АЛТЫ ТАСПА ҚАМШЫДА АЛТЫ АЛАШТЫҢ ТАРИХЫ ӨРІЛГЕН
АЛТЫ ТАСПА ҚАМШЫДА АЛТЫ АЛАШТЫҢ ТАРИХЫ ӨРІЛГЕН
Қазақ қайғысын қамшысы арқылы білдірсе, өкпесін де қамшысы арқылы айтып, ашуын да сол арқылы таратып келген халық еді. Олай дейтініміз, ел арасында қамшы туралы қауесет көп. Қамшыны қазақ халқы тіл жете бермейтін, айтуға ауыр болатын сөздердің орнына қолданған. Осы ретте Әз Жәнібек ханның Жиреншеге көңіл айтып, Қарашаштың өлімін естіртуін мысал етіп атап өтсек болады. Жиренше бір сапардан қайтып келе жатқанда адал жары болған Қарашаш сұлу қаза табады. Сол кезде Әз Жәнібек хан халықты жұбатып, Жиреншеге қайғылы хабарды өзі жеткізетінін айтады. Жиренше сапардан келе жатып Әз Жәнібек ханның үйіне ат басын бұрады. Аттан түскен Жиреншенің алдынан өзі шыққан Әз Жәнібек: «Ау, Жиреншем, әкесі өлген қалай болады?» деп сұрақ қояды. Сонда Жиренше: «О, хан ием, асқар тауы құлағанмен бірдей болады» деп жауап береді. «Ал шешесі өлген қалай болады?» дейді хан. Шешен іркілместен «Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады» деп жауап береді. Ханның «Ағасы өлген қалай болады?» деген сұрағына «Оң қанаты қайырылғанмен бірдей болады» дейді. «Інісі өлгенде ше?» дегенде «Сол қанаты қайырылғанмен бірдей болады» деп жауап береді. «Қарындасы өлген қалай болады?» деген сұрағына «Ұзын өрісі тарылғанмен бірдей болады» дейді. Сұрақты бастырмалатқан хан: «Қатыны өлген қалай болады?» дегенде «Аһ! Менің Қарашашым өлген екен ғой?» деп ауыр күрсінген Жиренше қамшысына сүйене құлапты. Сонда қамшысының сабы шарт сынған екен. Міне. содан кейін ел арасында «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген мәтел қалған деседі. Қарап тұрсаңыз, қазақ халқының бір-біріне деген бауырмалдығы көңіл айтуының өзінен көрініп тұрған жоқ па?! Жырау Доспанбеттің «Шырмауығы – алтын, сабы – жез» деп суреттеуі де тегіннен тегін емес. Бүлдіргесін бұлан терісінен, өрімін құнан терісінен жасаған қазақтың шеберлері қамшыны жасауда серттесетін де болған деседі. Қамшы сап алатын кезде тобылғыны тұтамдап кеседі. Тобылғының өлшемі бес тұтам болса, қамшы сапқа жарамды деп ұғынған. Сондықтан да бес күн жалғанды «қамшының сабындай қысқа өмір» деп топшылаған халқымыз. Ал «Қамшының сабына неге қарағайды немесе басқа ағашты таңдамайды?» дегенге келсек, мұның да өзіндік наным-сенімі болған. Біріншіден, тобылғыны қазақ қасиетті деп есептейді. Екіншіден, тобылғы топ болып өседі. Әрі өте сәнді көрінгенінен бөлек, шыдамды болады. Сондықтан да тобылғыны ырымдап қамшысына сап етіп алса керек. Жасалған қамшыға байланысты да наным-сенімдер өте көп. Қамшыны құрметтеген қазақ «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деп кесімін шығарып айтып тастаған. Сонымен қатар қазақ қамшыны ешқашан да үйге сүйретіп кірмеген. Әрі аяқ жаққа тастамаған, қайта қадірлеп төріне ілген. Басқа жабдықтармен қосып майламаған да. Өйткені «Жүген майласа ырыс, қамшы майласа ұрыс» деп есептеген. Сондай-ақ қамшы сапты тобылғы гүлдегенде алмаған, қатуын күткен. Көбінде қыс мезгілінде алатын болған. Тобылғының гүліне қарап ауа райын да болжап отыратын біздің халық көктемде тобылғы қоңыр қызыл болып гүлдесе, жаз жайлы, жаңбырлы болады деп есептеген. Тобылғының түсі күлгін болса, құрғақшылық болады деп білген. Бұдан қамшының материалынан бастап, жасалып шығуына дейін қазақ халқының ұлттық наным-сенімін құрастырып жатқанын аңғаруға болады. Билікке де, құдалыққа да қамшы арқылы жауап беретіні содан. Өйткені аталы сөздің түйіні қамшыда жатыр. Қамшы-қазақтың сөзі, тарихының көзі. Бір халықтың мәртебесінің де, махаббатының да байламы болған қарапайым ғана қамшы біздің мәңгі төрімізден түспеуі тиіс. Алты таспа қамшы өрімінде алты Алаштың тарихы жатыр. Тобылғы сапты қамшы ұстап, тобылғы торы ат мініп өскен қазақтың баласы атауға ежелден ерекше мән берген. Мәселен қамшының дайындалатын орнына, қолданылатын материалына, жасалу үлгісіне қарай бірнеше топқа бөліп, атау берген. Мысалы, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала сүндетке отырғанда оған беретін қамшыны «Сүндет қамшы» деп атаған. Ал бала бәйгеге мінген кезде оған арнайы бәйге қамшы ұстатады. Немесе жасатады. Ол басқа қамшыларға қарағанда жеңіл болуы тиіс. Көкпар қамшы жуандау және қысқалау болады. Атты сабалап ұрғанда шабына тимеу керек. Әрі айналып келіп адамның өзіне де зақым келтірмеуі маңызды болып есептеледі. Ал балуандар мен ел ішіндегі сүйекті жігіттердің ұстайтын қамшысын «Дойыр қамшы» деп атаған. Тағы бір қамшы «Неке қамшы» деп аталады. Қазақ қашанда не істесе де біреудің көңіліне келіп қалмауын ойлаған. Сондықтан қазақ жігіттері бозбала болып бозжорға мініп жүргенде өзін үйленуге, отағасы болуға тәрбиелейді. Соның алғашқы қадамы үйленер алдындағы дос-жаранымен өткізген күндері болмақ. Сондай күндердің бірінде үйленетін жігіт өзінің достарын жинап алып, арасынан күйеу жолдас болатын жігітті таңдайтын болған. Сол кезде жиналған жора-жолдастары өздерінің ұстап келген қамшыларын бір жерге жинап тастайтын болған. Сонда әлгі үйленетін жігіт белгісіз жиналған қамшылардың ішінен біреуін таңдап алады екен. Ал таңдап алған қамшысының иесі әлгі жігітке күйеу жолдас болатын болған. Міне, қарап тұрсаңыз қандай нәзіктік, қандай сыйластық?! Қамшының сабы мен өрімінен бөлек бүлдіргесі, кекілдігі, бауырдағы, алақаны деген сияқты бөліктері болады. Әр бөліктің өзінің орны мен атқаратын қызметі болады. «Жылқының сұлу болар сүртектісі, Сұлудың қасқаяды күрек тісі. Қамшыны бауырдақты екі бүктеп, Жігіттің үйге кірер жүректісі» деп халық өлеңінде айтылатындай қазақтың өмірінде қамшының орны бөлек екені әуел бастан белгілі. Ал шебер біреудің бұйыртқан қамшысын жасап қолына ұстатқанда оның бүлдіргесін тағып бермейтін болған. Бұл да бір қамшы ұстаған адамның ескеретін ырымы. Қазақтың ерлігі мен батырлығының, билігі мен шеберлігінің символы болған осы бір кішкентай ғана дүниенің бойында бір ұлттың ғасырлық тарихы жасырынған. Қамшысы мықты адамды халқымыз «Қамшыгер» деп қадір тұтқан. Бұл өнер болып саналған. Егер қамшыгерлікті батырлыққа, өткірлікке баламаса, онда аспандағы жарқылдаған найзағайдың өзін қазақ «Құдайдың қамшысы» деп атамаған болар еді. Оның өрімінің өзінде ұлтымыздың басып өткен жолдарының өрнегі жатқандай сезіледі кейде. Өйткені алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, он сегіз таспа деп өрімдерін бөлек-бөлек санатқа бөлген қазекең кейде «Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс» деп кейкиген адамға кеуде керіп сөйлейтінін қайтерсіз?! Демек бұдан біз малшының да, аңшының да қаруы болған қамшының қадірі қашанда биік болғанын, қамшысын қолға алған қазақтың не дауды, не жауды тоқтатып тынатынын аңғарамыз. Сондықтан аттан түссек те қамшымыз қолдан түспесін, қолдан түссе де төрден түспесін.
Шапағат ӘБДІР