Жаңалықтар

СІБІР ЖАРАСЫ – АСА ҚАУІПТІ АУРУ

СІБІР ЖАРАСЫ – АСА ҚАУІПТІ АУРУ

Сібір жарасы – адам мен малды өлімге дейін алып келетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Сібір жарасының вирусы қоршаған ортаға төзімді болып келеді. Топырақта ол ондаған жыл бойы сақтала алады.Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды. Ауырған жануардың зәрі мен нәжісінде ауру қоздырғышы анықталады. Аурудың негізгі жұғу жолы – су арқылы, жем арқылы.

Жануарлардағы сібір жарасы дене қызуының көтерілуі, қан қысымының төмендеуі, қан аралас іш өту және құсу сынды ерекшеліктермен сипатталады. Найзағай тәрізді формасында жануарларда ұстама, жүрісінің өзгеруі пайда болады. Сібір жарасына шалдыққан жануарлар құлайды, ауыз қуысынан, мұрыннан, анустан қан бөлінеді. Бұл жарадан жануарлар 30-60 минуттан соң өліп кетеді. Басқа неғұрлым ұзақ өтетін формаларында алдымен малдың тәбеті төмендейді, сиырлардың саумасы азайып, сүттің дәмі ащы, консистенциясы шырышты, түсі қанды болады. Жануардың терісінде жара, ісіну болуы мүмкін. Өлген жануардың қаны қара май түсті болады, ұйымайды. Ол жиі мұрыннан, анустан ағуы мүмкін. Өлексенің сіресуі болмайды. Адам бұл дертті ауру жануарлардан, мал сойғанда, малға күтім жасағанда, ауру малдың етін жеп, сүтін ішкенде, споралары бар терісін қолданғанда жұқтырады. Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтерілуі, тері жарасы, ісіну, ауыр формаларында қан аралас іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Егер малды дер кезінде емдемесе, соңы өлімге әкеліп соғады. Бұл аурудың алдын алу шараларына тоқталар болсақ, сібір жарасынан өлген малды көмген орындарды анықтау керек. Есепке алу және залалсыздандыру шараларын және сібір жарасы бойынша қолайсыз аймақтарда екпе жүргізу қажет. Сібір жарасын жұқтырған немесе күдікке ілінген малды дереу оқшаулап, оларды тұрғын аймақтардан шығармай және сырттан кіргізбей, ет, сүт және тері шикізаттарын да шығармау қажет. Барлық күдікті жағдайлар және малдың қырылуы жайлы ақпаратты жедел түрде ветеринарлық мекемелерге жеткізу керек. Малды сояр алдындағы тексеруге ветеринарды міндетті түрде шақырып, малды сою кезінде еттің және басқа өнімдердің қауіпсіздігін растау үшін лабораториялық зерттеулер өткізілуі тиіс. Үйде сойылған мал терісін тері қабылдау, өңдеумен айналысатын мекемелерге өткізу алдында оларды сібір жарасына қатысты лабораториялық зерттеуден өткізу қажет. Өзіңіздің денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін өңдеуден өткізерде ветеринар сараптамасын міндетті түрде қаперге алған жөн. Сараптамадан өткен етті сатып алсаңыз да өзіңізге мына төмендегі қағидаларды ереже етіңіз. Яғни етті үйде қолғаппен бөліңіз. Тақтай, пышақ тек қана шикі етке ғана арналған болуы керек. Оларды ыстық суда кір сабынмен жуып, қайнаған сумен шайыңыз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде тез арада медициналық көмекке жүгініңіз. Себебі ем неғұрлым ерте басталса, нәтижесі де қолайлы болады. Есіңізде болсын, сібір жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Талас ауданындағы Тамды ауылдық округінің тұрғыны ауырып тұрған танасын мал дәрігеріне көрсетпей сойып, қасындағы екі адаммен ауруханаға күйдіргі ауруының терідегі формасымен түскен болатын. Қазіргі таңда ауырған адамдар толық емделіп, ауруханадан шықты. Тамды ауылындағы барлық қолда бар малдарға сібір жарасына қарсы вакцина егілді. Тұрғындар арасында күйдіргі ауруынан сақтану жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазірга таңда Талас ауданы, оның ішінде Тамды ауылы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Адамдар мен жануарлар арасында аурулар тіркелген жоқ. Мал арасында өлген мал болған жоқ. Жағдай мал дәрігерлерінің тұрақты бақылауында.

Олжас ӘСЕМБЕК, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы