ТАЗА БОЛСА ТАБИҒАТ – АМАН БОЛАР АДАМЗАТ
ТАЗА БОЛСА ТАБИҒАТ – АМАН БОЛАР АДАМЗАТ
«Көк майса бетегелі белің қайда, Күмістей шалқып жатқан көлің қайда? Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен, Жөңкіліп көшіп-қонған елің қайда?!» деген бір шумақтың өзінде қазақ даласының тамаша табиғаты көз алдыңа келмей ме? 48 мың көлін, 42 мың өзенін, 2 724 902 шаршы шақырым жерін, 13 394 шақырым шекарасын қазақтың өз пейіліне қарай пейіш етіп ұлы Құдыретті Жаратушының сыйлағанына тәубе келтірген. VIII ғасырда Қытай ақыны Бо Зо Уй: «Киізіне жүні кеткен мың қойдың, Шаңырағы қайыңынан күнгейдің. Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем, Дей алмаймын ағашына мін қойдым. Сайын дала оның мекен тұрағы, Бірде көрсең терістікте тұрады. Сарбаздармен көшіп сағымдай, Бір қарасаң түстік жақтан шығады. Шым жібектен шықты белбеу байлаған, Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран. Кірсең жылы іші қыз-қыз қайнаған, Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң. Салтанатты сарайында патша мас (Қытай патшасы), Ол бар үмітіңді ақтамас. Киіз үйдің құдыретіне жоқ талас, Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас» деп, киіз үйдің кереметін әдемі жырлаған. Сарыөзен (Хуанхэ) өзені бойында қытайланған (дәл қазір) 7 миллион қаңлы, Тарбағатайдың Қытай бетінде 17 миллион халық тұрса, соның жартысы өздерін қазақпыз демейді, арғын, найман, керейміз, дейді. (Өмірбек Байгелдінің ақпараты). Міне сол қазақтар өзінің Сарыарқасын, Мойынқұмын, Бетпақдаласын, Қаратауын ғана жайламай, 10 миллион шаршы шақырым болатын Қытай жерінде де көшіп-қонып жүрген. Осыдан 3 мың жыл бұрын Майқы би былай депті: «Шаңырағынан күннің нұрлы сәулесі шуағын төгіп тұрған қасиетті киіз үйге тастан, саз балшықтан, ағаштан қаланған қапас кепе қалай жетсін!» деген. Cол көшіп-қонған бабалар табиғатқа залал жасамаған. Керемет үлгімен аялаған. Көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға көшкен. Үнемі тұмса табиғат, өзен-көл, тау-тас, ен даланы шарлаған. «Қамап қояр қоян емес, ауаға адам ғашық қой, бөлмеңнің іші желдесін, терезеңді ашып қой!» деп, түңлік ерте ашылған, ірге түрілген. Қонған жерді шиырлап көп отыра бермеген, жыл маусымының ауысуына сай олар да түйесіне жүгін артып, өлеңін айтып, көтеріңкі көңілмен көшіп отырған. Қыз айттырған ел азаматтары көшкен жұртқа ат ізін салған. Жұрты таза ма, оны да бақылаған. Жұртта жер ошақта онша-мұнша қоқыс жасырылып, беті таза топырақпен көмкерілген. Киіз үй тігілген үй айналасын артық басты керексіз зат, сүйек-саяқ, нәжіс, тағы да басқа қалдықтардан толық тазартылған. Содан әлгі қыз айттырушы жұрт сол елдің қызына құда түскен. «Байлық басы – су, анасы – жер, атасы – еңбек». Осы байлықтың қазақ қадіріне жеткен. «Жақсы қатын жүн қарыз алады, жаман қатын су қарыз алады» деген қазақ жылына 2 қырқым алып, жүнді өте тиімді кәдеге асырған. Ал қазір «қойлы ауыл» сарай, отырған таудағы үй, тіпті ауылдағы үй айналасы, берілген 0,15-0,25 гектар жер телімінің айналасы қысы-жазы шашылып, табиғатқа кереғар әсер беріп жатқан жүн-жұрқа мен тері-терсекке толы. Осы күні жамандап жүрген кешегі кеңес үкіметі кезінде бұл аталған «дүниелік» толық кәдеге асатын. Қазақ шаруалары ол заттарды пұлдап, біраз қаражат та түсіретін. «Жері байдың – елі бай» деген ғой, қазіргі көп қазақ «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» дейді. «Болашақ – ауылда», «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбет Майлин айтқандай, бұрын Қазақстанда 8 200 ауыл болса, қазір 6 200-дейі бар, жұрт жаппай ауылдан қалаға көшіп кеткендіктен бос үйлер көп-ақ. «Ерінбесең еңбекке дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың. Ойлансын деп ой берді, көруге көз, Аяқ берді тапсын деп басқан сайын» деп, Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, әлемдегі ең үздік дамыған 10 ел қатарынан ойып орын алған жапон елінің 3000 аралдан тұратын 387 мың шаршы шақырым жерінде 124 миллион халық тұрады. Өте еңбекқор, тазалықты бірінші кезекке қоятын ел. Әр оқушы арқасындағы кітап сөмкесінің қапталына қоқыс салатын дорба байлайды. Көшеде келе жатқанда сіріңкенің бір шиі я қағаз көре қалса салып алады. Міне, тәртіп! Ал бізде «Мектепте оқушыларға жұмыс істетпе!», «Газетке зорлап жаздырма!» деген министрлердің жарлығын ұстанып, қатып қалған. Бала еңбекпен есейеді емес пе?! Базбіреулер қапшыққа толы қоқысын үйден көлігіне салып алып шығып, жол бойына тастап жүре береді. Бұл енді барып тұрған надандық! Көлікпен қалаға я ауылға бет алып шыққан жолаушы темекі шегеді, күкірт шиі мен әлі өшпеген темекі тұқылын терезеден лақтырады. Өрт шығады. Мал жайылымын өртеп, табиғатқа, елге, жалпы тіршілік әлеміне нұқсан келтіреді. Темекі қорабы, пластик құты, шыны ыдысты лақтырып кетеді. Бірде Айдар есімді бауырымызбен бірге Күйіктен шыққан жердегі Балық сазына тоқтап, сондағы шорылдақтың мөлдір суынан іштік. Жұрт шорылдақ айналасын сан түрлі қоқысқа толтырыпты. Соларды Айдар ағамыз жинап, қапқа салып алғанын келесі көлікпен келіп тоқтаған орыс жолаушылар көріп, бізді басып озғанда жарығын сан рет жағып, ризалық пейіл танытқан еді. Әкеміз үйде де, түзде де тазалық сақтап өсуге баулыды. «Әке көрген оқ жонар» деген осы. Сен табиғатты аяласаң, ол да сені аялайды. Табиғат – өз үйің. Жапондар мен сонау өткен замандардағы ата-бабамыздың ұқыптылығына жан бітірсек құба-құп емес пе?! Жинақылық – сараңдық емес, бұл ұқыптылық. Әр жинақылық молшылыққа жеткізеді. Сұлтанмахмұт айтқандай: «Жасамаймын еңбектің, Жемісін көзбен көрем деп. Жасаймын бір қолқабыс, Кейінгіге берем деп». Әр тәрбиелі адам үйде де, түзде де өзін белгілі бір тәртіпке бағынышты ұстайды. Ауылды жерде бірсыпыра жұрт онша-мұнша қоқысын бақшаның аяғына шашып төге салады. Бұл болмайды. Қазір ауылда да қоқысты арнайы ыдысқа салып қоясың, белгілі уақытта қоқыс жинайтын көлік алып кетеді. Әр ауыл шетінде қоқыс полигоны бар. Жуалыда жұрт өзен, көл жағасына жыл маусымының бар сәтінде демалуға, шомылуға, серуендеуге барады, балық аулайды. Тіпті қонып та қалады. Мәселен Париж халқы сенбі, жексенбі күндері қала сыртына, Сена өзені бойына қонады. Олар кеткен соң барсаң, мұнда ешкім болмағандай тап-таза, ине сынығын да таба алмайсың. Бізде де осы үрдіс жалғасын тапса дейсің. Жуалы ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі 2002 жылы құрылған. Жер көлемі – 431,300 гектар, оның 103,905 гектар жерін мемлекеттік орман қоры құрайды. Ол Жуалы (жер көлемі – 13 167 гектар), «Билікөл» (90,738 гектар) орманшылықтарына бөлінеді. Соңғысының 17 109 гектарын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік қаумалы алып жатыр. Ал, 73 629 гектар орман қоры жері Мойынқұмда орналасқан. «Жуалы» орман шаруашылығы Түркістан облысымен және «Ақсу – Жабағылы» қорығымен шектеседі. Мұнда Алатау арқары, таутеке, елік, қабан, аю, жайран, қоян, түлкі, мәлін, дуадақ, бүркіт, қаршыға, бозторғай, сандуғаш (бұлбұл), көкқұс, сасықкүзен, тағы басқалары бар. «Берікқара» шатқалында «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқары мекендейді. Олар жоспарлы санақтан өтеді, тұз жалаққа тұз салынады. Бұлардан өзге елік, борсық, қасқыр, кекілік, шіл, бұлдырық, бүркіт, ителгі, қаршыға, сарыалақаз, торғай сынды көптеген аң-құс бар. «Жуалы» орманшылығында «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін өсімдік түрлері – штубендорфия, регель алмұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, бесмүйіз склеротиария, кәдімгі таусағыз, көктікен, корольков бәйшешегі, грейг пен кауфман қызғалдақтарының сирек түрі бар. Балық шаруашылығына қолайлы 10 су айдыны бар – Билікөл көлі, Теріс – Ащыбұлақ су қоймасы, «Дарбаза», «Ақтөбе», «Мырзабұлақ», «Қамыскөл»-дің иелері бар, ал «Ботақара», «Төрт ауыл», Шақпақ су тоған сарқырамасы, «Қожағұл бұлақ» ешкімге бекітілмеген. Табиғаты көркем Берікқара шатқалы мен Көксай аумағы туристік кластерді дамытуға қолайлы. Соңғысы қолға алынып, туристер қабылдай бастады. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Қазақстанда 15 миллиард бұта орман шаруашылығында, 2 миллиард тал елді мекендерге егілуге тиіс-тін. Елді мекендердегі бұл жоспарды жүзеге асыру көңіл көншітпейді. Бұрынғы егілгендері күтімсіз, қурап кете береді. Мәселен аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына шығыстан кіреберіс жердегі теректер суарылмайды. Қурағанын отап тастап, орнына неге жаңадан екпеске?! Түктібай ауылына кіреберістегі мектептің арқа тұсындағы теректер қурап, таусылуға таяу. Сұрасақ «су келетін арық жоқ дейді». Сонда да қол қусырып қарап отыруға болмайды ғой. Асарлатып болсын, я жоғары сынып оқушыларын жұмылдырып, арық қазуды қолға алу керек-ақ. Теріс ауылының астыңғы жағындағы қалың терек кесілген. Ол жерге спорт ойын алаңы орналасатын көрінеді. Басқа жер құрып қалды ма?! Жауапкершілік қайда? «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзіміз қайда қалды?! «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолы бойынан басталатын Тараз – Бәйтерек жолының жиегіндегі қара тал қурап, сиреген. Неге ол толықтырылмайды?! Аса өзенінің суы жаз шыға сала Бәйтерек ауылы тұсынан мүлдем ақпайды. Ондағы диқандар алқап суару үшін арнаны байлап алып, бір тамшы су жібермейді. Арнадағы сан алуан жәндік, балығы, бақасы, шаяны түгел опат болады. Олар да Алла жаратқан тіршілік иесі ғой. Адам өмір сүру керек те, олар өлу керек пе?! ХХ ғасырдың 60-70-жылдары су Билікөлден әрі қарай ағып, Ақкөлге құятын. Қазір ол жоқ! «Тимеңдерші құмырсқаға, Іздегені өмір ғой» деген екен Әлішер Науаи. Өмір орнында тұрмайды. 2030 жылдарға қарай әлем су тапшылығын көре бастайды. «Теңіз жағасында отырсаң да, суды үнемде» дейді. Табиғат ауысады, түрленеді, өзереді. Өзен – көлдегі су да сондай. Адам да сондай. Жасында құлпырады. Өмір өте келе солғын тартып, еңкіштенеді. Байлықтан асып-тасқан адамдар не істерін білмей, асқақтап кетеді. Жоқтар бейшара халден арыла алмайды. Жастық шағын қадірлемегендер есіреді, жаман жолға түседі. Адамның табиғатпен үндестігі сонда жатыр. Табиғаттың алай-дүлейі, жасаруы, солғын тартып, тозуы – соның бәрі адам өмірімен ұқсас. Адам мен табиғат егіз жаратылған. Адамнан бұрын табиғат, одан соң адам жаратылған. Адам өлген соң, табиғаттың бөлшегіне айналып, топырақ болып кетеді. Ал топырақтан қайтадан табиғат өніп шығады... Экология проблемасы бүгінгі таңға тек біздің елдің ғана емес, күллі әлемнің күрделі мәселесі. Экологияны, яғни табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіріп, қорғап ұстау жолында белсенді жұмыстар жүргізуге бәріміз атсалысуымыз керек. Нәйкен ҚАЙЫПБЕКОВА, Ақсәуле САДЫҚОВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары, Тараз қаласы