Әлеумет

ЕЖЕЛГІ АСТАНАДАН БҮГІНГІ АСТАНАҒА ДЕЙІН

ЕЖЕЛГІ АСТАНАДАН БҮГІНГІ АСТАНАҒА ДЕЙІН

Қазақтың өз қолы өз аузына жеткелі ақордасы қанша көшіп, қанша қонды екен десеңізші?! Ал Астана – тәуелсіз елдің айбары мен айбынын көрсететін бірден-бір символ. Біздің ойымызға Астана десе бірден бабаларымыз іргесін қалап, бүгінде орны ғана қалған Сауран, Сарайшық, Сығанақ, Отырар елестейтіні анық. Ай астындағы ақордамыз да, күн астындағы көк ордамыз да жердің жәннатын, шөптің шүйгінін, судың тұнығын бойлап жайлаған елміз.

Тарихшылар жалпы біздің ата-бабамыз қоныстанған қалалардың салынуын Түрік дәуіріне дейінгі қалалар, Түрік дәуіріндегі ерте ортағасырлық қалалар, ІХ-ХІІІ ғасырдың басындағы қалалар, ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен Қазақ хандығы дәуіріндегі қалалар деген сияқты бірнеше кезеңге бөліп қарастырады. Бұдан біз ұлтымыздың қала мәдениетін қалыптастыруға бүгін ғана емес, ежелден-ақ аса назар аударғанын аңғарамыз. Өйткені Отырар, Суяб, Тарбанд деген сияқты ежелгі қалалар біздің бабаларымызға пана болды. Әрі бұл қалалар біздің ұлтымыздың тікелей тағдырына әсер етіп, әр кезеңдегі астаналарымыз болғаны анық. Ал енді Алтын Орда дәуіріне келгенде Сарай Бату, Сарай Берке деген қалалардың гүлденіп, көркеюі біздің атымызды одан арман асқақтатқаны да шындық. Осы қалалардың ішіндегі тарихи маңызы зор, біздің ортағасырлық тарихымыздағы мәдениетіміздің қалыптасуына ерекше әсер еткен қалалардың бірі ретінде Сарайшық қаласын атап өтуіміз керек. Онда біздің Тоқты хан мен Жәнібек хандарымыздың сүйегі жатыр. Тіпті Жәнібектің таққа отырып, билік жүргізген кезеңі де Сарайшық қаласымен тікелей байланысты. Өйткені Сарайшық сол кезеңде Алтын Орданың ғана емес, сол тұстағы бүкіл мұсылман дүниесінің ең ірі мәдени, ғылыми, діни орталығына айналған қала болды. Қаланың негізін Бату қаласа, кейін кеңейтіп салған Жошы ұлысы, ал көркейткен Жәнібек хан болды. Сарайшықтан кейін дүниеге Қазақ мемлекетінің келуімен қатар, Сауран мен Сығанақ қалалары бой көтерді. Әрине, бұл қалалардың іргетасының қалануы да сонау Х-XI ғасырларда жатқаны ақиқат. Алайда Сауран да, Сығанақ та сол дәуірде Сыр бойындағы экономикалық маңызы бар қалалардың қатарынан еді. Сауран ХІV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орданың астанасы болса, Сығанақ ең алғаш Қыпшақ хандығының, одан кейін Әбілқайыр хандығының астанасы болды. Осы кезде қала әкімшілік, саяси, сауда және мәдени орталыққа айналып, кемеліне жетті. Алайда дәуірлердің алмасып, жаңа қағанаттардың құрылып, саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл қалалардың да орнын басқа қалалар алмастырып отырды. Атап айтар болсақ, қазақ халқының астанасы ХVІ ғасырдың аяғынан бастап Түркістан қаласына ауысып, Сауран мен Сығанақ қалалары өзінің рөлі мен маңызын жоя бастады. Тиісінше Түркістан ірі саяси, экономикалық әрі мәдени орталыққа айналды. Бұл қала бүгінгі күнге дейін өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Ал біздің кеңестік кезеңдегі астаналарымыздың да орны ерекше. Атап айтар болсақ, 1920 жылы біз Орынборды, онан кейін 1925 жылы Ақмешітті Астана етіп, атын «Қызылорда» деп атадық. Небәрі екі жылдан кейін қайтадан астанамызды Қызылордадан, Алатаудың етегіндегі Алматыға ауыстырдық. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан бой көтерген орталық қала – қазіргі Астана. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы астанамыз бәрімізге де ыстық. Астана – қазақ даласының жүрегі. Бұл тарихи шешім сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Қазақстанның Жоғарғы кеңесінің қолдауымен 1994 жылы 6 шілде күні қабылданған болатын. Сөйтіп, Алматыдан Арқаға көшкен жұртымыздың Астанасы өзінің ресми статусына 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап ие болды. Содан бері Астанамыз алты Алаштың атын әлемге танытып, біздің ұлттық болмысымыздың қорғанына айналып келеді. Әрине, Астана ұшы-қиыры жоқ далада өздігінен тұра қалған жоқ. Астананың бірнеше даму кезеңі болды. Астананың бірінші кезеңі – ортағасырлық Бозоқ қаласының тарихымен байланысты. Екінші кезең – 1830 жылы Ақмола бекінісі іргетасының қалануы. Үшінші кезең – Кеңес дәуірі. Соғыстан кейінгі тың игеру жылдарында қала Целиноград атауымен белгілі болды, тың өлкесінің орталығына айналды. Төртінші кезең – тәуелсіздік кезеңі. Қазақстан Республикасының жаңа астанасының құрылуы. Дәл осы жылдары еліміз егемендігін алумен қатар, астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысты. Бұл бүгінгі Қазақстанның дамуына орасан зор ықпалын тигізді. 1997 жылы желтоқсанның 10-ы күні Ақмолаға көшкен Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Сондықтан бірнеше жыл қатарынан10 маусым Астана күні ретінде тойланып келді. Ал 2008 жылдан бері мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай, яғни 6 шілдеге ауыстырылды. Қазақ тек қана малшаруа­шы­лы­ғымен айналысып, көшпенді өмір сүрмеген халық екенін арғы-бергі тарихымыз анық аңғартады. Жаңа салынған Астанамыз біздің әлем алдындағы абыройымызды асқақтатты. Тіпті біздің қалалық мәдениетіміздің бүгін ғана емес, ұзақ жылдардан бері дамып келе жатқанының жарқын үлгісін көрсетті. Астанаға қарап күллі қазақ марқаяды. Астанамыздың гүлденуі – біздің елдің көркеюі. Ол – қазақ халқының береке-бірлігінің ұйысқан ортасы. Біздің ұлттық идеологиямыздың ошағы. Кешегі күркіреп күн астында жортқан бабаларымыздың арманы біздің тәуелсіздігіміз болып орындалды. Ал тәуелсіздігіміздің айбары да, айғағы да – Астана. Өз Отаныңның ордасы қонған осындай қаланың болғаны қазақтың мерейін күннен-күнге аспандатпаса, аласартпайтыны анық.