Әлеумет

САЯХАТҚА ШЫҒАМЫН ДЕП САН СОҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ

САЯХАТҚА ШЫҒАМЫН ДЕП САН СОҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ

Іздегенге сұраған дегендей, қазір сұранысқа байланысты туристік компаниялар да қаптап тұр. Әсіресе ата-аналары еңбек демалысын алып, каникулдағы балаларын ертіп, шетел асып жатқан отандастарымыз да аз емес. Мұндай демалыстар отбасылық бақыттың бір бөлшегі, әрине. Дегенмен саяхат «ұйымдастыратын» алаяқтарға ұрынып, шетелге бармақ түгіл, бармақ тістеп қалып жататындар да бар болып тұр.

Туризм де таза емес

Қазіргі таңда алаяқтықтың түрі көп. Солардың қатарында туристік алаяқтар да айылын жимай тұр. Бүгінде ұшақтың жайлы креслосына отырып, жаңа әсер алу үшін жылы елдерге баруды асыға күтетіндер аза емес. Бірақ қарбалас пен эмоциялардың әсерінен қаржылық алаяқтықтың құрбаны болып қалып жатқандары да баршылық. Сол үшін сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Қаржылық алаяқтардың шабуылдары шетелге шығуды көздегендердің демалысын бұзбас үшін мамандар оларға арнап біраз кеңес ұсынып келеді. Ең алдымен, демалысты жоспарлау кезінде жұрт негізінен ресми туристік агенттіктен барлық шығындар кіретін ыңғайлы турды таңдай алады. Яғни ұшу, тұру, сақтандыру, гид немесе сапарды интернет арқылы да ұйымдастыруға болады. Алайда туристік елдерде шетелдіктер көбінесе алаяқтардың құрбаны болатынын есте ұстаған жөн. Ендеше өздігінен саяхаттайтын туристер тап болуы мүмкін алаяқтықтың негізгі түрлерін қарастырып көрсек.

Авиабилет алудың да жолы көп

Алаяқтар алдымен фишингтік сайттар жасап алады. Яғни кез келген танымал веб-ресурсты толығымен қайталайтын сайт ашып, онда үлкен жеңілдіктер қарастырылған брондау туралы хабарландыру орналастырады. Сенімдірек болу үшін бағыттың түбіртегі поштаңызға да келуі мүмкін. Тиімді ұсыныстарға ұмтылу кезінде азаматтар қырағылығын жоғалтады және осындай сайтқа өз деректерін, әсіресе банктік карта мәліметтерін енгізеді. Осылайша оларды кибершабуылдарға береді. Содан кейін бірнеше минут ішінде олардың банктік шотына қол жеткізіп, бар қаржысын шешіп алады. Аса әккі алаяқтар нағыз билеттің өзін сатады және оны сіз тексергеннен кейін-ақ бірден жояды. Себебі билеттің түпнұсқалығына екінші мәрте көз жеткізу көпшіліктің ойына келе бермейді. Сондықтан алған билеттің жарамды екеніне көз жеткізу үшін әуекомпаниясына хабарласқанның артықтығы да, айыбы да жоқ.

Қонақүйді байқап таңдаңыз

Көп жағдайда алаяқтар өздерінің сату арналарының бар екені туралы жалған ақпарат таратып, турлар сатып алу, төмен бағада жалдау туралы ұсыныстар жасай отырып, әлеуетті сатып алушыларды әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы тартады. Бір қарағанда барлығы шынайы сияқты көрінеді және күдік тудырмайды. Төлем жасауға арналған сілтемелер танымал туристік агенттіктердің атынан келеді, алайда төлем жасағаннан кейін картадан ақша есептен шығарылып, ал жауап ретінде техникалық ақау туралы хабарлама келеді. Сондай-ақ көбінесе саяхатшылар қонақүйлерді «Airbnb» немесе «Booking.com» жалдамалы баспана мен қонақүйлердің агрегаторлары арқылы өздері брондап жатады. Әрине, әрбір адам жатын орынды жақсы жерден алғысы келеді. Бірақ көп қаражат жұмсағысы келмейді. Алайда өзіңіздің бірдейлендіру жөніндегі деректеріңізді енгізуден бұрын әрдайым мекенжай жолын мұқият тексеріңіз. Өйткені сіз өзіңіз ойлаған сайттан басқа сайтқа кірген болуыңыз мүмкін. URL-мекенжайдың жазылуына мән беріңіз, ол HTTPS-тан басталуы тиіс және сол жағында жабық құлыптың суреті болу керек. Жақсы жазылған пікірлерге сенбеңіз – олар да сенімді саяхатшыларды алдау тәсілі болуы әбден мүмкін. Мына сілтеме бойынша Қазақстан туристік қауымдастығының (ҚТҚ) ресми сайтынан туристік фирма лицензиясының нөмірін тексеріп алу да артық етпейді: https://kaztour-association.com/o-nas/nashi-proekty/ob-ert-rk/chleny-ert-rk/.

Валюта «айырбастайтын» алаяқтар

Саяхаттың алдында теңгені өзіңіз баратын елдің валютасына ауыстырып алыңыз. Бұл ретте ұсақ купюралар түрінде айырбастаған жөн. Егер сіз мұны алдын ала жасап үлгермесеңіз, онда сол елге келгеннен кейін бағам аса тиімді болмайтын туристік орындар, вокзалдар, әуежайлардан алыс жерлерде орналасқан банктерден немесе ресми пункттерден валюта сатып алыңыз. Айырбастаудың алдында валюталар таблосындағы сол күнгі бағамды және өзіңіздің қанша ақша ала алатыныңызды міндетті түрде өзіңіз алдын ала есептеп, тексеріңіз. Саяхатшылар такси жүргізушілеріне сеніп қалып, көбіне солар ұсынған бірінші айырбастау орындарына баруы мүмкін. Күмән тудыратын айырбастау пункттеріне бармауға тырысыңыз. Рұқсат құжаттары немесе лицензиясы жоқ алаяқтар бұған дейін операциялық касса жұмыс істеген үй-жайды жалға алып, жалған айырбастау орындарын ашып жатады. Операция жүргізетін «қызметкер» валюта айырбастау кезінде ақшаны алғаннан кейін купюраны қайта санау үшін қажет деп түсіндіріп, бір кассаны жауып, үй-жайдан қосалқы есік арқылы шығып кетуі мүмкін. Қоғамдық Wi-Fi-дың да қаупі бар Интернетте ақша операцияларын жүзеге асыру кезінде өз құрылғыңызды пайдаланып, қоғамдық компьютерлерге деректерді енгізбегеніңіз дұрыс. Кибералаяқтар үшін мұндай желі арқылы деректерді «қағып» алу еш қиын емес. Бүгінде смартфондар мен планшеттерді, сондай-ақ фитнес-білезіктерді пайдаланушылардың арасында NFC технологиясының танымалдылығы жоғары. NFC технологиясы бар смартфондарға банктік шотты немесе кредиттік картаны байлауға болады. Бұл қаскүнемдерді одан сайын қызықтыра түседі. Киберқылмыскерлер пайдаланушылардың ақша қаражатын ұрлау үшін NFC-тің осалдығын пайдалана отырып, азаматтардың шоттарындағы ақшаны ұрлайды. «Bump and infect» әдісін көбіне сауда орталықтары, супермаркеттер, әуежайлар, кафе және тағы да басқа орындарда пайдаланып жатады. Дұрысы сол, шетелге шығуға арналған бөлек, яғни виртуалды немесе цифрлық карта ашыңыз. Оны өз мобильді банкіңіз арқылы қажеттілігіне қарай басқа шоттан толтырыңыз. Оны мейманханаларға брон қою үшін пайдаланып, мейрамханалар мен дүкендерде төлеуге қолданыңыз. Немесе интернеттегі сауданы тек осы карта арқылы жасаңыз. Өз шотыңыз бойынша операцияларды қадағалау үшін картаңызға SMS немесе push-хабарламаны қостырып алыңыз. Электрондық поштаңызға туристік оператордан немесе мейманханадан деген атаумен SMS немесе хабар түрінде келіп түсуі мүмкін күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз.