Жаңалықтар

ЕРЕКШЕ САҒАТ ҚАУІПТІ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

ЕРЕКШЕ САҒАТ ҚАУІПТІ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Қазіргі таңда жүрек-қантамыр жүйесінің патологиялары аурулар құрылымында жетекші орындардың бірін алып, бүкіл әлемде өлімнің негізгі себебі болып отыр. Сондықтан жүрек-қантамыр ауруларының өлімге әкелетін салдарын болдырмау үшін уақытылы диагноз қою және қажетті медициналық көмек көрсету маңызды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша дарынды балалардың ғылыми жобаларын одан әрі сүйемелдеу мақсатында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабекпен және жетекшісі Мирамгүл Орынбаевамен кездесті. Шәкірті мен ұстазы 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбаймен бірге «Second Heart» сағатын ойлап тапқан. Ерекше сағат адамда инфаркт пен инсульт белгілерін уақытында анықтауға көмектеседі. Жуырда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының базасындағы ахуалдық орталықта өнертабыстың тұсаукесері өтті. М.Орынбаеваның айтуынша, бұл жұмыстың мақсаты – инсульт пен инфаркт алған науқастарға жедел алғашқы көмек көрсету. Құрылғы пациенттің денсаулығы туралы ақпарат береді (дене температурасы, қандағы оттегінің пайызы, жүрек соғу жиілігі), сонымен қатар инфаркт пен инсульттің жақындауы туралы алдын ала ескертеді. Сондай-ақ «екінші жүрек» сағаты дәрігер мен пациент арасындағы байланысты арттыруға көмектеседі. Бұдан кейін Дулат ақылды сағатты іс жүзінде көрсетті. – Әзірленген құрылғы пациенттің орналасқан жерін анықтап, оның құлау немесе қозғалмау фактісін тіркеуге мүмкіндік береді және науқасқа күтім жасайтын адамға тиісті сигнал жібереді, – деп, Дулат құрылғысының жұмыс принципін сипаттап берді. Е.Мұсабаев атап өткендей, жүрек-қантамыр ауруларынан зардап шегетін адамдардың жағдайын бақылау үшін портативті құрылғыны пайдаланудың болашағы зор. Басқарма өз тарапынан басқа адамдарға көмектескісі келетін және бірегей ғылыми жобаларды әзірлейтін жас ғалымдарға қолдау көрсетуге дайын. Кездесуге №5 қалалық емхананың бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Назгүл Мырзақасымова да қатысты. Н.Мырзақасымова емдеу мекемесінен тыс созылмалы аурудың өршуін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғыға қызығушылық танытты. Бұл жоба бойынша емхана базасында практикалық бөлікке мүмкіндіктер беріледі. Яғни кардиолог пен пациенттер портативті аппаратпен динамикалық бақылау жүргізеді. Кездесу барысында экспресс-диагностиканың қосымша көрсеткіштері есебінен науқастың жағдайы туралы ақпаратты жобалау және кеңейту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі