ӘЛСІЗДЕРГЕ ПАНА БОЛҒАН ОРТАЛЫҚ
ӘЛСІЗДЕРГЕ ПАНА БОЛҒАН ОРТАЛЫҚ
Қазақ отбасында ең ардақты жан ретінде анаға баса көңіл бөліп, жалпы әйел затына, оның ішінде қыз балаға айрықша құрметпен қараған. Сондай-ақ буыны бекіп, қабырғасы қатпаған баланы тәрбие мен еңбекке баулудан басқа оларға артық жауапкершілік жүктемеген. Өйткені ата-бабамыз ықылым заманнан бері ана мен балаға ең әлсіз әрі қорғансыз жан ретінде қарап, отбасында да, қауымдасып өмір сүру барысында да айрықша қамқорлыққа алған. Қазіргі біз құрып отырған қоғамда да, тіпті әлемдік деңгейде де ана мен баланың өмірі мен денсаулығы, олардың қауіпсіздігі, құқығының қорғалуы басты назарға алынған. Соның нәтижесінде ана мен баланың құқығын қорғау, олардың әлеуметтік және денсаулық жағдайын жақсарту, қорлық көруіне жол бермеу тұрғысында өз өңірімізде де көптеген мемлекеттік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар, кеңестер мен қозғалыстар жұмыс істейді. Солардың бірі – Тараз қаласындағы облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы. Ауызекі тілде «Дағдарыс орталығы» аталып кеткен бұл мекеме осыдан 8 жыл бұрын әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арашалап алу, оларды уақытша әлеуметтік қорғауға алу мақсатында ашылыпты. «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді қазақ. Бұл мекемені негізінен отбасылық ұсақ-түйек ұрыс-керістің аталған нақыл астарына сыймай, әбден ушығып, соңы бітіспес дауға айналып, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі жау тұтуы салдарынан еркек әйелге күш көрсеткеннен кейін басына сауға іздеген нәзікжандылар келіп паналайды екен. Отбасында күйеуінен немесе күйеуінің туыстарынан қорлық көрген әйелдердің кейбірі мұнда баласын жетегіне алып қашып келсе, енді бірі үйден қара басы шығып, баласына қолы жете алмай, осы мекеме көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Айта берсек осы тектес талайлы тағдыр жетеді. Отбасылық тұрмыс салтымызда ер адамның әйел мен балаға қорған болуы қазақылық қанымызда бар әрі ұлттық болмысымызға тән екені қанша жерден айтылғанымен, орталық директоры Жамал Қалыбекованың айтуынша, қоғамда әйеліне жәбір көрсететіндер аз емес. Сондықтан да шығар, 27 орындық орталықтың төсегі бір сәтке де босамайтын көрінеді. – Орталықта барлығы 34 адам еңбек етеді. Мекеменің қызметі – отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жанжал шығарушы азаматтармен жұмыс жүргізу. 2014 жылдан бері біздің мекеме 907 қызмет алушыға көмек көрсетсе, оның ішінде 291-і әйел, қалғаны балалар. Біздің міндетіміздің тағы бір түрі – егер әйелге күйеуі не туысы анау айтқан зәбір көрсетпей, тек ұсақ-түйек ұрыс соңы жанжалға ұласып, екі жақ біріне-бірі иіле алмай жүрсе, оны да анықтап, екі жақты жарастыру. Өйткені болмашы нәрсеге бола бір отбасының шырқы бұзылып, ерлі-зайыптылар ажырасса, оның зардабын тартатын – балалар. Ал біз баланың бақыты үшін өмір сүріп жүргенімізді ұмытпауымыз керек. Мәселен, бір үйде келінге енесі, не атасы, немесе қайын сіңлісі күн бермеуі мүмкін. Мұндайда ер адам екі оттың ортасында қалғандай болатыны анық. Өздері бірін-бірі ұнатып, бірін-бірі іштей қалағанымен, күйеуінің туысына ұнамаған келіндерді немесе болмашы жайтқа бола бір-біріне өкпе артқандарды ажыратып ала беретін болсақ, онда біз ел ретінде ешқашан көгермейміз, көбеймейміз. Міне, осындай отбасылармен психолог, заңгер секілді мамандар жүйелі жұмыс жүргізіп, екі тарапты мәмілеге келтіруінің арқасында осы күнге дейін 404 адам өз отбасына оралды. Олардың 275-і жасөспірім, қалғаны нәзікжандылар. Өз отбасына оралғандардың тұрмыс-тіршілігі біздің үнемі бақылауымызда. Бізден қолдау күтіп, жаңа өмір бастауға бекінген аналар қауымының ішінде өткен жылға дейін 53-і тұрақты жұмысқа орналасса, оның 10-ы мемлекеттік мекемеге, 43-і жеке кәсіпкерлікке жұмысқа тұрды. Ал осы жылы бір адамды жұмысқа орналастырдық. 2014 жылдан бері 7 ақжаулықты мен 20 жеткіншек екінші мәрте орталыққа қабылданса, биыл 2 әйел, 9 бала осындағы әлеуметтік көмекке қайта жүгінуге мәжбүр болды. 2017 жылы Шу, Меркі, Сарысу аудандарынан біздің мекемеге қарасты отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін, яғни кеңес беру кабинеттері ашылған. Онда бір-бірден әлеуметтік және психолог мамандар жұмыс істейді. Ал Тараз қаласындағы осындай кабинет өткен жылы ашылды. Онда 4 психолог пен 1 заңгер бар. Олар кеңес алушы аналар мен балаларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Орталықтың өзінде жұмыс істейтін 2 психологтің бірі аналармен, екіншісі балалармен жұмыс жүргізеді. Басына пана іздеп, біздің көмегімізге жүгінген нәзікжандыларға мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 8 түрлі тегін арнаулы әлеуметтік қызмет түрі 6 айға дейін көрсетіледі. Былтырға дейін 1 614 әйел сенім телефоны арқылы көмек алса, биыл көмектің мұндай түріне 44 азаматша жүгінді. Осы жылдың І тоқсанында жеке консультация алуға 17 адам келсе, оның ішінде біреуі жасөспірім, – дейді Жамал Дүйсенбайқызы. Осы жылдың І тоқсанында мұнда барлығы 56 қызмет алушы қабылданса, оның 16-сы әйел, қалғаны бала. Оның ішінде 5 ақжаулықты мен 14-і өз отбасымен қауышқан. Қайта әлеуметтендіру үшін көмекке жүгінгендер саны – 13. Бұрын орталықтың әлеуметтік көмегін алып, кейіннен өз отбасына барып, отбасы шырқы қайта бұзылғаннан кейін, аталған мекемені екінші мәрте пана тұтып келген жанның бірі – Байзақ ауданының тұрғыны Меруерт Мұқағали (аты-жөні өзгертілді). Ол отағасының соңғы 5 жылдан бері ішкілікке қатты салынғанын, мұндай тұрмыстан қажығанын айтады. – Күйеуімнің орта мектептен кейін игерген белгілі бір мамандығы жоқ. Менен 3-4 жас үлкен. Өзім 25-темін. Тұрмысқа шыққалы бала күтімімен үйдемін. 4 баланың анасымын, үлкеніміз 7 жаста. Отағасы ауылдастардың үй ауласында жүргізетін ұсақ-түйек құрылысына, қыста қора соғу, соғым сою секілді жұмыстарға анда-санда жалданып еңбек етеді. Тапқан-таянғанын араққа жұмсайды. Тіпті өзі киетін киімін де алуға ақша қалдырмайды. Он күн тоқтамай арақ ішсе, бір-екі күн ғана демалып алып, қайтадан ішімдік ішуге кіріседі. Ащы суға сылқия тойып алып, мені ұрмаса да «Көресің, біз байып кетеміз. Өйткені менің қолым алтын. Бірі есік-тереземді салып бер, екіншісі үйімді сылап бер деп соңымнан жүгіріп жүреді» деп көкіп, мыжыңдап миымды жейді. Күн де сол әңгіме. Сондай кезде өмірден күдер үзіп кетемін. Шыдай алмай «жап, аузыңды» деп өзіне айқайлап беремін. Жүйкем де тозды-ау деймін. Сондай кезде ғана «Сен менің қадірімді білмейсің» деп жұдырық ала жүгіреді. Ал ішпесе одан жақсы адам жоқ. Ас-суымызды бірге тұратын ата-енемнің тапқаны арқылы айырып отырмыз. Бізбен бірге қайным да тұрады. Ол арақты аузына татып алмайды. Қайным қалада құрылысқа жалданып қаржы табады. Тапқан ақшасына үйге азық-түлік, өзіне киім алып, ескісін менің күйеуіме беріп, бауырмалдық танытады. Бірақ біз қашанғы өзгенің қолына қараймыз. Күйеуім табыс тауып оны отбасына, балаларға жаратса, мен ондай еркекке күң болып өтер едім. Соңғы кездері екі-үш жылдан бері үйдегілерге күйеуімді емдету туралы ұсыныс тастап келемін. Бірақ бұл ойымды ата-енем құптаған емес. Олар «Саған не жетпейді осы? Ішер асың, киер киімің бар, тыныш отыр» деп баласын жақтап шығады. Өткен жылы сүреңсіз күндерден шаршаған соң, балаларымды алып, осында кетіп қалғанмын. «Арағын қойдырамыз» деп үйдегілер уәде берген соң, отбасыма қайта оралғанмын. Бірақ бұл үмітімнен қайыр болмады. Содан кейін биылғы ақпан айында, яғни 1 жыл, екі айдан кейін осы мекемеге тағы келдім. Қазір орталық мамандары ауылдың учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп жұмыс жүргізіп отыр. Күйеуімді мәжбүрлі түрде емдетіп беретін болды. Ендігі үмітім сол ғана, – деді ол. Орталықтың заңгері Айдана Биғабылова әйелдердің мекемеге әртүрлі жағдаймен қабылданатынын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, үйдегі у-шу күйеуі ішкілік ішкен немесе жағдайы жоқтықтан ғана шықпайды екен. Жағдайы мықты, өзі де, күйеуі де белді қызметте істейтін отбасылардың да шырқы бұзылып, ақыр соңында әйелдер осы мекеме қызметіне жүгінетін көрінеді. – Бізге отбасылық зорлық-зомбылық туралы балалар тарапынан көмек сұралған емес. Десе де психологтер күйеуінен зорлық-зомбылық көріп, осында келген әйелдердің балаларымен сөйлесу барысында кейде 12-13 жастағы өрімдей қыздарды өгей әкесі қорқытып жыныстық қатынасқа тартқанын анықтап жатады. Мұндай жағдайда Тараз қаласы полиция басқармасының әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобы құлағдар етіліп, бұл бойынша арнайы тергеу жұмыстары жүргізіліп, іс сотқа өтеді. Кейде тәп-тәуір отбасылардың әйелі не күйеуі бірін-бірі қызғануы, әйелі қаламаса да күйеуі оны ырықсыз төсекке тартуы, енесі баласын қайрап салып, күйеуінің әйеліне қол жұмсауы секілді жайттар өте көп. Есірткі немесе спирттік ішімдік ішіп әйеліне не істеп, не қойғанын білмейтін еркектер де көп. Мұндай жағдайда негізінен қысымға, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын, кінәсі болса да болмаса да таяқ жейтін әйелдер. Қандай жағдай болмасын әйелге қол жұмсау қылмыс. Біздің мекеме тек отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге, оның балаларына көмек берумен айналысады. Бір әйелді бөтен еркек ұрып тастаса, мұнымен құқық қорғау органдары айналысады. Кейде мұнда орын болмай қалады. Сондай жағдайда Қордай ауданы немесе Алматы қаласындағы әріптестерімізге хабарласып, сол жақтағы орталықтарға орналастырамыз. Бізде әйелдерге қажетті қызметтің барлық түрі кедергісіз көрсетіледі. Соның ішінде жылдың І тоқсанында арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларға көрсетілген әлеуметтік-құқықтық қызмет түрінің бірқатарын сөз етсек, 6 қызмет алушының күйеуіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жергілікті полиция бөліміне арыз жазуға көмектестік. Соттың шешімімен 5 әйелдің күйеуіне «Ескерту» жазасы берілді. 1 нәзікжанды өз арызын кері қайтарып алуына байланысты іс сотқа жетпей, қысқартылды. 11 ақжаулықты үшін «Сот бұйрығымен алимент өндірту туралы» талап арыз жазылды. 4 қызмет алушы үшін «Бала 3 жасқа толғанға дейін асырап бағу үшін алимент өндіру туралы» талап арыз жазылды. 5 қызмет алушы «Неке бұзу туралы» талап арыз жазды. Күйеуінен баласын қайтарып алуға көмектесу секілді толып жатқан шаруаларды атқарып жатырмыз. Одан бөлек қоғаммен де үнемі байланыстамыз. Мәселен, «Мен әлсіз емеспін» тақырыбында тренинг, орта мектептерде «Жасөспірімнің құқықтық ортасы» атты іс-шараның, «Анаға тағзым» орталығымен бірлесіп, «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», колледждердің болашақ заңгерлеріне арналған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», облыстық іскер әйелдер қауымдастығымен, «Аналар кеңесімен» бірлесе отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты және отбасы құндылығына байланысты өткізілетін «дөңгелек үстел» немесе басқа да іс-шаралардың берері мол, – дейді Айдана Сатылғанқызы. Бұрын ата-бабамыз өз отбасын, елін, жерін жаудан қорғаса, бүгінгінің кейбір ер азаматтарының басы отбасылық даудан арыла алмай жүр. Оған жоғарыда аталған деректер дәлел болатыны анық. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» дейді халық даналығы. «Семіздікті мал көтереді» демекші қу дүниенің соңына түсіп, дандайсу немесе арақ деген әзәзілге еру кез келген отбасыға опа бермейтіні анық. Бастысы Құдай сана берсін дейміз мұндайда. Жалпы, отбасылық құндылық пен отбасылық мәдениетке төрден орын берілген жанұяда мұндай жанжал болмайтыны хақ.
Нұрым Сырғабаев