Әлеумет

Нашақорлықпен күрес толастамайды

Нашақорлықпен күрес толастамайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстанда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша кешенді жоспардың жобасы әзірленді.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаевтың айтуынша, осы жылдың бес айында облыс аумағында 224 есірткі қылмысы анықталған. – Есірткі бизнесіне қарсы күресте 45 есірткі өткізу дерегі, 34 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау дерегі анықталды. Сондай-ақ 3 есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау дерегі, 6 есірткі контрабандасы тіркелді. Заңсыз айналымнан 540 келіге жуық есірткі шығарылды. Оның ішінде 519 келіге жуық марихуана, 16 келіге жуық гашиш, 38 грамм героин, 21 грамм синтетикалық есірткі түрлері бар. Осы жылдың 1 маусымында басталған «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жыл сайын полицейлер құмды аймақтардан жабайы қарасораны әкету арналарын жабу бойынша операциялар жүргізеді, – дейді Н.Рахметуллаев. Полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен ғана емес, жабайы өсімдіктермен де күреседі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері учаскелерді ору, шабу, өртеу және улы химикаттарды қолдану арқылы есірткілерді жойып жүр. Тек бір Байзақ ауданында шабу және өртеу арқылы 18,7 гектар жердегі 20 тонна 456 келі жабайы қарасора жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді.