ҚОРАСЫН ҚОЙҒА, ШАРАСЫН МАЙҒА ТОЛТЫРҒАН АСЫЛБЕК
ҚОРАСЫН ҚОЙҒА, ШАРАСЫН МАЙҒА ТОЛТЫРҒАН АСЫЛБЕК
Жасы небәрі 19-ға енді толған Асылбек бала кезден малшаруашылығына бейім өскен. Әкесі Әзімхан Мадимаровтың айтуынша, ұлы бұл істен еш арланбайды екен. Таңертең бие сауып, күндіз қой бағады. Тәй-тәй басқан кезінен бастап қасына ертіп, қолына қамшы ұстатқан. Өзі жылқыға құмар болып өскен. – Ежелден қылқұйрықтыны мінсе көлік, жесе ет, сауса қымызға пайдаланған қазақтың ұрпағымыз. Қамбар ата тұқымының қадірін жақсы білген халық екеніміз жалпыға аян. Мінезіміздің де осыған ұқсас екенін мойындаймыз. Қысы-жазы еті мен сүтін қорек етіп, тұрмыс-тіршілігімізге пайдаланамыз, – дейді. Меркі жерінің топырағы құнарлы, шөбі шүйгін. Бұл шөпті жеген жылқы да бізге қымыздың нәрлісін, еттің дәмдісін береді. Мыңнан аса тұрғыны бар Мыңқазан ауылында халықтың көбі малшаруашылығымен күн көреді. Төрт түліктің арқасында ел жаман өмір сүріп жатқан жоқ. Қорасын қойға, шарасын майға толтырған ауылдықтардың көңілі де тоқ. Бүгінде сол елдің ішінде ішсе асы, жесе тамағы бар, киімі бүтін, қос-қос көлік мініп, зәулім үйде бақуатты өмір сүріп жатқан бұл кейіпкеріміз өз ісін мықты меңгеріп алған. Мансап қуып, қызмет қылмай-ақ қылқұйрықтының қымызымен талайды тамсандырып жүр. Оны аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бал қымызы барлық той-думан, құдалықтардың құтты сусыны. Қазір үлкен сұранысқа ие. Аудан халқы арнайы тапсырыспен алдыратын Асылбектің қымызының дәмі бал татитыны рас. Бүгінде атағы жер жарып жүрген «Меркі қымызынан» кейін осы жас кәсіпкердің өндірісі көпшілік көңілінен шығып жүр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Асылбектің қымызында айрықша дәм бар екен. – Қазақы сусынды дайындау әдісінде бір сыр бар шығар. Өзіміз де, үйге келген қонағымыз да бұл қымыздың дәмін татсақ қайта-қайта ішуге құмарланамыз. Сыртта жүрген туыстарымыз біз арқылы арнайы тапсырыспен алдырады. Бал қымызға қандай қоспа қосатынын сұрап едік, бірақ құпия қылып айтпады. «Сіздер секілді ел қатарлы күбіге пісемін, ыстаймын, аздап бал қосамын. Басқалай сыры жоқ, бар болғаны осы ғана. Жылқының жеміне қант, мейіз араластырып беремін, оны еркелетемін, сауатын кезде сипалаймын, жылы сөздерімді айтамын» деп әзілдейді. Бәлкім, бұл сөзі рас шығар деп кейде сеніп қаламыз, – дейді ол. Жас кәсіпкердің айтуынша, бал қымызды арша ағашының түтінімен ыстап, қойдың құйрық майымен майланған күбіде піседі. – Саумалды аршамен ыстап, күбіге піскен кезде де шын пейілмен жұмыс атқару керек. Бұл процестерді жүргізіп жатқан кезде тазалыққа аса мән берген абзал. Биені сауған кезде де осы қағиданы ұстану аса қажет. Сосын сауылатын биеге әр 2 сағат сайын кебек, су бересің. Сауылатын уақыты да осы кездер. 2 сағат сайын сауылған саумалды күбіге жинаймыз. Ол күбі қойдың құйрық майымен майланып тұру керек. Осы істің барлығы адамның шынайы ықыласымен орындалады. Ежелден мал баққан қазақтың қанында жылқы қасиетін сезіну деген ұғым бар. Сол ұғымды жаныңнан ешқашан жоғалтпау керек. Қамбар ата ұрпағын көлік қылып мінсең де, оның етін жесең де, сүтін ішсең де игілігін көру үшін өзің де оған дұрыс қызмет жасауың қажет. Жаман шошқасын жанын сала еркелететін орыстың әйелдеріне қарасаң әлгі доңызы соны түсінетін секілді қорсылдап артынан қалмайды. Ал біздің текті бабаларымыз доңыз жайылған жерден жылқысына шөп жегізбеген. Ілгеріде бір патшаның жалпақ жұртқа мәлім жүйрік аты болған екен. Ұшқырлығы ұшқан құсқа жеткізбейтін, алдына қара салып көрмеген қанатты тұлпар деседі. Бірақ мінезі сотқар, алдынан барғанды тістейтін, артынан барғанды тебетін сондай асау болса керек. Бұл атқа тек патша мен оның шабандозы ғана жақындай алады. Әлгі аттың асау мінезіне мін тағып, сотқарлығын сынап жүрген патшаның ерке қызы әкесіне «Бұл тентек мақұлықтың сізге қажеті қанша? Алдыңызда ат түгіл, адам бұлай мінез көрсете алмайды. Мәймөңкелемей басын шауып тастамайсыз ба?» деген екен. Ерке қызының ессіздігіне қарны ашқан патша: «Әй, сенің осы сөзді айтқызып тұрған ақылың мына мақұлықтан да төмен екен. Күллі Алаштың абыройын арқалап жүрген бұл аттың бір ғана еркелігін көтере алмасақ, бұл мақұлықтың алдында біз кімбіз?» деген екен. Сол тектілігіміз бүгінгі буынның бойында болса, нұр үстіне нұр. Қазақы тектілік бойында түгіл, ойында да жоқ жастар көп қой қазір. Тектілігі былай тұрсын, ана тілінде білмейтін дүбәралар қаптап кетті, – дейді А.Әсіпбек. Жас та болса ойы жалынды, сөзі арынды Асылбек әңгімесін әріден толғағаны тіпті таңғалдырды. Өз ісінің мәнісін терең білген кәсіпкердің бұл сөзінде үлкен мән жатыр. Өмірде әрбір адам таңдаған мамандығына үлкен махаббатпен қарау керек. Сонда ғана сол тірліктің көзін табады. Жас кәсіпкердің бал қымызын Тараз, Қызылорда, Шымкент, Астана, Алматы жақтарға дейін арнайы сұраныспен алдырады екен. Үйіне арнайы іздеп барғанымызда көзіміз бірінші 2 қабатты зәулім сарай мен қора-жайына түсті. Бал қымыздан дәм таттық. Үлкен кесемен толтыра 2 рет іштім. «Пай-пайдан» басқа ештеңе айтпадым. Сөзбен жеткізу қиын, әрине. Мың рет айтқанша, бір рет көр деген ғой. Үлкен үйдің ауласына айналдыра қора салынған екен. Қораның іші мұнтаздай таза. Жылқыдан бөлек сиыр, қой, ешкі, және тауық асырап отыр. Қолдың майы, құрт, ірімшік, айран, қаймақ бәрі молынан салтанат құрып тұр. Әр ыдыстан иісі аңқып, тәбетіңді ашатын ақтың неше атасы бар десем, артық айтқаным емес. Бір отбасының ортақ ырысына айналған бал қымыздың дәмін тату баршаға бұйырсын. Меркі ауданы