Жаңалықтар

Аңыздарға арқау болған асу

Аңыздарға арқау болған асу

Күйік тауы айдын көлді, ақ қайыңды жазық кең дала емес. Күйік тауы суы тартылған, қаңбақ жортқан шөлдала да емес. Күйік тауы – табиғаттың бар тамашасын өзіне жинаған берекелі мекен. Күйік тауы асқақтаған Алатау мен қасиетті Қаратаудың түйіскен тұсында жатыр. Асу-асу белдері, қызғалдаққа толы қырқалары мен жақпар тастары, сыңғырлай аққан жанға шипа берер бастаулары мен кішігірім өзендері қашанда көлік және теміржолмен өткен жолаушылардың қызығушылығын тудырып келеді. Күйік тауының Жуалыға қарасты етегіндегі Теріс өзені өзінің бастауын ерте кездері Түрік қағанатының жазғы ордасы болған сансыз көп бұлақтарымен ерекшеленетін Мыңбұлақтан алады.

Мыңбұлақ мекені туралы жазушы Шерхан Мұртаза: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім … Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» деп, туған жердің қасиетін ерекше тебіреніспен жазып кетсе, Кеңес Одағының Батыры, жауынгер-жазушы, осы мекенде туып, күллі қазақтың мақтанышына айналған Б.Момышұлы: «Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай, Ішсем суы татиды шекер-балдай. Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа, Сенен артық, жер шіркін, өтер қандай!» деп жырлаған. Күйік тауының батысындағы Теріс өзенінің жағасында Баркуаб ортағасырлық қаласының орнына қазіргі таңда қазба жұмыстары жүргізіліп, археологтар бұл жерде ежелгі қаңлылардың бір астанасы болған деген тұжырымға келіп отыр. Өлкетанушы Дархан Байдалиевтің айтуына қарағанда, Күйік асуының сол жағындағы ескі автомобиль жолының бойында «Керуен сарай» аталатын жер бар және оның Ұлы Жібек жолымен ешқандай байланысы жоқ. Ол кездегі керуен жолы басқа бағытпен өткен. Күйік тауындағы бұл керуен сарайы кейінірек он тоғызыншы ғасырдың шамасында пайда болған. Ол керуен сарайындағылар асудан әрі-бері өткен жолаушыларға қызмет көрсетіп, пайда тауып отырған. Керуен сарайдың алғашқы қожасы Шынбай деген кісі көрінеді. Бұл туралы мәліметті революционер-жазушы Д.Фурмановтың «Бүліншілік» («Мятежь») романынан кездестірдік. Жазушының жүрген жерлерін, көргендерін, естігендерін қағазға түсіріп отыратын әдеті болған екен. Ол: «Каюк (Күйік) асуында табиғат тез өзгереді екен, бұралаң тастақты жолмен төмен құлдилай бердік. Жолдағы үлкен тастар татар молаларының басындағы белгі тастарға ұқсайды екен. Асу біткен кезде алдымыздан ескі керуен сарайдың орнына тап болдық. Бұл жерде ары-бері өткен жолаушыларға қарақшылық шабуыл жасалып тұрған да, ел көтеріліп, керуен сарайды иесімен қоса өртеп жібереді. Жер атауы сондықтан «Күйік» деп аталады», деп көрсеткен. Д.Фурманов одан әрі ескі керуен сарайының маңында қарақшылар мекендеген сай болғандығын жазады. Шынында да Қаратаудың шығыс сілеміндегі Күйік асуына жақын жерде «Ұрысай» аталатын терең сай бар. Ертеректе Күйік асуының осы тұсында керуен жиі тоналып отырған. Қарақшылар «Ұрысайда» керуеннің жолын торуылдап, оның бағытын, оның нендей бағалы заттар әкеле жатқандығын жансыздары арқылы біліп отырған. Ұрылардың шабуылына, әсіресе жалғыз-жарым қарусыз, күзетсіз келе жатқан бай жолаушылар жиі ұшырап, тоналып отырған. Кей кезде дүние-мүлікті тонап қана қоймай, адамдарын өлтіретін де болған. Табыстарын «Ұрысайдағы» қораға әкеліп бөлісіп отырған. «Күйік», «Қандыасу» аталатын асулар ұрылардың осындай қандықол әрекеттерінің себебінен аталған. Ұрылардың осындай әрекеті әбден асқынып кеткен соң Белгітөбе маңындағы қызыл қаңлының жігіттері бір түнде ұрылардың қорасына тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды жойып жіберген. Содан кейін асуға мықты күзет қойылған. «Ұрысайдың» шатқалындағы қарақшылардың қорасының орны күні бүгінге дейін сақталған. Асудың «Күйік» аталу тарихына байланысты Мұхаметжан Тынышбаевтың деректеріне сүйенсек, қазақтың ханы Есім жауға аттанар алдында Түркістанға Тұрсын ханды шақырып алып, ел билігі мен отбасын аманат етіп тапсырған екен. Екі жыл жорықта болып, еліне қайтар жолда Әулиеатадан 40 шақырым жердегі таудан Тұрсын ханның бұзауларын бағып, зар еңіреп жылап жүрген кейуанаға кездеседі. Байқап қараса, кемпір өз шешесі екен, соның күйігінен жер атауы «Күйік» аталған деген тағы бір деректі алға тартады. Осы Күйік асуының аты Шыңғыс тағының иесі Күйік ханмен байланысты болғандығы туралы І.Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясының бірінші кітабында мынандай тарихи оқиғаны келтірген: «Еділ өзенінің сағасындағы Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан «Сарыарқадағы елімді көремін» деген сылтаумен он түмен қолмен Бату Күйікке қарсы жүрген. Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқтарымен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, намысқа шыдай алмай қан қақсап сырқырамақ? Бүкіл Шыңғыс әулеті болып демін ішіне тарта күтті. Бірақ заңғар мүйіздер сарт-сұрт ұрысқан жоқ. Күтпеген жерден жол-жөнекей Күйік екі күн ауырып, қаза тапты» делінген. Бұл мәліметті М.Тынышбаев та «История казахского народа» атты еңбегінде растай түседі. Ал осы өлке туралы көптеген аңыз-әңгіме жазып кеткен жазушы Жолдасбек Тұрлыбаевтың «Райымбек батыр» романында Күйік асуының әрбір төбесінде қазақ жасақтары от жағып, аз адаммен қалың жоңғар шеріктерінің жолын кескендігі туралы сөз болады. Жазушы жерлесіміз Ш.Мұртаза «Жұлдызы биік Жуалы» атты очеркінде: «Күйік – Қаратаудың атақты асуы. Неге «Күйік» деп аталғаны белгісіз. Мүмкін, «Қаратаудың басынан көш келеді» заманындағы қорлықтың күйігі ме екен?… Кейбір көктемде осы «Күйіктен» алты-жеті, тіпті одан да көп күндер бойы бір азынауық жел тұрады. Сонда жайқалып өсіп келе жатқан көк желең шынжау тартып, мешел баладай ілмиіп, көк тұрмақ, мал-жанның да реңі қашып, берекесі кетеді. Асудың «Күйік» аталуы, бәлкім, содан шығар», деп жазады. Біреулер Күйік атауы хақында: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Қаратаудан үдере көшкен елдің күйік-зарына байланысты қойылған» десе, «Айша бибіні жылан шағып өлтіргенде оның шешесінің қайғысынан осы төңіректегі тау-тастың барлығы да күйіп кетіпті, содан бұл тау «Күйік» аталыпты» деген аңыз да айтылады. Біздің тарихымыздан белгілі атақты Бәйдібек бидің жорықта жүргенін пайдаланған қалың жау малын айдап әкетеді. Мұны білген Бәйдібек алты ұлын атқа қондырып, жауға аттанбақшы болады. Осы кезде Бәйдібектің кіші әйелі Нұрила (Домалақ ене) оларға: «Құла айғыр жолда жаудың жасағына жол бермей, үйірін айдап өзі келеді», деп жолын бөгейді. Ашуланған Бәйдібек алты баласымен жаудың соңынан қуып шығады. Бәйдібектің әскері жауды Күйік тауында қуып жеткенімен осы жерде алты ұлынан айырылып, қан жұтады. Шындығында да Бәйдібектің кіші әйелі Нұриланың айтқаны келіп, құла айғыр барлық жылқыны бастап қайтып келеді. Бәйдібек Күйік тауында қайтыс болған ұлдарын Қошқарата өзенінің жағасына жерлеп, кері қайтыпты. Кейіннен жергілікті жұрт сол себепті ол маңды «Алты сары» обалары атап кеткен. Өлкетанушы Дархан Байдалиевтің айтуынша, ерте заманда Ұлы Жібек жолының сүрлеуі өтетін Күйік және Құлан, Шақпақ асулары қазіргідей биік емес, жай ғана бел болған екен. Сол екі таудың (Құлан тауы мен Күйік тауының) ортасын сол кезде қаңлы рулары жайлаған екен. Күйік асуының аузына орналасқан қаңлылар шығыстан келетін жауға қарауыл ретінде қоныстандырылыпты. Қауіп төнген жағдайда төбеден қарауылдарға от жағып, белгі беріледі екен. Ол төбе әлі күнге дейін бар. Белгі берілген жағдайда қаңлының қолын Иса есімді батыр бастап жауға аттанатын болыпты. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов Күйік тауының маңындағы колхоздарды аралап, «Көктемнен бері» деп аталатын очерк жазды. Жазушы Кәрім Баялиев осы Күйік тауында қайраткер ақын Сәкен Сейфуллиннің таста отырып қағазға шығарма жазғанын және Тұрар Рысқұловтың Түрксіб теміржолын салу кезінде жұмыс барысын барлап отыратын төбенің бар екендігін жазған болатын. Әрине, Кәрім Баялиевтің бұл жазып кеткені шындыққа жанасады. Біз талайларды таңдай қақтырып, тамсандырған Күйік тауына байланысты тарих пен аңыз-әңгімелерді біршама жинастырдық. Өлкеміздің әрбір қыры мен сайы, өзені мен көлі, қырқасы мен төбесі – тұнып тұрған тарих. Күйік асуы туралы осындай-осындай талай әңгімеге тұздық болар аңыздардың астарына тереңірек үңілсек, әлі де талай шындықтың беті ашыла түсер деп ойлаймын. Олай болса, жазарымыз таусылмасын, ағайын!

Ғазиза ҚЫСТАУБАЕВА, тарих пәнінің мұғалімі, Талас ауданы