Саясат

Заңды білмеу жазадан босатпайды

Заңды білмеу жазадан босатпайды

Мемлекеттік тәртіпті нығайту және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу – Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттерінің бірі. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында Әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде 11 сұрақ, 6 тәртіптік іс қаралды.

Жиында алдымен Байзақ аудандық жер комиссиясының мүшелеріне қатысты тәртіптік іс қаралды. Атап айтсақ, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығымен облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбековке, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Тұрсынбекке, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевке, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Дархан Кенжебековке қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Нәтижесінде Байзақ аудандық жер комиссиясының тарапынан жер саласындағы заңнама талаптарын сақтамау фактілері анықталған. Яғни жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту, бау-бақша шаруашылығы үшін жер учаскелерін беру, аукцион мен конкурсқа заңсыз беру сынды олқылықтардың беті ашылған. Одан бөлек ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерткен. Осылайша аталған мемлекеттік қызметшілер тәртіптік теріс қылықтарға жол берген. Аты аталған мемлекеттік қызметшілерге өз қызметтеріне толық сәйкес еместігі туралы сөгіс берілді. Заңсыз әрекеттері тағы қайталанатын болса, жұмыстан шығарылатындығы ескертілді. Келесі қаралған мәселе – Тараз қаласындағы №39 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында орын алған олқылықтар жөнінде. Қаражат толық аударылып қойғанымен, жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Осы орайда Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлбану Малибековаға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартпен көзделген жұмыстар толық атқарылмаса да Г.Малибекова мердігердің есепшотына қаражат аударып, тәртіптік теріс қылыққа жол берген екен. Прокуратура өкілдері мән-жайды анықтап, нысанды тексеріп шыққан. Гүлбану Жұмашбайқызының айтуынша, мердігер «Тараз Прогрес» компаниясы жөндеу жұмыстарын тиянақты орындаған. Сол себепті ақша толық аударылғанын айтады. Ал прокуратураның мәліметінше, бетонды борттық тастар төселмеген және екі дана есік қойылмаған. Осылайша өз ісіне салғырттықпен қарағаны үшін Гүлбану Жұмашбайқызына да қызметке толық сәйкес еместігі туралы сөгіс берілді. Одан соң Сарысу ауданының әкімі С.Мамытов сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралар туралы есеп берді. Айтуынша, Сарысу ауданында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері» жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамы бекітіліп, төрт отырыс өткізіліпті. Мемлекеттік органдардың ғимараттарында «Пара берсең жазаланасың!», «Егер сізден пара талап етсе» деген секілді тақырыптарда жадынамалар мен сенім телефондары ілінген. 2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 1 миллион 500 мың теңге қарастырылып, игерілді. «Сарысу адалдық алаңы» жобасы бойынша 64 тікелей эфир өткізіпті. Алты ғимарат жаңадан салыныпты. Соның бірі – Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты. Жаңатас қаласы мен Байқадам, Тоғызкент округтерінің екі қабатты ғимараттары жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтеді екен. Тағы бір айта кететін жайт, кәсіпорындарда жұмыс істейтін 85 адамға және 11 мемлекеттік қызметшіге қызметтік пәтер беріліпті. Артынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Оспанованың есебі тыңдалды. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша осы жылдың 1-жартыжылдығында 6 361 817 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Үш түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, 300-дей адам қатысыпты. Өткен жылы басқарманың бас маманы Б.Бейсебаев және биыл басқармаға қарасты Жамбыл аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Саурықов пен оның орынбасары С.Сұлтанова сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандары үшін айыпталып, кінәлі деп танылған. Осыған орай баспасөз беттерінде үш жағымсыз мақала жарияланыпты. Әдеп кеңесінде бұдан басқа да тәртіптік істер қаралды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА