НӘУБЕТТІ ЖЫЛДЫҢ ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕРІ
НӘУБЕТТІ ЖЫЛДЫҢ ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕРІ
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы 1723 жылы қытайлармен соғысты. Бұл соғыста қазақ 1 миллионға жуық адамынан айырылды. Олар Қытайдың қысымынан құтылу үшін патшалық Ресейдің қарамағына өтуге мәжбүр болды. Патшалық Ресей тұсында Түркістан аймағы қатаң қадағалауда болды. Осы тұста көптеген қырғын жасалды. Одан кейін қысым мен қуғын-сүргін басталды. 1916 жылы Түркістан аумағында патшалық Ресейге қарсы үлкен көтеріліс басталды. Көтерілісте негізінен қазақ пен қырғыздан тұратын 673 мың адам қаза тапса, 300 мың адам Қытайға кетуге мәжбүр болды. Сібірге 168 мың адам жер аударылды. 1916 жылғы көтерілістен кейін патшалық Ресейдегі түркі халқы және басқа да ұлттар большевиктерді қолдады. 1917 жылы большевиктер революциясы болды. Кеңес одағы осы революциядан кейін құрылды. Қазақ үшін көп нәрсе өзгерген жоқ. Кеңестік идеология ұлт ұғымын жоққа шығарды. 1932-1933 жылдар аралығында КСРО-дағы ашаршылықтан Қазақстан мен Украина ең көп зардап шекті. Қазақ халқының 38 пайызы аштықтан өлген. Бұл апаттан 1,5 миллионнан 4 миллионға дейін адам қаза тапқаны жазылған. Кеңестік кезеңде ашаршылықты зерттеуге тыйым салынғандықтан бұл мәселе бойынша ең анық мәліметтерді тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің 1987 жылғы мұрағаттағы зерттеулерінен көруге болады. Т.Омарбеков бұл апаттан 2 230 300 адам құрбан болғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш сол кездегі халықтың 49 пайызын құраған. Белгілі қазақ жазушысы Смағұл Елубаев егер бұл шығын болмағанда 1897 жылғы патша төңкерісі кезінде жүргізілген санақта 4 миллион 84 мың адам болған қазақ халқының саны 1990 жылдары 32 миллион болатынын айтады. 1930 жылдың көктемінде Қазақстандағы малдың жартысы қырылды. Көшпелі халықтың социализм арқылы дамуы құрбансыз болмайды деп есептеген Голощекин шығынды ойламады. Кеңес өкіметі өз тәртібін сақтау үшін ұсынған жаңа заңдар дәстүрлі малшаруашылығын тоқтатып, шамамен 36 миллион мал қырылды. Егіншілік жері мен малын тастап кеткен қазақтың бір бөлігі ел ішінде көшіп-қонса, екіншілері Қытай, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қырғыз елдеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Малдан, егіншіліктен айырылған қазақ халқы аштық пен ауруға тап болды. Әсіресе бала өлімі өсті. Көшедегі әлсіреген және өлі адамдардың көрінісін көзбен көргендерден естігенін Жуалы ауданының азаматы, тарих ғылымдарының кандидаты Ұзақбай Құрманбаев тебірене айтып берді. Аудандағы ашаршылық кезінде қаза тапқандардың жерлеу орындары, аудандағы жетімдер үйлері туралы келелі әңгімелерді айта отырып, сол кезде ауданға Мұхтар Әуезовтің келгені, Тұрар Рысқұловтың «өмір пойызы» атымен аштан қырылып жатқан адамдарға тамақ таратқаны, Билікөл аймағына «Әйелдер босқыны» атымен белгілі болған зауал жайлы (балаларына жейтін тамақ тауып бере алмаған аналар өз балаларын Билікөлге тұншықтырып өлтіріп, сол қайғыны көтере алмай өздері жынданып кеткені жайындағы адам шошырлық жайлар болған) жантүршігерлік естеліктер қалайша ұмытылмақ. Ал Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылының тұрғыны Бақытжан Жидебаев ауылдың шығыс жақ бетінде елді мекен болғаны, ол жерде Байназар деген бай бес мұғалімге үй салып бергені жайында айтады. Ашаршылық жылдары Әулиеатада панасыз, қамқорсыз қалған жетім балалардың көбеюіне орай оларды Байназар бай салдырған мектепке орналастырып, кейіннен жетімдер үйіне айналдырған екен. Жан-жақтан жиналған балаларды бауырына басып, «Сендер Темір әулетінің балаларысыңдар» деп, ішіп-жемі мен киім-кешегін қамтамасыз етіп, үлкен сауапқа ие болған деседі. Бұл интернатта тәрбиеленген кейбір балалардың ұрпақтары Түркістан облысының Түлкібас ауданында тұратын көрінеді. Мектептің алғашқы ұстазы Әбдіреш Нұрбаев деген азамат болған. Әбдіреш Нұрбаевты 1938 жылы 31 қаңтарда Ішкі істер Халық комиссариаты Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының үштігі 58-6-бабымен ең ауыр жазаға кескен. 1959 жылғы 30 желтоқсанда Жамбыл облысы сотының президиумы ақтаған. Қиын кезеңдердің құрбаны болған азаматтардың ұрпақтары зұлматты жылдардың зұлымдығын есінен шығармақ емес. Жамбыл ауданының тұрғыны Хаджимурат Исмайлов 1944 жылы анасы қазақ азаматына тұрмысқа шығып, қазақты төркінім деп өмірінің соңына дейін сыйлап өткенін, Жамбыл ауданының аумағында мектеп-интернаттың болғанын да баяндап берді. Қазіргі Құмтиын ауылы (бұрынғы Молотов) төңірегінде жетімхана-интернаттың болғаны, кейіннен аурухана болып, одан кейін Алтынбек Үсіпбаев деген кісі кайта балалар интернатына айналдырып, одан біраздан кейін қайта емханаға айналған екен. Оның да орны сақтаулы. Осы интернат жайында Шерхан Мұртаза «Интернат наны» шығармасында: «Жетi түн iшiнде таң атып, күн шығып, он жетiмнiң тар бөлмесiне нұр шашырағандай болушы едi. «Нан» деген сөз алыстағы ауылдан апаң келiп тұр дегенмен бiрдей. Айында-жылында ауылдан апаң келгенде кiшi қалта талқан, бiрер таба нан әкелер едi. Iнi-қарындасыңның аузынан жырып әкеп тұрғаны еске түскенде, талқан тамағыңнан өтпейдi-ау», деп жазады. Кеңестік жүйенің идеологиясына қайшы көрінетін көптеген мәселелерге де дұшпандық болды. Мысалы, тарихи-діни құндылықтар, дәстүрлі мәдени құндылықтар. Жамбыл ауданының тұрғыны, журналист С.Махамбетқұловтың айтуынша, Аса ауылында Дайырдың мешіті болған екен. Дін өкілдерін қудалау кезінде фуражка мен керзі етік киген жендеттер мешітті талқандаған кезде тасқа жазылған таңба аяқтарды, ескі кітаптарды іштегі қызметкерлер жан-жаққа алып қашқандығы айтылды. Біраз дүниелерді алып қашып, тауға апарып тыққан. Кейін сол кітаптар қойылған жер болуы мүмкін деген аймақтарға адамдар бірнеше рет барып, іздестірген. Ешқандай мәлімет табылмады. Жамбыл ауданының тұрғыны Есіркеп Бейсенов ақсақал да өзінің үш жасқа толған кезінде анасының қуғын-сүргіннен Ресейге қашқаны туралы баяндай келе: «Ол кезең біз үшін, әсіресе жергілікті тұрғындар үшін сөзбен жеткізгісіз зұлматты болды. Мен бар-жоғы үш жаста едім. Сондықтан мен өте аянышты және қорқынышты оқиғаны, атап айтқанда, аштық пен жоқтықты, адамдардың ауыртпалығын естідім», деп көңілі босады. Ел тарихындағы толастамаған жау шапқыншылығы, біресе ашаршылық, біресе саяси қуғын-сүргін, көш бастаған ұлт зиялыларының өлім жазасына кесілуі, барлық аймақтарда «мен» деген көзі ашық. көкірегі ояу, ел бастайтын, елдің басын біріктіретін азаматтардың тұтқындалып, қуғынға ұшырауы, одан қала бере соғыс, мұның барлығы айналып келгенде халықтың еңсесін көтертпей, бір биліктің уысында ұстап, бір ұлттың құндылығын жойып жіберуі неткен қорқынышты, әділетсіз, сұрқия саясат. Бұл жүйенің мақсаты – заман ағымын түсініп, заң тәртібін ұғынатын адамдардың «сыбағасын» беріп алса, қарапайым халық «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болады деген ұстаным еді. Сол мақсатты жүзеге асыру арқылы бір халықтың бұлыңғыр тарихын жасап берді.
Сәния МЕКЕМТАСҚЫЗЫ, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ғылыми қызметкері