Тараздық әскери қызметкер орнатқан рекорд
Тараздық әскери қызметкер орнатқан рекорд
Командирлік старттар дегеніміз – Қарулы Күштер түрлері мен әскер тектерінің командирлері арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жеке және командалар арасындағы жарыстар. Ерлер бағдарламасында Макаров тапаншасынан ату, жас санаттары (100, 200, 300 метрге) бойынша жүзу, 1000, 3000, 5000 метрге жүгіру, белтемірге тартылу сайыстары қарастырылған. Ал әйелдер арасындағы бәсеке жаттығудың үш түрі, яғни ПМ-1 ату, жас санаттары бойынша жүзу (100, 200, 300 метр) және 1000 метрге жүгіру бойынша өтті. Осы біріншілікте тараздық мергендер взводының командирі, 3-дәрежелі сержант Евгений Нам белтемірге көтерілуден жеңімпаз атанып, өз рекордын жаңартты. Ол сайыста белтемірге 152 рет көтеріліп, Қазақстандағы абсолютті рекордты орнатты. Командир тек белтемірге тартылудан ғана емес, жаттығулардың бес түрінен 8 006 ұпай жинады. Жеке есепте одан кейін I орын алған спортшы 5 567 ұпай жинады. Евгенийдің қосқан үлесі мен бүкіл команданың күш-жігерінің арқасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы Қарулы Күштердің көпсайыс біріншілігінде жалпыкомандалық есеп бойынша I орынды иеленді. – Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Тек бар күш-жігеріңді салып, алға қойған мақсатыңа жету үшін аянбай еңбек ету керек. Чемпионатқа мен жеңімпаз боламын деген мақсатпен бардым. Сайыс кезінде ойымды басқа нәрселерге бөлмеуге тырыстым. Миымда тек барынша көп тартыл, рекорд орнат деген ой тұрды, – дейді жеңімпаз. Осылайша сержант Евгений Нам туған өңіріне жеңімпаз атанып оралды. Өзі қызмет ететін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5- механикаландырылған бригадасы жеңімпазды мерекелік көңіл күймен күтіп алды. Мергендер взводының командирі Евгений әскери қызметшілердің ду қол шапалақтауымен парад алаңында жүріп өтті. Офицер-командирлер жеңімпазды шын жүректен құттықтап, барша жамбылдық әскери қызметкерлерінің атынан алғыс білдірді. Кейіпкерміз өзіне көрсетілген құрметке әбден лайық. Өйткені өз жетістігі арқылы атқыштар взводының командирі 5-бригаданың да, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің де, туған қаласы Тараздың да абыройын асқақтатты. Механикаландырылған бригада басшылығы мен әскери бөлімнің бүкіл жеке құрамы атынан рекордшыға сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, кейіпкеріміз ақпан айында Астана қаласында өткен «Тartyl fest» гранд финалында 52 рет тартылып, жаңа рекорд қойған болатын. 18-30 жас аралығында 80 келі салмақ дәрежесіне дейін сынға түскен Евгений Нам топ жарып, жеңімпаз атанған. Фестивальда 52 рет тартылған оның Қарулы Күштер чемпионатында үш есе көп нәтижені көрсетуі қалай деген сұрақ кімді болса да қызықтыратыны белгілі. Бұл сұрағымызға Евгений: «Неге екенін білмеймін, бірақ фестивальда қатты толқыдым. Ал әскери чемпионатта керісінше өзімді сабырлы сезіндім», деп жауап берді. Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригада мотоатқыштар батальонының атқыштар взводының командирі, 3-дәрежелі сержант Евгений Нам оқу-жаттығуларды жалғастырып, денешынықтыру мен спорттық шеберлігін шыңдауды көздеп отыр.