Жаңалықтар

Тоқаев еліміздің қорғанысын одан әрі нығайтуды тапсырды

Тоқаев еліміздің қорғанысын одан әрі нығайтуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады.

Мемлекет басшысына қорғаныс ведомствосының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындысы баяндалды. Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы кезеңдік өзгерістерге негізделген жауынгерлік даярлықтың жаңа форматын және командирлердің басқару қабілетін жетілдіру моделін енгізу жайындағы есепті тыңдады. Сонымен қатар Руслан Жақсылықов мемлекет басшысына территориялық қорғанысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар заңнамалық және практикалық деңгейде жүргізіліп жатыр. Президентке әрдайым жауынгерлік дайындықта болатын бөлімдерді қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау барысы, сондай-ақ отандық өндірістің мобильді және модульдік компоненттерге көшірілуі туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысына Қарулы Күштердің бітімгерлік қызметі туралы арнайы баяндалды. Кездесуде әскерге шақырылатын және мерзімді қызметін өтеген азаматтар туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге көшіру шаралары жөнінде де айтылды. Ақпараттық жүйелердің жаңғыртылып, олардың басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктірілуі тіркеу, әскери есепке қою және әскери билеттерді беру қызметтерін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, Руслан Жақсылықов әскерге шақырылатын азаматтарға кредиттік демалыс беру, сондай-ақ білім алуға жеңілдіктер жасау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Президент аталған бастамаларды, атап айтқанда Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім алуға жеңілдік беретін квоталар бөлу, мерзімді әскери қызметін өтегендерге мемлекеттік білім гранттарын ұсыну, сондай-ақ олардың заңнамалық тұрғыда бекітілуін жалғастыру мәселесін назарға алды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту мәселесіне баса мән бере отырып, бірқатар тапсырма берді.