Жаңалықтар

ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖҮЙЕЛЕНІП КЕЛЕДІ

ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖҮЙЕЛЕНІП КЕЛЕДІ

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті мен «Ghalam» ЖШС «KazEOSat-MR» орташа ажыратымдылықтағы жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің топтамасын құру жөніндегі жұмыстарды орындау туралы шартқа қол қойды.

Салтанатты шараға ҚР Мәжілісінің депутаттары, ҚР ЦДИАӨМ және ведомстволық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Шартқа Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Жеткергенұлы және «Ghalam» ЖШС Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорнының бас директоры Қайыржан Ерсайынұлы қол қойды. «KazEOSat-MR» спутниктер тобын құру жөніндегі жобаны іске асыруды отандық мамандар Астана қаласындағы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде жүзеге асыратын болады. Жобаны іске асыру «KazEOSat-2» орташа рұқсаттағы жерді қашықтықтан зондтауға бағытталған қолданыстағы жерсерікті алмастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде жерді қашықтықтан зондтау арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ ҚР экономикасының түрлі секторларының шағын және орта бизнес субъектілерінің негізінде құрылған деректер негізінде ұсынылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді дамытуға ықпал етеді. Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстанның берілген аумағын күнделікті түсіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін үш ғарыш аппаратынан тұратын жүйе құрылады. «KazEOSat-MR» ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені үшін ғарыш аппараттары өндірісінің әлемдік нарығына шығуы үшін алғашқы тапсырыс болады. Ажыратымдылығы орташа қашықтықтан зондтау деректері экономика салаларын цифрландыру үшін кеңінен қолданылады. Ғарыштық мониторинг Қазақстанға қысқа мерзімде ел аумағы (оның ішінде алыс орналасқан және қауіпті аймақтар) туралы жедел мониторингтік ақпаратты алуда еркіндік береді. Сондай-ақ табиғи ресурстарды барлау мен өндірудің тиімділігін арттыру, ауылшаруашылығына жаңа тәжірибелерді енгізу, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын барынша азайту, қоршаған ортаны қорғау үшін бірегей шешімдерді ұсыну, климаттың өзгеруін бақылау салаларында жедел ақпарат алмасуға септігін тигізеді.

«AR-AI»-ақпарат