Қоғам

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халқымыз. Қариялар – тәлім-тәрбиенің тірегі, ұлағаттың кені. Олар айтқан әрбір асыл сөз өскелең ұрпақтың келешегіне жарық шашып, шуағын төгеді. Қазақ қоғамында қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс пен ынтымаққа жұмылдыра білген. Халқымыздың «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген даналық сөздерінен қариялардың қаншалықты құрметке лайықты болғанын аңғару қиын емес. Ақылдың кені қазыналы қарттарды құрметтеу, ақсақалдар қауымын ардақтау – біздің парызымыз. Елді бірлік пен татулыққа бастайтын қарттарымыздың игі қасиеттерінен үлгі алып келеміз. Үлкендеріміздің өмірлік бай тәжірибелері елдің еңсесін тіктеп, өркендеуіне мол пайдасын тигізуде. Өмір көрген ардақтыларымыздың ақылын алсақ жаман болмаймыз, керісінше, тәлім-тағылымдарын өнегеге айналдыруымыз керек. Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді. Еліміздің жан-жақты дамуында қарияларымыздың ерен еңбектері жатыр. Ол ел-жұрттың жадында. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз абыз ақсақалдарымыздың тыным таппай атқарған жұмыстарының жемісі. Қарттарымыздың ел болашағы үшін атқарған бар игі істеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өкініштісі сол, заман ығымен қазыналы қарияларымыз азайып бара жатқанына да қынжыласың. Әсіресе жаңа ғасыр лебімен жаңа ұрпақ дүниеге келіп жатыр. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Жаңа заманғы ата-әжелер де қалыптасып жатыр десем, еш қателеспеймін. Дегенмен менің әжем деп көрсетсе, нанбай қаласың. Жалпы өз басым «әже» деген сөзді естігенімде ойыма орала беретіні: ақ жаулық, әжелік өсиет-әңгіме, әженің саған деген мейірі мен ықыласы, айтып отырар мақал-мәтелі, бесік жыры, дәмді құрты, айран, сүті, қазақи болмысы, аяғына киген мәсісі, оюланған қамзолы, ақ түскен шашы бәрі-бәрі елестейді. «Ата» дегенде елестейтіні: басынан тастамайтын тақиясы, аузынан шыққан дуалы сөздері, айта берсең кете бересің. Қазіргі кезде осындай қарияларымызды біреулері қарттар үйіне тастап кетсе, енді біреулері өз жасымен тағдыр бұйрығына көніп, келмеске аттанып жатыр. Дер кезінде қарт дейтін асыл қазынамызды бағалап, сый-құрмет көрсетіп, өнегелі ғұмырынан ғибрат алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Олар қашанда сый-құрметке лайық. Қарашаңырақ асыл қазынасын жоғалтса, қаңырап қалары анық. Сондықтан оларды жоғалтпауға тырысайықшы, бар кезінде қадіріне жете білейікші! Қарттарын қадірлеген ел ардақты демей ме?! Біздің оқу орнының ерікті жастары қазыналы қарттарымызды бағалап, барынша қолдауы мен көмегін көрсетіп келеді. Араға талай ғасырлар салып, бабалар даналығын бүгінгі ұрпаққа нақыш бояуын солғындатпай жеткізетін қарттарымыз аман болсыншы. Сол асылдарымыздың қадір-қасиетін бағалап, көкірегімізге сақтайықшы!

Жанна ХАЛЫҚОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Әлем тілдері» кафедрасының аға оқытушысы