ШВЕЙЦАРИЯМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАНДАНАДЫ
ШВЕЙЦАРИЯМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАНДАНАДЫ
Қазақстан-Швейцария қатынастарының серпінді дамуын құптай отырып, тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын, көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды, оның ішінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Нұртілеу Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. «Дипломатиялық қатынастардың үш онжылдығында сенімгерлік саяси диалог жолға қойылды, екіжақты сауда табысты дамуда, инвестициялық ынтымақтастық кеңеюде, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық байланыстар өсуде. Біздің елдеріміз арасында саяси келіспеушіліктер жоқ», деді Министр. Өз кезегінде Федералдық кеңесші И.Кассис Қазақстан Республикасындағы әділ мемлекет, мықты экономика және гүлденген қоғам құруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді. Бұл ретте, ол екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, жаңа перспективалы бағыттардың бар екендігіне назар аударды. Тараптар өзара іс-қимылды нығайтуға, оның ішінде тұрақты саяси диалогты қолдау, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру жолымен өзара мүдделілік білдірді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,4 миллиард АҚШ долларына жеткен өзара тауар айналымының ұлғаюы қанағаттанушылықпен аталып өтті. Швейцария тікелей инвестициялар түрінде жинақталған капитал салымдарының көлемі 31 миллиард доллардан асатын Қазақстан экономикасына ірі үш шетелдік инвесторлардың қатарына кіреді. Қазақстанда швейцариялық капиталдың қатысуымен 300-ден астам компания тіркелген, олардың кейбіреулері салалық флагмандар. Атап айтқанда, тараптар өткен жылы қол қойылған «Stadler» компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК арасындағы ұзақ мерзімді инвестициялық келісімнің табысты іске асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтті. Екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту және жаңғырту, атап айтқанда консулдық-құқықтық салада, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеу және қайтару мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары БҰҰ және ЕҚЫҰ институттары шеңберіндегі тиімді өзара іс-қимылды және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұстанымдардың ұқсастығын атап өтті. Қазақстандық тарап Бреттон-Вудс институттары шеңберіндегі өзара іс-қимылды және Швейцария Конфедерациясының Алматы қаласындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдерінің әлеуетін дамыту жөніндегі Халықаралық валюта қорының Өңірлік орталығын құрудағы елеулі үлесін жоғары бағалады.