ДЕНСАУЛЫҚ – ҰЛЫ НЫҒМЕТ
ДЕНСАУЛЫҚ – ҰЛЫ НЫҒМЕТ
Біреуге қуаныш, біреуге қайғы. Екеуі алма-кезек келіп тұратын қос заңдылық. Дінімізде біздер жолығатын әрбір мәселеге ашық-айқын өз жауаптары да жазылған. Соның бірі – сынақтар. Сынақ дегеніміз адами деңгейімізді өлшейтін таразы іспеттес. Лұқман Хакім өз ұлына: «Ұлым, алтын алаумен сыналады, пенде дертпен сыналады», десе, Әбдулқадир Жиләни: «Әй, ұлым, түрлі қиыншылықтар сені құрдымға жіберу үшін емес, сабырыңды сынау үшін келеді», деген екен. Сол үшін де Алла Тағала Құранның Бәләд сүресінің 4-аятында: «Расында, адамзатты әбігер жараттық» дейді. Діни кітаптарда Раббымыз кейбір пенделерінің өз тәубелеріне келулері үшін кішігірім аурулармен машақаттандырады делінеді. Есесіне пенденің бойына сырқат келген кезде дереу: «Уа, Құдайым! Тәубе еттім, Өзіңнен кешірім сұраймын, дертімнен айықтырғайсың!» деп сабасына түседі. Түп негізіне мән беретін болсақ, дерт Жаратқанның пендеге берген нығметі, емтиханы болып саналады. Шалдыққан дерті себебінен оның күнәлары кешіріледі, амалдар кітабына сауаптар жазылады, ақыреттегі мәртебесі көтеріледі. Не үшін? Әрине, сабыр сақтағаны үшін, үмітін тек бір Алладан күткендігі үшін, Алланы көбірек еске алғаны үшін. Жалпы айтсақ, дерт өлімді және ақырет әлемін пенденің көз алдына келтіріп қояды. Сол үшін де «дәрігер дәрігер емес, басынан өткерген дәрігер» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Көрнекті араб жазушысы Жубрән Хәлил Жубрән: «Ауру – науқас жүрегіңіз шипа табуы үшін Ұлы Дәрігер (Алла) жіберген ащы дәрі», деген екен. Халқымызда «Ауру Құдайдан, дауасын да Оның Өзі береді» деген қанатты сөз бар. Осы жерде бір нәрсені айта кеткенді жөн көріп отырмын. Егер қандай да бір адам кенеттен ауырып қалып, дәрі-дәрмек қолданатын болса, қолданатын дәріні ішердің алдында асықпастан: «Аллаһым, маған осы дәрі арқылы шипаңды бергейсің!» деп, құдыреті күшті Аллаға деген сенімімізді қуаттап алғанымыз дұрыс екен. Өйткені сеніміміз, үмітіміз басым болатын болса, қара судың өзі де бойымызға дауа болатыны сөзсіз. Шығыс халықтарында «Бос қап тік тұрмас» деген мақал бар. Адам өмір сүруі үшін тамақтануы керек, тамақтану үшін өмір сүрмеуі керек. Тіршіліктегі шаруалардың қамына алданбай, бір сәт денсаулыққа да уақыт бөлуіміз керек. Ибн Сина сау-саламаттылықта, ұзақ өмір сүрудің сырлары жайында: «Денені әркез дұрыс шынықтыру, уақытында дұрыс тамақтану, еңбекпен айналысу және көп уайымдаудан аулақ болу» секілді өз сырларымен бөліскен екен. Дін қызметкері ел ішінде болатын кейбір түрлі науқастанған адамдар жанына барып, шипа үшін дем салып, азды-көпті айтып жүрген насихатымызды баспасөз арқылы да оқырманға жеткізгенді жөн көрдік. Ауырмаңыз, ауырмаудың жолын қарастырыңыз!
Үмбет САБЫРХАНОВ, «Әл-Хақ» мешітінің имамы, Т.Рысқұлов ауданы