Есімханның «Ақылды үйі»
Есімханның «Ақылды үйі»
Ол аудандық «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының «жас техник» үйірмесінің дарынды шәкірті. Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лецейінің оқушысы. Нәбәрі 14 жастағы өнертапқыш өрен алдағы оқу жылында 9-сыныпқа аяқ басқалы отыр. Есімханның робототехникаға қызығушылығы 5-сыныптан бері басталған. Үйірмеге 10 жасынан бері қатысып жүр. Ғылымға енді бет бұрған жасөспірімнің жетекшісі Айтқазы Әбдікәрімовтен үйренгені көп болды. Тәжірибесі мол ұстаздан тәлім алған ол робототехникадағы жолын ең алдымен заттарды модельдеуден бастады. Мысалы, көлік модельдеу, ұшақ модельдеу және осыларға ұқсас тағы да басқа жобалар. Бұл салаға бейімделе бастаған соң кейінірек ұстазымен бірлесе ауқымды жобалар жасауға көшеді. Есімхан уақытының басым бөлігін техника құрастырып, IT жобалар жасауға арнаса да бұл ісі білім алуына еш кедергі келтірмейтінін айтады.Керісінше үйірмеден алған білімімді өз оқуыма пайдаланамын дейді. Сондай-ақ ол радиомен басқарылатын көлік модельдерін басқара алады және де олармен жарысқа тұрақты қатысып тұрады. – Осы уақытқа дейін бірнеше жобаларды ойлап таптым. Олар – «Ақылды үй», «Су энергиясын пайдалану» жөніндегі экологиялық жоба, «Ауыл шаруашылығына қажетті трактор тіркемесі» және «Ақылды жылыжай» жобасы. Жас өңертапқыш ретінде ең алғашқы ойлап тапқан ғылыми жаңалығым «Ауыл шаруашылығына қажетті трактор тіркемесі» жобасы. Аталған жобада егіншілерге қажетті құрал ойлап таптым. Құрылғы тіркеме арқылы жерді қауіпсіз жыртып егінді еге алады, – дейді Есімхан Ардақұлы. Жас өнертапқыш облыстық, аудандық, республикалық жарыстарға айтарлықтай жиі қатысып тұрады. Осы жылы алған жүлделерінің өзі қаншама. Нақтылап өтсек 5-8-сынып оқушыларына арналған республикалық «ProEco» экологиялық жобалар конкурсының аудандық кезеңінде 1-орын, ал облыстық кезеңінде 3-орын иегері атанды. Тағы да экология бойынша облыстық «Табиғатты аяла» жарысының «Zhasyl EL» номинациясының аудандық кезеңінде 1-орын, облыстық кезеңінде 2-орын жеңімпазы атанған. Есімхан өңертапқыштықтан басқа техникалық шығармашылық бойынша жарыстарға да қатысып жүр. Шетелдік ғалымдардың еңбегінен кем түспейтін, өзін дүйім елге танытқан «Ақылды үй» жобасы 2022 жылы қолға алыныпты. Есімханның оны толығымен аяқтап бітіруіне 8-9 ай уақыты кеткен. – Мені елге танытқан ең елеулі еңбегім – «Ақылды үй» жобасы. Бұл жұмысқа жәй қызығушылықпен, ойда жоқта келе салмадым. «Ақылды үй» – мың рет ой таразысынан өтіп, үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен қолға алынған жоба. Өздеріңіз білетіндей ақылды үй жобасы технологиясы көш ілгері Корея, Жапония, Қытай секілді елдерде қарқынды дамыған. Осы жоба аясында аталған елдерде көптеген үйлер салынуда. Ғаламтор беттерінен ақылды үйлер жайлы көп оқып, іздендім. Сонда маған неге осындай үйді біздің елде жасамасқа деген ой келді. «Ақылды үй» жобасының мақсаты ең алдымен үйді автоматтандыру және адамның өмірін, тұрмыстық жағдайын жеңілдету. Бұл жобамның басты ерекшелігі ақылды үй «WI-FI» желісі арнайы ұялы телефонмен басқарылады. Ұялы телефонның арқасында мен жарықты өшіріп қоса аламын және қақпаны ашып, жаба аламын. Алдағы уақытта бұл жобамды толығымен автоматтандырамын деген ойым бар. Жобаны жасау барысында әрине қиындықтар кездесті. Мәселен, материалдарым толықпай, жетіспеушілік қатты сезілді. Кейде жасаған еңбегім өзім ойлағандай шықпайды. Бұл жобамен жарыстарда әлі бағымды сынаған жоқпын. Алдағы уақыттың жоспарында бар. Болашақта елді елең еткізер тағы да тың жобалар ойымда бар. Ендігі жобам елімізді дамыту бағытында болмақ, – дейді өнертапқыш. Есімхан болашақта IT саласында немесе экономика саласында жұмыс істегісі келеді. Мүмкіндік болып жатса шет елде оқып, алған білімін елді көркейтуге арнаймын дейді. Оның өзге аудан, облыстардағы жас өнертапқыш ұл-қыздармен байланысы жақсы. Өзі секілді дарынды өрендермен жиі қарым-қатыныста болып, жобаларын талқылап отырады. Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Әсіресе волейболды кәсіпқой ойыншылардай жанын беріп онайды. Онымен қоса ән айтқанды ұнатады. Өндіріске де тиімді ерекше жобаларымен қуантып жүрген шәкіртімен тәлімгері де үнемі мақтанып отырады. – Аудандық «Өркен» шығармашылық орталығында талантты жастар жетерлік. Жалғыз Есімхан ғана керемет деп бөліп айтсам, өзге балалардан ұят болар. Ғылымға жаңа келген балаларға жол сілтеп, бағдаршам болдым десем де бар еңбек өздерінікі. Мен кемшін тұстарын түзетіп, ақылымды айтып, дұрыс жолға бағыттап отырамын. Әйткенімен идея, жоба толықтай солардікі. Есімханның ауыз толтырып айтарлық жобалары көп. Бастысы осы жобаларды өмірде қолдануға болады. Сондықтан шәкіртімнің болашағы зор деп ойлаймын. Алдағы уақытта еліміздің ІТ саласын дамытатын бір дарын өсіп келеді, – дейді ұстазы Айтқазы Әбдікәрімов. Жас өнертапқыш еліміздегі IT саласының болашағы жарқын деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда IT саласы қарқынды дамып келеді. Өзі секілді жас техниктер, өнертапқыштар, робототехниктер көбейіп жатыр. Бұл Есімханды қатты қуантады.Жастайынан ғылымға сусындап өскен еліміздегі өнертапқыш жастар шетелдермен бәсекелестікке түсе алады. Бастысы мемлекет осы жас өнертапқыштардың жобаларын қолдайтын болса шетелдік ғалымдардан білім бойынша асып түсуіміз де мүмкін. Есімханның сөзінше қолдау мен сенімнің арқасында жас өнертапқыштар барлық биік шыңдарға жете алады.