МОҢҒОЛИЯДА ҚАЗАҚТАРДЫҢ КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ
МОҢҒОЛИЯДА ҚАЗАҚТАРДЫҢ КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастап барған қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар. Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. 4 шілде күні қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазармен және мәслихат депутаттарымен кездесті. Қазіргі таңда аталған ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен. Кездесуге «Отандастар қоры» КЕ АҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғабит Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйымының басшылары мен өкілдері қатысты. Жиын барысында Абзал Сапарбекұлы қазақстандық делегация құрамын таныстырып, Ұлан-Батырда болатын іс-шаралар туралы айта келе, алдағы кіші құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді. Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті. Мұнан кейін делегация мүшелері Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар тығыз орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, қандастармен кездесті. Ал 5 шілде күні қазақстандық ресми делегацияның Моңғолияға сапары Ұлан-Батырда өткен «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» атты «дөңгелек үстелмен» жалғасты. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Басқосу барысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен саясаттанушылар екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі даму жолдарын талқылады. Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші құрылтайы Баян-Өлгейдегі Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өтті. Кіші құрылтайдың салтанатты жиынын ашқан Баян-Өлгей аймағының басшысы Камелият Ахмедияұлы атажұрт Қазақстаннан келген құрметті делегация мүшелеріне алғысын айтып, осынау құрылтайдың Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан астам қазақ шоғырланған аймақтың Қазақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кіші құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтауда ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын мәдени, іскерлік байланыстардың маңызын айтып, құрылтай жұмысына сәттілік тілеген. Жалпы кіші құрылтай аясында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында Моңғолия ресми тұлғаларымен кездесулер, екі елдің ғалымдарымен «дөңгелек үстел», кітап тұсаукесерлері, ескерткіш пен көше ашу, кіші құрылтай отырысы, бизнес форум және Қарағанды қалалық Тәттімбет атындағы өнер колледжі оркестрінің концерті өтті.