Шу аудандарында тарифтер бекітілген. Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Сарысу, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында тарифтерді бекіту бойынша берілген тапсырма орындалмаған. Сондай-ақ есепті кезеңде 4 461 әкімшілік құқықбұзушылық орын алып, 4 316 ескерту беріліп, 145 айыппұл салынып, 3,4 миллион теңге өндірілген. Олжас Елебекұлы әкімшілік құқықбұзушылық саны көп болғанымен айыппұлдың саны өте төмен екенін жеткізді. Басқарма басшысы құқықбұзушылық анықталған жағдайда бірден айыппұл салуға көшуді ұсынды. Мәселен, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында дерек анықталса да тек ескертумен шектелген. Басқарма басшысы баяндамасын қорытындылай келе, өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсынысын ортаға салды. – Облыста шамамен 3,2 миллион тонна қалдық жинақталған. Тараз қаласында – 2,6 миллион тонна. Жыл сайын қалдықтардың түзілуі шамамен 60-75 мың тоннаны құрайды. Мәселені шешу мақсатында өңірде инвесторларды тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары «Hasanat group» компаниясының, «Байтақ болашақ», «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест», «Таза планета СТ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің және Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялық жобалары қаралды. Алайда жобалардың барлығы келіссөздер деңгейінде қалуда. Себебі инвесторлардың талабы – қалдықтарды басқарудың аумақтық схемасын әзірлеу, тарифтерді көтеру, инфрақұрылымды дамыту және полигонды жекеменшікке беру. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту үшін әр қала және аудан орталықтарында қалдықтарды сұрыптауға және өңдеуге арналған кешен орнату қажет. Сонымен қатар облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жобаларға инвесторларды тарту жұмыстарын және гранттар бөлуді, қоқыс өңдеу кешені салынған жағдайда қайта өңделген қалдықтардың көлемін ішінара субсидиялау (25-30 пайыз өтеу) тетігін қарастыруды ұсынамыз, – деді О.Баққараев. Ал облыс әкімі баяндамада айтылған мәселелерге жеке-жеке назар аударып, басқарма басшыларынан, аудан әкімдерінен жауап алды. – Біріншіден, айыппұл мәселесіне тоқталсақ. Өткен жылы қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарында абаттандыру қағидаларын бірінші рет бұзғаны үшін 5 мыңнан аса ескерту беріледі. Биыл да 5 мыңға жуық ескерту берілген. Құлаққа кірмейтін мәлімет қой. Неге тек ескертумен құтылады?! Қоқыс тастап, қоршаған ортаны ластады ма, айыппұл салынсын. Біз солай ғана бірте-бірте тазалық мәдениетін қалыптастырамыз. Сондай-ақ айыппұл есебінен кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылады. Себебі заң талаптарына сәйкес күл-қоқысты шығаруға бюджеттен бір тиын бөлінбеуі тиіс. Екіншіден, тарифті бекітіп, сол бойынша кәсіпкермен келісу керек. Одан кейін кәсіпкер күл-қоқысты полигонға шығаруы қажет. Алайда қаншама рет айтып, тапсырма берілсе де тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сіздер тапсырмаларды тиянақты орындамаған соң тұрғындар тарапынан арыз-шағым да көбейеді, – деген Нұржан Молдиярұлы 1 қыркүйекке дейін тарифті бекітуді және екі аптада кездейсоқ күл-қоқыстарды жоюды тапсырды. Мұнан кейін аймақ басшысының Талас ауданы тұрғындарымен кездесулері кезінде, жеке қабылдауларда берген тапсырмаларының орындалуы бойынша облыс әкімінің бас инспекторы Дархан Акишевтің, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің есептері тыңдалды. Дархан Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, облыс әкімінің қатысуымен 2022 және 2023 жылдың 6 айында Талас ауданының тұрғындарымен 8 кездесу өткен. Тұрғындар тарапынан 48 мәселе көтерілген. 2022 жылы өткен кездесулерде барлығы 38 тапсырма берілсе, бүгінге дейін 20-сы орындалған. Ал 16 тапсырма орындалуда, 2 тапсырма орындалмаған. Бас инспектор орындалмаған 2 тапсырмаға басымдық берді. – Тұрғындар Қаратау қаласындағы «Бәйтерек» саяжайына балалар ойын алаңшасын орнатуды сұраған болатын. Алайда аудан әкімдігі тарапынан саяжайға жақын орналасқан «Малая Греция» ықшамауданына ойын алаңшасын орнату туралы шешім қабылданып, 27 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар Тамды ауылдық округінде күрес залын ашу мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда жаңа күрес залын салуға аудан әкімдігі тарапынан шешім қабылдануда. Ал 2023 жылы өткен кездесулерде 10 тапсырма берілген. 2 тапсырма орындалып, 6 тапсырма орындалуда. 2 тапсырма орындалмаған. Бостандық ауылдық округіне қарасты Талапты ауылына мәдениет үйінің құрылысын салуға құны 149,2 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес болмауына байланысты облыстық бюджеттен қаржылық қолдау таппаған. Бостандық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 120 миллион теңгеге 1 комбайн сатып алуға ұсыныс енгізілген. Алайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қолдау таппаған. Сонымен бірге өткен айдың соңында Үшарал мен Қызыләуіт ауылдарында өткен кездесулерде 9 тапсырма берілді. 4 тапсырма жыл соңына дейін, 5 тапсырма 2024 жылы орындалады. – Жалпы сіздің аудан халқымен кездесуде берген тапсырмаларыңыздың барлығы аудан әкімдігі мен жауапты басқармалар, мемлекеттік мекемелер тарапынан іске асырылуда. Назардан тыс, бақылаусыз қалған тапсырмалар жоқ, – деді Дархан Нұрланұлы. Келесі кезекте облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков облыс әкімінің жеке қабылдауында болған таластық тұрғындардың мәселелері бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын баяндады. Аппараттық жиынды қорытындылаған Нұржан Молдиярұлы берілген тапсырмалар уақытында орындалуы керектігін және күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша әкімдерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Талғат НҰРХАНОВ