Жаңалықтар

МәҢГІЛІК ЕЛДІҢ МЕРЕЙІ

МәҢГІЛІК ЕЛДІҢ МЕРЕЙІ

Тәу етер тәуелсіздігіміздің, қастерлі азаттығымыздың 32 жылдық тарихында еліміз толайым табыстарға, жарқын жетістіктерге қол жеткізді және түрлі сын-өткелдерден сүрінбей өтіп, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Ел астанасының Алатау етегінен Сарыарқаның төсіне ауысуын да тәуелсіздік тарихындағы елеулі оқиғалардың қатарына жатқызуға болады.

Тәуелсіздіктің бірегей жетістігі, Отанымыздың жүрегі – Астана қаласы өзінің 26 жылдық тарихында әлемнің озық елдері көшбасшыларының басын қосатын саяси, мәдени орталыққа айналды. Мәселен, Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, VII қысқы Азия ойындары, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Ислам конференциясы ұйымы елдерінің форумы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, Астана экономикалық форумы және басқа да әлемдік іс-шаралар – осы сөзіміздің айғағы. Осылайша талай мемлекет басшылары, саясаткерлер, қаржыгерлер елордада бас қосып, ғаламдық келіссөздер, кездесулер мен басқа да ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, әлемдік күрделі оқиғаларға қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Мәселен, Астана қаласында өткен 2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 және 2022 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7 съезі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдерінің басын қосты. Бұл басқосулар халықаралық деңгейде өз бағасын алып, сан алуан конфессиялар мен әлемдік діндер өкілдерінің альтернативті келісім мен диалог алаңына айналды. Съезд алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын. 2022 жылы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбында өткен кезекті VII съезге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, сөз сөйледі. Отырысты ашқан Мемлекет басшысы Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. «Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу», деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Сонымен қатар 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындарының өтуін де тарихи оқиға деп бағаласақ, ешқандай сөкеттігі жоқ. Себебі оған дейін елімізде Азия ойындары секілді ірі жарыс өтпеген болатын. Ал сары құрлықтың саңлақтары бас қосқан дүбірлі доданың аса жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын күрт арттырды. Сондай-ақ 2010 жылы Астана қаласында Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп, еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы беделін одан әрмен өсіріп, әлем елдерімен серіктестігіне тың серпін берді. Жалпы Қазақстан 2010 жылы еуропалық ұйымда төрағалық еткен кеңестік елдер арасындағы тұңғыш мемлекет, Орталық Азияның бірінші өкілі және алғашқы мұсылман елі болды. Саммитке 56 елдің мемлекет және үкімет басшылары, саяси қайраткерлері, 600-ге жуық халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. 1 500 журналист форум жұмысынан ақпарат таратты. Еліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін арттырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің де өткеніне 6 жыл толыпты. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен көрме – жалпы EXPO тарихындағы ең сәтті өткен мамандандырылған көрмелердің бірі. Бас-аяғы 3 айға жалғасқан халықаралық іс-шара еліміздің өндірісі мен ғылыми базасын технологиялық жаңғыртуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік берді. Ғалымдар мен мамандардың жаһандық қарым-қатынас алаңына айналып қана қоймай, іс жүзіндегі және ғылымдағы зерттеулердің революциялық қарқынды қадамы болды. ЭКСПО көрмесі арқылы елімізде іскерлік экожүйе қалыптасты. Бүгінде ЭКСПО аумағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғырланған елорданың іскерлік орталығына айналды. Ал Астана экономикалық форумы биыл он алтыншы рет ұйымдастырылды. Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар келді. «Дөңгелек үстел» форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Бұдан бөлек климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды. Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті. Астана төрінде өтіп, дүние жүзінің назарын Қазақстанға аударған және еліміздің жаһандық имиджіне тікелей әсер еткен маңызды жиындарды әрмен қарай да тізбелей беруге болады. Осылайша Астана тек Қазақстанның ғана саяси-әкімшілік ордасы болып қойған жоқ. Аз ғана уақыттың ішінде басты ордамыз әлемдік деңгейдегі халықаралық орталыққа айналып, әлем жұртшылығы еліміздің астанасын – тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысы, бітімгерлік пен келісімге келудің алаңы ретінде таныды. Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің өркендеуінің символы Астананың абыройы асқақтай берсін!